11 Қыркүйек, 2017

Торғай өзені арнасынан табылған мамонт сүйегі

1279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музейінің бірінші қабатындағы архео­ло­гиялық бөлімде мамонттың азу сүйегі ілулі тұр екен. Астына «Зіл (мамонт) сүйегі, Торғай өзенінің арнасынан табыл­ған» деп жазылыпты.

Торғай өзені арнасынан табылған мамонт сүйегі

 Музей қыз­меткері Рая Қасенова мамонт сүйек­­терін 1974 жылы этнограф Сейіт Кенжеахметовтің тапсыр­ғанын айт­ты. Бұл туралы этнограф «Қазақ­стан музейлері» журналына қысқаша жаз­ған да екен. 

Торғай өзені бойынан мамонт­­тың сүйегінің табылғаны тура­лы хабарды ол 1968 жылы естиді. «Жан­кел­дин ауданындағы «Торғай» кеңшарына іссапар жасағанымда (қазіргі Шеген би ауылы) осындағы жігіттер Торғай өзені бойы­нан ұзын­ды­ғы бір метрдей жілік тауып алғанын айтып, әкеліп көр­сетті. Ма­монттың жілігі екені белгілі, бірақ оны ортасынан ұрып, сын­дырып тастап­ты» деп жазады жазушы.

Содан жерлестері­не, егер жілік табыл­ған жерден тағы да ма­монттың сүйегі табылса, дереу хабар­лауын тап­сырады. Жыл сайын өзі оны қадағалап жүреді, бірақ та­былмайды. 1970 жылы Тор­ғай об­лы­сының ашылуына байланысты Драма театры мен музейдің көркемдік кеңесінің мүшесі болып сайланған Сейіт Кенжеахметов мамонт сүйегі­нің соңына енді шындап түседі. Сүйек 1974 жылы табылды. Сол жылы Торғай тасымай, өзеннің суы үзіліп-үзіліп қалған еді. Іздегеніміз терең су астынан табылып, 40 метрге дейін шашылып кеткен сүйектерді батпақ астынан жинап алдық. Тұтас жатқан бас сүйекті қазып алу қиынға түссе де, машинаға салынды. Мамонт сүйек­терін Ғылым академиясының мама­ны Жылқыбаев зерттеп, жүйелеп берді. Бұл сирек табыс жөнінде жазушы Жай­саңбек Молдағалиев «Социалистік Қазақ­стан» газетіне жазған болатын» деп түйіндейді Сейіт Кенжеахметұлы. 

Біз Сейіт Кенжеахметовтің қызы Зәмзәгүлмен хабарластық. 

– Әкем суда тәп-тәуір жүзетін.Сүйек­­терді іздегенде суға бір­неше мәрте сүңгі­ген. Қасында өзінің ауыл­дағы жол­дас­тарының бірі Сүлеймен деген ірі денелі, бойы еңгезердей кісі болған, ол да сүңгіпті. Суы тасымаған жылдары да Торғайдың үзілмеген тұстары терең болады. «Сүлеймен аға нағашым­ды аяп, суға өзі сүңгіді», дейді бірге болған Оңдасын ағам. Олар өзеннің үзілген жерінің батпағынан, судың астынан табыл­ған сүйектің барлығын теріп алады. Тапқан сүйек­терін әуелі «Торғай» кеңшарына жет­кізеді, одан машина жалдап Арқалыққа апарып, музейге өткізген, – деп аяқ­тады әңгімесін Зәмзәгүл. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, 
Арқалық қаласы