Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2017

Латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылды

11153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өтті. 

Латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылды

Парламенттік тыңдау барысында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынды.

"Жаңа жазбаны қабылдау бір белгіні екіншісіне ауыстыра салу емес. Бұл әліппенің алдыңғы нұсқаларында жіберілген шалалықтарды жою. Осыған байланысты, біздің көзқарасымыз бойынша, жаңа әліпбиді жасап, оны енгізуде орфографиялық жаңа ережелерді қабылдау қажет. Ұсынылып отырған нұсқада латын әліпбиінің төл белгілері ғана бар", - деді филолог. 


"Диакратиктер қазақ тіліндегі өзіне тән дыбыстарды сақтауға кепіл бола алмайды. Мәселен, смартфондар мен өзге де жазба құралдары бізге түрлі елден келеді, онда латынның 26 ғана әрпі бар. Диакритикалық белгілерді жаңа латын әліпбиіне енгізетін болса, оларды сирек қолданатындықтан, қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыстарынан айырылып қалуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде, әсіресе жастардың арасында "ә" әрпін "а"-ға, "қ" әрпін "к"-ға ауыстырып қолдану кең таралған, ал кейбірі тіпті "ғ", "ң", "ү", "ұ" сияқты әріптерді елемейтін болған", - дейді Ербол Тілешов.

Оның айтуынша әлемнің жетекші елдері қолданып жүрген әліпби Қазақстанға енгізілер болса, мақсатқа жету қиын болмақ. Сондықтан диграфтарды қолдану арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтап қалуға болады. Отырыста Ербол Тілешов қазақтың төл дыбыстарын латын әліпбиінде қолданылу барысын түсіндіріп өтті.

«Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Ал орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады» деді Ербол Тілешов.

Айта кетейік, диграф – екі әріппен таңбаланатын дыбыс.