Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

Уақытпен үндескен рухани үрдіс

723 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» пар­ламенттік тыңдау өтті. Маңызды мәселе талқыланған алқалы ке­ңеске Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Премьер-Министр­дің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдар, сарапшылар қауымы қатысып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссиясының ұсыныстары кеңінен талқыланды.

 

Уақытпен үндескен рухани үрдіс

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева же­тек­шілік еткен жиында Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігі, оның ішінде латын графикасына өту туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында нақты айтылғаны ескерілді. Ал жиынның ашылуында сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин ұлт­тық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тілі­нің жаңа әліпбиін жасаудан басталатындығына тоқталды.

«Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қа­зақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халық­аралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Сондай-ақ, палата спи­кері тіл және жаңа әліпби мәсе­ле­сінде қателікке жол беруге болмай­тын­дығын атап өтіп, «қазақ тілін жаң­ғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу», деп қаперге салды.

Ал өз құттықтау сөзінде Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ер­болат Досаев Президент Н.Назарбаевтың бағдар­ламалық ма­қаласында латын әліп­биін ен­гізудің мерзімі нақты бел­гіле­ген­дігіне тоқталды.

«Үкіметтің аталған мәселені орын­дауға қатысты нақты көзқа­расы бар. Латын әліпбиінің бірың­ғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ол жоспар барлық салаларды қамтиды. Себебі, тіл коммуникацияның әмбебап құ­ралы болып саналады» деп латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мо­бильді қосымшалар мен ақпа­рат­тық бағдарламаларды шығарудың ма­ңыздылығына мән берді.

Содан кейін негізгі баяндаманы Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек және Ш.Шаяхметов атын­дағы Тіл­дерді да­мытудың респуб­ли­ка­лық үй­лестіру-әдісте­мелік орта­лы­ғы­ның директоры Ербол Тілешов жасады.

Латын таңбасына көшу мәсе­лесіне қатысты шаруаларды тү­бегейлі жүргізу тізгіні тиген Мә­дениет және спорт министр­лігінің басшысы өз мәлімдемесінде бү­гінгі таңда аталған саладағы жұ­мыстар алты бағыт бойынша жүр­гізіліп жатқандығын айтты.

«Әліппемізді латын таңбасына көшіру жайы қоғам арасында қызу талқылануда. Біз бұл жұмыстың дайындығын алты жыл бұрын қолға алған болатынбыз. Елбасы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл мәселеге қа­тысты нақты тапсырмалар бе­ріл­ген. Осыған орай, бүгінгі күн­ге дейін тиісті ведомстволар мен ғылыми-сарапшылық инс­ти­тут­тар және халықаралық шең­бер­де­гі ұйымдар арасында жан-жақ­ты талқылауларға сеп болған ғы­лы­ми-практикалық конференция­лар ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде, осы саладағы ең білікті ғалымдарымызбен бірге жасап, назарларыңызға ұсынып отырған қазақ жазуының латын графика­сындағы бірыңғай стандартында тіліміздің ерек­шеліктері мен ел дамуының бо­лашақ алғы­шарттары түгел еске­рілді деуге толық негіз бар», деді А.Мұ­ха­ме­диұлы.

Содан кейін жұмыс тобының жетекшісі ретінде мінберге көте­рілген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының дирек­то­ры Ерден Қажыбек осы күнгі қол­данысымызда жүрген орыс тілінің негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп екендігін еске салды.

«Яғни, қазіргі әліпбидің біз­дің ерек­шеліктерімізге сәйкес кел­мейтіні бел­гілі. Сондықтан, бұл латын әліпбиіне көшу емес, шын­дығын айтқанда, латын әліп­биімізге қайта оралу болады», деді ол.

Оның пікірінше, әліпби ауыс­ты­рудың негізгі себебі – таза таби­ғи тілдік қажеттілікке тікелей байланысты туындаған. Бұдан сая­си астар іздеу орынсыз.

«Бұл тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жа­ны­мыздың жаңғыруы, маңызды ст­ра­­тегиялық бағдарлама. Бо­ла­­шағымыздың тізгінін өз қо­лы­мыз­ға алудың, Президент сөзімен айт­сақ, «болашаққа бағдар», «ру­хани жаңғырудың» өзегі жә­не Қа­зақстанның 30 дамыған ел­дің қа­тарында сап түзеуінің жар­қын ке­пілі.

Елбасы тапсырмасы­на сәй­кес, келелі мәселе қа­лың жұ­ртшылықтың белсене қаты­суы­мен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қа­ладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметшілер, ға­­лымдар мен зейнеткерлер, жас­т­ар мен сырттағы отандастар­ымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға ты­­рысуда, бәрі де баталарын бе­ріп, тілеуін тілеуде, хаттарын жазып, жобаларын жолдау­да. «Кеңесіп пішкен тон келте бол­­майды» дейді халқымыз. Біз ғы­­лыми ортада, зиялы қауым өкіл­­дері арасында көптеген бас­­­қо­сулар ұйымдастырдық. Ұлт­тық комиссияның жұмыс тобы­ның бастамасымен жиырмадан а­с­там ғылыми ұйымдастыру және ғы­лы­ми тәжірибелік іс-шаралар өтіп, ол жер­лерде екі жарым мыңға жуық зия­лы қауым өкілдері баяндама жа­сады», деді Е.Қажыбек.

Баяндамашының сөзінен байқасақ, қазақстандықтардың басым көпшілігі бұл үрдісті сана-сезімімен, жан-тәнімен қолдайды. Тіпті өздері шетте жүрсе де жүрекжарды пікір, лебізін білдіріп, тілеулестігін жеткізгендер қатары да аз емес көрінеді.

«Мәселен, белгілі отандасымыз профессор Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Ресейдегі отандасымыз түрколог Еркали Әзербаев сынды көптеген шетел ғалымдарынан, Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан ұсыныстар, жобалар, хаттар келіп жатыр. Мен бұл жерде латынға бізден бұрын көшкен түркі тектес мемлекеттер мен Еуропадағы елдердің тәжірибесі мұқият сарапталғанын айрықша атап өткім келеді. Бүгінде кемшіліктер анықталып, артықшылықтар тізілді. Кейбір тілдерде маңызды дыбыстар ескерілмей түсіп қалды, кейбір тілдерде ғылыми әдістеме жасау реформалары тоқырап қалды. Ал кейбіреулерінде науқаншылдық басым болды. Бізде мұның бәрі жан-жақты ескерілуде», деді Ерден Задаұлы.

Тыңдалым барысында қазақ тіліне икемделген жаңа латын әліпбиінің жобасын Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов таныстырды. Оның түсіндіруінше, жаңа нұсқаны жасау барысында ғылыми принциптер негізге алынып, түрлі сала мамандарының ұсыныстары ескерілген. Себебі, ғылыми практика мен теорияға негізделген әліпбидің ерек­шеліктері жіті көңіл аударуды талап еткен.

«Жаңа әліпбиге көшу бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыру емес. Онда бұрынғы қаріпте жіберілген емлеге қа­тысты қате жазуды дұрыстау және реттеу. Осы тұрғыдан алғанда жаңа жазу ережелері қабылдануы тиіс», деді Е.Тілешов.

Жаңа әліпбиде латынның төл таңбалары ғана негізге алынған. Сонымен қатар, бір дыбыс диграф жүйесі қолданылған. Е.Тілешовтің пікірінше, аталған әліпбиге ноқаттар қою оны латынша емес, ноқаттары бар таңбалар жиынтығы етеді. Сондай-ақ, жаңа нұсқа қазақ тіліне тән төл дыбыстарды сақтауға кепілдік береді. Латын әліпбиін таңдаудың тағы бір себебі – халықаралық кеңістікке ену, әлемдік технологияны игеру. Диграфтар, яғни бір дыбысты бірнеше әріппен беру арқылы сол тілдің төл табиғаты сақталатынын айтады орталық директоры.

«Жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылды. Латын графикасына негізделген 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф ұсындық. Қазақ тіліне тән «ә», «ү» секілді дыбыстар диграф түрінде беріледі», – деді Е.Тілешов.

Орталық директоры келтірген жаңа әліпби жобасына сәйкес, «ә» дыбысы «ae», «ө» дыбысы «oe», «ү» – «ue» диграфтарымен жазылады. Онымен қатар, қазақ тіліне тән басқа дыбыстар да латын әліпбиінде қосарланған таңбалармен бейнеленеді. Мысалы, «ғ» ұсынылған нұсқада «gh», «ч»– «ch», «ш» – «sh», «ж» – «zh», «ң» – «ng» болып жазылмақ.

Е.Тілешовтің айтуынша, мұндай жүйе әлемдік қолданыста кездесетін жағдай. Бұл туралы қазақ тілінің атасы саналатын Ахмет Байтұрсынов та өз еңбегінде жазып кеткені баршаға белгілі.

Тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов диграфтар арқылы жазу мен сөз көлемін көбейтпеу мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, диграфтармен жазылатын дыбыстардың қолданылуы қазақ тілінде сирек кездеседі.

«Диграфтардың қолдану жиілігіне назар аударсақ, оның аса маңызға ие емес екенін аңғаруға болады. Мысалы, түрлі стилдегі мәтіндерде аталған дыбыстардың кездесу жиілігінің орташа мөлшері 1,08 пайыз ғана», деген Е.Тілешов ана тілімізге тән дыбыстардың мәтінде кездесу жиілігін тарқатып берді.

Сондай-ақ баяндамашы ана тіліміздің дыбыстық жүйесінде кездеспейтін «ц», «в», «ф» әріптеріне қатысты да орталық ұстанымын білдірді. Оның пікірінше, бұл дыбыстар жаңа нұсқада назардан тыс қалмаған.

«Әліпбиге қатысты еңбектерді мұқият оқығанда, Алаш зиялыларының кірме дыбыстарды сақтап қалуды жақ­­­тағанын байқадық. Ахмет Бай­тұр­­сынұлы секілді зиялы­лар ана тілімізде орныққан сөздік қоры бол­са, ондай дыбысты сақтау қажет деп есеп­теді. Біз де осындай принципке келі­сіп отырмыз», деген Ербол Ердембекұлы бұл үш дыбыс кездесетін сөздер саны 10 мыңға жуықтайтынын алға тартты.

Баяндамалар аяқталған соң, жиын жетекшісінің жариялауымен жарыссөздер басталды. Мінберге алғаш болып көтерілген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов латын әліпбиіне көшу еліміз, жеріміз және рухымыз үшін аса маңызды тарихи мәні бар тағдыр шешті мәселе екенін атап көрсетті.

«Бұл мәселенің – қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің басы ашылған. Неге олай дейміз? Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Ал уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. Бұдан өткен аргументті келтіру қиын шығар. Демек, латынға көшу – прагматизм талабы. Ендігі бар түйін жаңа әліпбиге көшуді нақты қалай жүзеге асырамыз дегенге тіреліп тұр.

Алфавитін асығыс ауыстырған ағайын­дардың кейбірі айналасы ширек ғасырдың ішінде жаңаша жазуға бір емес, екі емес, үш рет өзгеріс енгізіп үлгергені белгілі. Біз ол істен сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан да бірыңғай стандартты бекітердің алдында жаңа әліпби жобасын тағы да қайта-қайта қарау, әбден иін қандыру керек екендігі түсінікті. Бұл жер – жеті рет өлшейтін жер емес, бұл жер – жетпіс жеті рет өлшейтін жер. Сондықтан да біз қазірше асатпай жатып құлдық демей тұрмыз. Бірақ бұл айтылғаннан жалпы қазақ жазуын латынға ауыстырудың қажеттілігіне, орындылығына тіпті де күмән тумақ емес», деді депутат.

Ал Сенат депутаты Дархан Қале­таев­тың пікірінше, латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани бол­мысы мен қоғамдық ой-сананы өзгер­тіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосады. Се­натор бұл қадамды жүзеге асыруға саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болғанын жеткізді. Ол жаңа әліпбиге көшу мәселесі тал­қылауды қажет етпейтін, ел үшін маңызды әрі өзекті жоба екеніне тоқталды. Оның айтуынша, ендігі мәселе латын қарпін қалай тиімді енгізу жөнінде болмақ.

«Бауырлас Түркия, Әзербайжан, Өз­бек­стан, Түрікменстан елдерінде латын қаріп­терімен жасалған төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек», деді Д.Қалетаев.

Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Сергей Сели­верстовтың пікірінше, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің керегесі кеңеюіне жағдай жасайды. Ол қазіргі ұсынылып отыр­ған жобаның әлемде кең тараған қаріп түріне негізделгенін келтіріп, латын графика­сы ақпараттық және технологиялық кеңістікте сұранысқа ие жаһандық әрі прагматикалық қатынас құралы екеніне тоқталды.

«Латын әліпбиі әлемдік ғылыми-тех­никалық сөз қорына тиімді бейімделуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, қазақ тілін үйренуге деген құмарлық артады деп есеп­теймін», деді ол.

Өз баяндамасында Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев латын әліпбиіне көшу үрдісінде қиындық тумайтынына сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл қадамның саясатқа қатысы жоқ, өйткені бұл – заман талабы.

«Әліпбиді өзгерту өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды. Латын графикасы жер жаһанға кең тараған. Соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін енеді. Сонымен бірге, түркі әлемін біріктіруге күш салады», деген Төлеубек Мұқашев латын графикасына көшу қазақ тілінің мәртебесін көтеретініне сенімін білдірді.

Сонымен қатар, сенатор латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тіліне тән әріптердің жойылып кетпеуі маңызды екеніне тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл қадам кириллица таңбаларын латынмен алмастырудан бөлек, жазу саласында да реформа жасауды қажет етеді. Т.Мұқашев ана тіліміздегі әр дыбыс дербес белгіленіп, өзіндік ерекшелігі ескерілуі тиіс екенін сөз етті. Ол жаңа әліпбиді компьютерге емес, керісінше компьютерді тілге икемдеу керек деп есептейді.

Ал келесі болып сөз алған Дархан Қыдырәлінің айтуынша, латын әліпбиі қазақ тілінің табиғатына ең жақын әліпби болып саналады. Сондықтан латын графикасына көшу әлем алдында ерекшелігімізді сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда еліміздің үш тілде үш түрлі таңбаланып жүрген «Қазақстан» деген атауынан бастап көптеген жер-су атауларын тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір ізге түсіруге мүмкіндік туады. Қосамжар орфографиядан құтыламыз.

Тыңдалым барысында баяндама жасаған Attila Group компаниясының өкілі Қуаныш Біләл көлемді туындылар мәтінін латын қарпіне айналдыру қиындық туғызбайтынын мәлімдеді. Ол конвертердің бір демде кириллицадан латыншаға, төте жазуға ауыстыратынын және қолдануға қолайлы екенін жеткізді. Мәселен, «Абай жолы» романын әрі кетсе 3 секунд ішінде латын графикасына ауыстыруға мүмкіндік бар екен.

Осылайша, отырыс аясындағы жа­рыс­сөзде он бір адам сөз алып, ортақ мәміле табылған жиын қорытындысы бойынша парламенттік тыңдаудың арнайы жобасы қабылданды. Әрине, бұл қабылданған соңғы шешім емес. Алдағы жұмыс аптасына дейін осы жобаға қатысты жазбаша жолданған қосымша ұсыныс, пікірлер енгізіліп, қатысушылар оны тағы да пысықтай түсетін болып тарасты.

Қатысушылар лебізі

Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Мәжіліс депутаты:

– Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізуге байланысты жобамен таныстық. Бұған қатысты мамандар мен ғалымдардың жақсы жұмыс істегендері көрініп тұр. Жобада көрсетілгендей, ол жиырма бес қаріптен және сегіз диграфтан тұрады. Жалпы, жоба көпшілік көңілінен шығады деген ойдамын.

Елбасымыз «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігі, оның ішінде латын графикасына өту жөнінде арнайы тоқталған еді. Президентіміз, сондай-ақ, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы жылдың соңына дейін графикадағы әліпбидің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал келесі жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау міндетін қойған болатын. Соған сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы құрылды.

Жаңа графикаға өту мәселесі мақұлданған жағдайда барлық білім беру мекемелерінде жаңа жазбаны енгізудің кестесі бекітіледі. Барлық іс-шаралар сол кесте бойынша жүргізіледі. Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмеуі тиіс. Жалпы, латын әліпбиінің енгізілуі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Еліміздің әлемдік қоғамдастықпен қатынасын нығайтуға барынша ықпал етеді.

Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты:

– Бүгінгі парламенттік тыңдауда менің көңілімнен шыққаны – латын графикасына негізделген әліпби жасақтау ісінде біз халықаралық шеңбердегі мол тәжірибелерге көбірек арқа сүйеп жатқанымыз болды. Бұл біздің дұрыс таңдауымызға септігін тигізетіні сөзсіз. Яғни, біз Түркия мен Өзбекстан, Әзербайжан, тіпті Еуропа елдерінің ертеректегі тарихын таразылау арқылы жақсы зерттеулер жүргізе алдық. Мәселен, Түркия латын таңбасына көшуді асығыстықпен жасауының салдарынан олардың әліпбиіндегі кейбір әсем де әуезді дыбыстары түпнұсқалық деңгейден ауытқыды немесе тіпті жойылып кетті десе де болады. Ал біз өткен тарихқа көз жүгірте отырып, өзіміздің табиғи ерекшеліктерімізді жоғалтып алмасақ деген мақсат қойып отырмыз.

Сол сияқты аталған бағытта жүйелі жұмыстарымыз арқылы грамматикалық ерекшеліктерімізді де сақтаймыз деген сенімдемін. Оған қоса, бүгінгідей ақпараттандыру технологиясы шапшаң дамыған заманда компьютер пернетақтасындағы таңбаларымыз да ықшамдалып, әлемнің өзге елдерімен өзара үндестігіміз де үйлесім табады.

Ендеше, Елбасымыздың мақаласында айтылған бағыт-бағдарларды басымдыққа ала отырып, әліпби ауыстыру кезеңдерін осылайша «ақырын жүріп, анық басу» арқылы жүзеге асырсақ, дамыған отыз мемлекеттің қатарына көп кешікпей қосылатынымызға сенемін.

Ел ықыласы ерекше

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері

Мемлекетіміз өз да­муының жолдарын стра­тегиялық түрде алдын ала айқындап, залал-зиянсыз алға өрлеп келеді. Бұл сөз жоқ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаткерлік, кемеңгер стратегтік қолтаңбасы екенін халқымыз да, әлем де көріп, көз жеткізіп, жоғары бағалап отыр.

Атап айтар болсақ, «Қазақ­стан-2050», «Нұрлы жол», «Мәң­гілік Ел» сынды темірқазықтай айқын стратегияларымыздың жалға­сын­дай әрі олардың әрбірінің өзегін­дей болып қабылданған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде бүкіл­ха­лықтық қолдау тауып, қоғамдық ой-пікірде стратегиялық дамуымызға деген халық сеніміне зор серпін беріп отырғанын айрықша атап айт­қым келеді.

Парламент Мәжілісінде өткі­зілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді таңдау – соның бір көрінісі ретінде рухани жаңғыру жолына деген ел ықыласын көрсетті. Ең ал­дымен Парламенттегі тыңдау қазақ тілін латын әліпбиіне көші­рудің дер кезінде қоғамға кең түсіндіру шарасы болуымен құнды деп есептеймін. Елбасымыз өне бойы ес­кертетіндей, бүкілелдік шара­лар әрқашан алдын ала халыққа түсіндірілуі, талқы-пікірлері үшін ұсынылуы тиіс. Сонда ғана олар бүкіл­халықтық өзектілік сипатына ие болмақ. Міне, бүгінгі тіл реформасы туралы Мәжі­лістің отырысы осының бір айғағы. Осы орайда, Мәжілісте қазақ тілін латын әліпбиіне көші­рудің тарихи негізділігі, заманауи өзектілігі, қоғамдық дамудағы іс­ке асырылуының шегерілмеу се­беп­тері, жаңа әліпбидің байқау нұсқасы, оған деген баға-пікірлер – қысқасы, бәрі-бәрі айдай анық, титтей де күдік қалмастай нанымды айтылып, халыққа ұсынылды. Міне, мен осы жағдайға ерекше риза болдым, ел де солай ризалықпен қабылдады деп білемін.

Осы айтылған негіздер менің де қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы мемлекет саясатын қолдайтынымды еш алаңсыз айтқым келеді. Ендігі біздің міндет осынау ел дамуы үшін ұсынылып жатқан ұлы идеяларды дұрыс объективті түсініп қана қоймай, олардың іске асуында белсене ат салысуымыз керек деп ойлаймын.

Латын әліпбиіне көшу арқылы өзге елдерде өмір сүріп жатқан 5 миллиондай қандастарымызды да қазақ халқының біртұтастығына ынталандырып, қазақ ұлтының жер бетінде сақталып қалуына жағдай туғызған болар едік. Ұлтым деген ер осылай ойласа керек. Ал латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік білім, ғылым, ақпарат, технология т.б. кеңістіктерге интеграциялануы-
мызды қамтамасыз ете отырып, өзіміздің еліміздің дамуына барлық жағынан оң ықпал жасайтынын айта түсу артық емес.

Қорыта айтсам, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мемлекет саясатын қауым болып, халық болып қолдап, жүзеге асуында белсенділік танытатынына және олардың белсенді пікірлерінің әлі де болса ашық қабылданатыны даусыз.

Өздеріңізге белгілі үш айға созылып, елімізде табысты өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Қазақстан Республикасының страте­гиялық жолмен даму сипатын тағы да айқын көрсетті. Бүкіл әлемнің инновациялық технологиялық жетістіктерінің орталығына айналған Астана әлемге еліміздің мерейіне деген сенімін нығайта түсті. Міне, сол сияқты латын әліпбиіне мемлекеттік тілдің көшу реформасы да, сөз жоқ, жемісті және жеңісті болады деп сенемін.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»