Кеңесте инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық тетіктерді енгізу, саланың экономикалық өсімге қосатын үлесін арттыру міндетінің орындалу сапасы мен мерзіміне баса мән берілді. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында көлік пен қоймалау секторындағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгеге жеткен. Биылғы қаңтар-наурыз айларында сала өсімі 12,8 пайыз болды.
Автомобиль жолына қатысты ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Былтыр ел ішінде 353 млн тонна жүк автокөлік арқылы тасымалданған. «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» мен «Қарағанды – Алматы» бағыттарын қамтитын жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын төрт ірі жоба аяқталды. Қазір «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған» бағыттары мен Сарыағаш айналма жолын қамтитын транзиттік дәліздерді дамыту жалғасып отыр. Жалпы алғанда, жол жөндеу 13 мың шақырымды қамтыды.
Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекараларындағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға қатысты жобалар кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Өткен жылы екі нысанда жұмыстар аяқталды. Қазір 37 бекетте құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толық аяқтау 2027 жылға межеленген. Премьер-министр өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алып, барлық операциялық үдерістерді жеделдетуді тапсырды.
Теміржол көлігі транзиттік әлеуеттің негізгі тірегінің бірі саналады. Ұлттық компания мәліметінше, 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Жалпы, тасымал көлеміндегі транзиттің үлесі 10 пайыз болды. Биылғы алғашқы тоқсанда транзит 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін өсіп, 14 пайыздық өсім көрсеткен. Контейнерлік тасымал көлемі де 6 пайызға ұлғайды.
Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жүк жеткізу мерзімін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестердің цифрлық жүйелерімен ықпалдасу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір ұзындығы 3,9 мың шақырым болатын теміржол желілерінде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында «Мойынты – Қызылжар» мен «Бақты – Аягөз» жаңа желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген», «Шалқар – Бейнеу», «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту бар.
Үкімет басшысы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы барысында ресурс жеткіліксіз жұмылдырылғанын айтты. Нысандағы техника мен жұмыс күшінің тапшылығы жобаның қарқынына кері әсер етіп отырғаны айтылып, тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Мемлекетаралық түйісу бекеттерінің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу қажеттігі де назарға алынды. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, өткізу бекеттеріндегі рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. Премьер-министр құрылыс қарқынының баяулығын сынға алып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Теңіз инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша Ақтау мен Құрық порттарының әлеуетін тиімді пайдалану қажет екені айтылды. Биыл Ақтау портында 1,3 млн текше метр көлемінде су түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуге тиіс. Үкімет басшысы «Ақтау – Баку» бағытына арналған алты контейнер тасығыш кемені сатып алу рәсімдерінің созылып кеткеніне назар аударып, жаңа кемелерді іске қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Азаматтық авиация саласында да өсім бар. Былтыр 20,8 млн жолаушы тасымалданып, әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсетті. Жолаушылар ағынының басым бөлігі Астана мен Алматы әуежайларына тиесілі. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде төрт жаңа әуежай салу, екі ұшу-қону жолағын жаңарту мен бес қаладағы ин- фрақұрылымды жаңғырту көзделген. Биыл халықаралық бағыттар географиясы 30 ел бойынша 135 маршрутқа дейін кеңейеді.
Президент тапсырмасына сәйкес қабылданған шаралар нәтижесінде әуе компанияларына авиаотын бағасы төмендетілді. Қазір әуежайлардағы отынның бір тоннасы шамамен 800 долларды құрайды, бұл өңірлік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсті. Нәтижесінде, ел әуежайларына жаңа шетелдік әуе компаниялары келе бастады. Олардың қатарында Centrum Air, Shiraq Avia, Martinair, One Air, Atlas Air, MNG Airlines бар.
«KTZ Air Cargo» жүк әуе компаниясының маршруттық желісін кеңейту жоспары да талқыланды. Бұл бастама көлік жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Премьер-министр шағын авиацияға арналған әуе кемелерін сатып алу мәселесінде де олқылықтар бар екенін атап өтіп, қажетті қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырды.
Көлік саласын цифрландыру кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Қазір әлемнің 42 еліне жүк тасымалданады. Шетелдік рұқсат бланкілерінің саны 2022 жылмен салыстырғанда үш есе артқан. Рәсімдерді оңтайландыру мақсатында бланкілерді беру электрондық форматқа көшірілді. CarGoRuqsat жүйесі енгізіліп, Қытаймен шексіз алмасу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Шетелдік рұқсат құжаттарының 70 пайызы цифрландырылған. Биылғы наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен e-Permit қанатқақты жобасы іске қосылды, халықаралық жүк тасымалына арналған e-CMR жүйесі де тәжірибелік режімде енгізіле бастады. Бұл шешімдер рәсімдердің ашықтығын арттырып, уақыт пен әкімшілік шығындарды қысқартуға бағытталған.
Үкімет басшысы халықаралық серіктестермен бірлесіп рұқсат құжаттарын цифрлық форматқа көшіру жұмысын жалғастыруды тапсырды.
«Президент транзит әлеуетін елдің негізгі бәсекелік басымдығы ретінде үнемі айтып келеді. Дегенмен тапсырмаларды орындау барысында қарқын жеткіліксіз. Барлық бағыт бойынша жұмысты ширатып, нәтижеге қол жеткізу қажет. Бұл мәселені өзім тікелей бақылауда ұстаймын», деді О.Бектенов.