Бұрынғы саясаттың салқыны – әлі де баю мен дәулетті болуға адал жолмен ұмтылу ұғымын шатастырамыз. Бұл міндетті түрде әлеуметтік сананың алға жылжуына кедергісін келтіреді.
Айтқандай, бірде нағыз нартәуекелмен туризмге, жылжымайтын мүлікке қатысты бизнестің барлық қиыншылықтарынан өтіп, тұрмыстарын түзеген заңгер жолдастарымыздың үйіне барсақ, көңіл күйлері жоқ. Әңгімені досымыздың әйелі бастады. Үлкен үй салып жатқан. Талғаммен тұрғызылып жатқан шаңырақтары шынында да кісі қызығатындай еді. Ауылдан ағайындары қыдырып келіпті. Үйдің іші құрылыстың шаңынан әлі құтылмағандықтан күтушілеріне алдымен даладағы сәкіге дастарқан жайғызады. Дастарқан жасап жүрген қыз қонақтардың әңгімесін құлағы шалады ғой.
– Адал ақшаға мұндай үй салу мүмкін емес, – деп мұрындарын шүйіріп отырған туысқандардың сөзі үй иелерінің де құлағына жетеді. Мұнан кейін қазанға салынған етті залда береміз деп отырған олар қонақжайлық ниеттен кілт айнып, келген адамдарды даладан күтіп жіберіп, осыған налып отыр екен.
Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын ағайынға бұл сөзді айтқызып отырған да сол баяғы теріс түсінік. Өкініштісі де осы, біздің қоғамда адал жолмен баюға болады дегенге сенімнің аздығы... Достарымыздың осы бақуатты күнге жетуі үшін бірде аш, бірде тоқ болғанын, банктен көп несие алып, оны қайтару үшін жылдар бойы жұмыс істегенін, тағысын-тағыларды тізе берудің өзі артық. Ойластырылған ақылмен дәулетке ие болды. Ешкімнің наласына қалмай-ақ, ақысын жемей қатарға қосылды. Одан бері де біраз жыл өтті. Сол зәулім үй сатылып, енді олар ешкімге салық салмай-ақ, қарыз алмай-ақ балаларын әлемнің ең таңдаулы университеттерінде оқытып, басқа да армандарын жүзеге асырып отыр.
Дәулет не үшін керек? Осы үшін емес пе?! Барлық адам материалдық игілікке ұмтылады, онсыз өмірдің мәні де жоқ. Алайда тек баю үшін ғана баю – Сизифтің еңбегі сияқты қызықсыз, еш кеткен болар еді.
Дәулетқұрушылық деген сөздің өзі біздің дүниетанымға негізделіп алынған капитализм дегеннің қазақша тәржімасы ғана. Бір кәсіпті дөңгелетіп, жекеменшік иесі ретінде жылжымайтын мүліктер иесі болып, оны экономикалық айналымға енгізу баяғының лордтары мен графтарындай әлеуметтік мәртебені ұстап тұру үшін де керек.
Дегенмен, саналы адам құр баюдың еш мағынасы жоқ, күйбең тірлік екенін түйсіне алады. Дәулетқұрушылық дүниетанымының философиялық мәні осыған келіп тіреледі. Белгілі бір биік идеялар үшін баю ғана түбінде сол іске мағына береді, жаңа сапаға алып шығады.
Мәселен, М.Вебердің «Протестантская этика и дух капитализма» деген 1905 жылғы еңбегінде ортағасырлық діни сенімі күшті адамдар құдай алдында күнәсі кешіріледі-міс деген идеяға сеніп неғұрлым адал еңбекпен бай болуға ұмтылды. Нәтижесінде адал еңбек сапалы өнімнің өндірілуіне апарып, сапаға негізделген бәсеке институтын қалыптастырды. Сондықтан, осы күні де, секуляризацияның қайнауынан бір өткен неміс халқы, діни сана кетсе де, әдет қалмай, сапалы өнімді өндіріп келеді. Қай ұлт «Мерседесті» немістер сияқты жасай алады?
Қазақта: «Бай болайын десе құдайы қаламайды, батыр болайын десе жүрегі дауаламайды» деген сөз бар. Бұл бір жағынан біздің болмысымыз бен түсінігімізде байлықты құдайдың бергені, жарылқағаны, оның міндетті түрде Құдай ісінен алшақтамай жаратылуы талап етіледі. Осындай мәдени һәм жазылмаған императив дәулетті адамдарға мешіт салдыртып отыр.
Ал Батыста бай адам қоғам алдында өзін міндетті, айыпты сезінбейді. Бізде екінші бір ықпалды тамыр-таныс, туысқанның есебінсіз баю мүмкін емес деген таптаурындықтың өзі де бекер қалыптасқан жоқ...
Бірақ замана әбден өзгерді. Бұл мәселеде атажұртқа оралып жатқан қандастарымыздың көзқарасы да, тірлігі де көш ілгері. Көпшілігі ешкімге жалтақтамай, алақан жаймай, қолынан келетін кәсіпті жүргізіп отыр.
Не десек те, дәулетқұрушылық мінездің түбі нәтижелі еңбек ету мәдениетіне алып келеді. Ұл-қызды есі кіргеннен бастап осыған дағдыландыру түбінде өз дәнін береді.
Әйтпесе жұрттың жалған қошеметі үшін қайырсыз баю немесе бай болып көрінуге ұмтылу кімді ұшпаққа шығарыпты?!.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»