Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

Олег Смоляков: «Біздің мақсатымыз – банк жүйесін қалыпқа келтіру»

16 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы қабылдаған Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы банк жүйесінің жинақталған проблемаларын түпкілікті шешуге, кредиттік портфельді қалыпқа келтіруге, кредиттеуді жандандыруға, қаржы институттарында тәуекел-менеджментті жетілдіруге арналған. Бұл туралы біздің басылымға берген сұхбатында Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Олег СМОЛЯКОВ айтып берді.  

Олег Смоляков: «Біздің мақсатымыз – банк жүйесін қалыпқа келтіру»

– Олег Александрович, бұл бағдарламаны қабылдау қажет­тілігі неден туындады?

– Банк жүйесінің көптеген проблемалары өткен жылдары орын алған. Оларды шешуге қанша тырысқанмен, бұл жағдайды түбегейлі өзгерткен жоқ. Өткен жылы біз банктерге қатысты қадағалау қызметінің кейбір тәсілдерін өзгерте бастадық. Мем­лекет басшысының банк секторын қалыпқа келтіру бөлігінде тапсырмалары болды, алайда кредиттеуді жандандыруға қатысты тапсырмаларды орындау үшін біз біртіндеп бұрынғы проблемаларды шешудің нәти­жесінде ақырғы шешім қабыл­даудың өте маңызды екендігін түсіндік. Іс жүзінде проблема­лар­ды жасыруды тоқтату қажет бол­ды. Сонымен бірге жаңа кре­дит­теуді ынталандыру несие портфелі сапасының жай-күйін және оны тиісінше про­ви­зия­лауды түсінбейінше мүм­кін емес. Өз кезегінде, әлеует­ті тәуе­келдерге қатысты резерв­тер­ді қосымша құру үшін банктерге капитал қажет. Осылайша, бұл жағдай қаржылық орнық­ты­­лық бағдарламасын әзірлеу үшін бастапқы себеп болды. Біз үшін проблемалардың ма­ңыз­ды­лығын ескере отырып, бағ­дар­л­а­мада жүйе құраушы банк – Каз­коммерцбанкпен, ірі банк­тер тобымен байланыс­ты блоктар сондай-ақ, реттеуші-қадаға­лау­шы блок бөлінді. Бағдар­ла­­ма­ның соңғы блогы қада­ғалау­­шы-реттеуші құралдардың көме­гімен ескі проблемаларды ше­шу үшін жағдайлар жасауға және жаңа кредиттеуді арттыру мүм­кін­дігін қамтамасыз етуге арналған.

– Банк секторының негізгі проблемаларының бірі жұмыс істемейтін қарыздардың ауқым­ды мәселесі болып табылады, олардың бір бөлігі қайта құрылымдалған кредиттер санатында. Бұл жағдай оларды есептілікте проблемалы санатына жатқызбауға мүмкіндік береді. Осы рас па?

– Қарыздарды қайта құры­лым­дау әрдайым проблемаларды жасыру үшін жасалады деп айтуға болмайды. Кейбір қайта құрылымдау шын мәнінде қарыз алушының жағдайын жақсартуға және болашақта қарызды жұ­мыс істейтіндердің санатына ауыс­­тыруға көмектеседі. Алай­да, қайта құрылымдалған себеп­ті ресми түрде мерзімі өтпе­ген кре­диттер шын мәнінде пробле­малы берешек болып табыл­ма­ған­­дықтан банкке ақша ағы­нын әкелмейді. Бұл жағдай есеп­телген және іс жүзінде алын­ған пайыздық кіріс­тер­ді салыс­тырған кезде ай­қын бай­­қа­лады. Яғни, мысалы, қа­рыз бойынша пайыздар есеп­те­леді, бірақ кредит қайта құры­лым­данғандықтан алынбады. Осылайша, бізде нақты ақ­ша ағы­нынсыз «бухгалтерлік пай­да» болады. Сондықтан біз банк­тер­дің балансы барлық әлеует­ті тәуекелдерді, оның ішін­­­­де осы қарыздарға байланыс­ты тәуе­­кел­дерді көрсету және портфельдің қажетті көлемде прови­зиялану міндетін алды­мызға қойдық.

– Банктердің жиынтық порт­феліндегі жұмыс істемей­тін кредиттердің ресми статистикасы қандай және олардың қандай үлесі қалтарыста қалуы мүмкін?

– 90 күннен астам мерзімі өт­кен кредиттер ретінде айқын­да­латын жұмыс істемейтін қарыз­дар туралы айтатын болсақ, олар­дың жиынтық портфельдегі үлесі шамамен 11% болды. Біз қайта құрылымданған қарыз­дар­дың көлемі 15%-ға жуық бола­тынын білеміз. Осыған дейін атап өткенімдей, барлық қай­та құрылымданған қарыздар проб­лемалы болмайды, алайда олардың сапасы да белгісіз. Сон­дық­тан біз провизиялау бөлігінде барынша қатаң тәсілді іске асыру туралы шешім қабылдадық.

– Резервтерді қалыптас­тыруға қойылатын барынша қатаң тәсілге өткенге дейін Ұлт­тық Банктің банк­тер ак­тив­терінің сапасына ке­шен­ді бағалау жүргізуді жоспар­лағаны белгілі. Бұл жұмыс қандай сатыда?

– Алдымен түсіндіре кетейін: бү­гінгі күні біздің банктер халық­­ара­­лық қаржылық есептілік стан­дарт­тарының (ХҚЕС) қағи­дат­тары бойынша жұмыс істеу­де, олар қарыздардың сапасын ай­қын­дайтын факторларды тү­сін­дір­ген кезде субъективті факторларды қолдану үшін жет­кілікті еркіндік береді. Әрбір банк бұл тәсілді қолдануда дер­бес жұмыс істейді және соның салдарынан бізде провизия­ларды қалыптастыру бөлі­гінде көп нұсқалар бар. Сон­дық­тан банк­тердің несие портфель­дері­нің сапасына кешенді бағалау жүргізген кезде бірінші кезекте әмбебап әдіснаманы әзірлеу қажет. Бағалауды тікелей жүр­гізу­ге келетін болсақ, АҚШ пен Еуро­пада екі тәсіл қолданылады. Кей­бір елдерде орталық банктер бұл бағалауды дербес жүргізеді, кейде бұл жұмысты жүргізу үшін тәуелсіз аудитор-консультант жалға алынады. Бұл не үшін қажет? Бұл жағдай портфельдің жай-күйін іс жүзінде бағалауды көрсетеді. Бұл бағалауды түсіне отырып, біз әрбір банкке олардың портфельдерінің жай-күйіне орай кейбір әлеуетті тәуекелдерге қатыс­ты резервтердің немесе капи­талдың қосымша қорын құру қажет екендігін айтуымыз керек. Бұл тәуекелдер әлі де әлсіз шы­ғар, бірақ олар болашақта іске асы­рылуы мүмкін. Батыста да, Еуро­паның барлық елдерінде де осылайша жұмыс істейді.

Біз осы практиканы зерделеп, Еуро­па тәсіліне қатаң сәйкес­тік­те жұмыс істегіміз келді. Алай­да, біз қолданыстағы заңна­маға сәйкес өзіміздің мандаты­мызды баға­лаған кезде тек инс­пек­торлық тексеруге ғана құқы­лы екендігімізді анықтадық. Заң­на­маға сәйкес біз банктерден реттеуші шегерімдерді жүзеге асыруды, реттеуші провизиялар құруды талап ете алмаймыз. Мандатқа сәйкес біз банктен капиталдандыруды ұлғайтуды және т.б. талап ете алмаймыз. Со­ны­мен бірге, ақпаратты ашу мәсе­лесі туындайды. Батыста бар­лық тәуелсіз бағалау нәтиже­лері жария болып табылады, себебі, бұл инвесторлардың құқық­тарын қорғау мәселесі. Осындай негізгі элементсіз біздің жаппай күйреуіміз ықтимал еді. Өз кезегінде банктер де тәуелсіз бағалау жүргізудің классикалық нысанына қатысты күмәнді ойда болды. Сондықтан біз тәсілді шамалы өзгерттік: әмбебап әдіснама болу үшін біз активтердің сапасын тәуелсіз бағалау шеңберінде пайдаланылатын қағидатқа орай капиталды түзету қағидаларын әзірледік. Басқаша айтқанда, біз әдіснаманы өзіміздің болмысы­мызға, мүмкіндігімізге және нарық­тың ерекшеліктеріне орай бейім­дедік. Бұл ретте біз оны кей­бір біржолғы зерттеу бөлігі ретінде алмай, оны іс жүзін­де қадағалау практикасына қос­тық. Яғни, бұл ХҚЕС бойынша провизияларға қатысты ғана емес, сол сияқты біздің реттеуші тәсілімізге қарай да капиталдың жеткіліктілігін бағалауға банк­терге тікелей талап болады. Рет­теуші провизиялар Әділет ми­нистрлігінде тіркеліп, күші­не енгеннен кейін ғана біз инспек­тор­лық қызмет шеңберінде банк­тердің осы әдіснаманы қан­ша­лықты қолданатынына орай тұ­рақ­ты түрде бағалауды жүргі­зе ба­с­таймыз. Өз кезегінде бағ­дар­ламаның қаржылық бөлігі­нің шеңберінде біз банктің акцио­нер­­леріне олардың банкті капи­тал­­дан­дыруға қатысу талабымен қар­жылық ресурстарды ұсынамыз.

Бағдар­ламаны іске асыруға біз жүйе құраушы қаржы институты – Казкоммерцбанкке арналған блоктан бастадық. Мәмілені жүргізудің негізгі талаптарының бірі оның қаржылық жай-күйіне тәуелсіз аудит жүргізу болды. Бұл тәуелсіз аудит біздің тарапымыздан бір сәтте және сол кезде әлеуетті сатып алушы – Халық банкінің тарапынан да кейбір шоғырландырылған нәтижелерге шығу үшін жүргізілді. Бұл – ак­тив­тердің сапасын кешенді баға­лау үлгісі. Яғни, біз жүйе құрау­шы қаржы институттарынан бастадық және инспекторлық тексерулердің шеңберінде біртін­деп осы қағидатты басқа банктерге қатысты іске асырамыз.

– Сіздің ойыңызша, Казком­мерцбанкке қолдау көрсетпеу туралы шешім қабылданса, салдары қалай болар еді?

– Егер басқа мемлекеттердің үлгісін алсақ, ешбір елде жүйе құраушы қаржы институты абсолюттік банкроттыққа жатпайды. Бізде түрлі квазимемлекет­тік компаниялардың және БЖЗҚ-ның қаражаты болып табыла­тын жеке тұлғалардың бір трил­лион теңгеден астам, бір жарым триллионға жуық депозит­тері, бейрезиденттер және басқа да заңды тұлғалардың алдын­дағы 400 млрд теңгеге жуық мін­дет­­темелері бар банк болға­нын назарға алу қажет. Казком­мерц­банктің жиынтық активтері шамамен 4 трлн теңге болды.

Бірнеше опция болды: бірінші нұсқасы – банкроттық. Алайда, бұл іс жүзінде Казкоммерцбанк­тің экономика алдындағы барлық міндеттемелерін жоғалтуын білдірді. Бүкіл экономика, тек бір банк секторы ғана емес, квази­мемлекеттік компаниялар, жеке және заңды тұлғалар да зардап шегуші еді. Екінші опция – уақытша басқару, алайда, бұл да салымшылардың кетуі, бірнеше триллион теңге мөлшерінде өтім­ділікпен қолдау. Біздің заңна­ма­мызда көзделмеген, бірақ әлемд­ік практикада қолданы­ла­тын үшінші опция бар. Бұл банк­те капитал жеткіліксіз бол­ған кезде банк кредиторларын қайта құрылымдауды жүргізуге, оларды акционерлер етуге мәжбүрлеу. Бұл опция bail-in деп аталады. Алайда, біздің заңнамада мәжбүрлеп bail-in көзделмеген. Бұл да шығынның бүкіл экономикаға таралуын білдірді. Ұлттандыру опциясы да болды. Алайда, ол нұсқа мем­лекеттің капиталға ақша салу­ға тиіс екендігін ғана емес, сол сияқты банкті өтімділікпен қолдауды да білдірді, сондай-ақ, бүкіл ковенанттар қосылар еді. Көптеген шарттарда, оның ішінде бейрезиденттермен жасалған шарттарда ковенанттар, яғни мерзімінен бұрын өтеу құқығы орын алатын талаптар бар. Банкті ұлттық меншікке алу – осындай талаптардың бірі. Яғни, іс жүзінде банкке қолдау көр­сету көлемі капиталға қолдау көрсетумен шектелмей, сыртқы және ішкі міндеттемелерді мерзі­м­інен бұрын өтеу үшін айтар­лықтай салым салуды талап етеді. Сондықтан бүкіл опциялардың ішінде банкті «нашар» және «жақсы» банк деп бөлу жалғыз балама болды. Мұндай тәсіл әлемде қолданылады – банктің балансы екіге бөлінеді, нашарын мемлекет алады, ал банктің жақсы бөлігі жаңа инвесторға беріледі. Казкоммерцбанк портфелінің проблемалы бөлігі айтарлықтай көлемде БТА Банкпен байланыс­ты болды, ал белгілі бір бөлігі Казкоммерцбанктің меншікті проблемалық портфелі болды. 2015 жылы Казкоммерцбанк­тің проблемалы активтерінің бір бөлігі БТА Банкке берілгені есте болар. Алайда, Казкоммерцбанкте БТА Банк берген кредит болды. Тиісінше, осы проблемалы активпен кез келген жұмыс бұл қары­здың Казкоммерцбанкке қай­тарылуында көрініс тапты. Алайда, ақша ағындары жет­кіліксіз болғандықтан, тиісінше, бұл кредит іс жүзінде проблемалы кредит болды. Сондықтан Проблемалы кредиттер қоры арқылы оны сатып алу арқылы БТА Банкпен байланысты проблемалы портфельдің бөлігін «алып тастау» туралы шешім қабылданды. Содан соң нақты жағдайды көрсететін, инвесторларды да, кредиттік рейтингтік агенттіктер мен аудиторларды да қанағаттандыратын аудит жүр­гізу, сосын оны қажетті кө­лем­де провизиялау туралы шешім қабылданды. Бұл да жасал­ды. Бірақ провизиялар үлкен сома­ға жүргізілгені соншалықты, акционерлердің меншікті капиталы осындай көлемдегі резерв­терді өтеуге жетпеген болар еді. Сондықтан да бұрынғы ак­цио­нер­лердің капиталы нөлге те­ңес­тірілді. Іс жүзінде мұндай операциядан Казкоммерцбанктің сол кездегі акционерлері зиян шекті. Бұл да қалыпты практика: жақсы және нашар банк бөлінген кезде, ең алдымен, зиян шегетін – бұрынғы акционерлер. Содан соң банкті іс жүзінде бір теңгеге сатып алған, бірақ капиталдандыруды банктің қажетті деңгейде жұмыс істеуі үшін қамтамасыз ететін инвестор тартылды. Осы­лайша, жақсы және нашар банк­ке бөлудің классикалық үлгісі іске асырылып, жаңа инвестор іздестірілді. Біздің банкті мәж­бүрлеп бөлмегеніміз, сыртқы бас­қару арқылы мемлекеттің қатыс­пауы жалғыз ерекшелік болды. Банктің мөлшері, ұлттық банк етуден туындайтын тәуекелдер, ковенанттардың бар екендігі ескеріле отырып, айтарлықтай нарықтық схема таңдап алынды.

– Басқа ірі банктер үшін қар­жы­лық орнықтылықты арт­тыру бағдарламасының негіз­гі қағи­даттары қандай болды?

– Барлық қалған ірі банктерге ұсынғанымыз – капиталға қолдау көрсету, бірақ ол міндетті емес, мұндай талап егер акционер­лер банктің кірістілігін қамта­масыз етуге, қажет болған кез­де банкті үстеме капитал­дан­дыруға, сондай-ақ, проблемалы қарыздармен жұмыс істеуге қабілетті болған жағдайда қойыл­ды. Өзім айтып кеткендей, біз қол­данған капиталға қатысты рет­теуші шегерім бес жылдан соң капитал жеткіліктілігінің өлшеміне қатты ықпал ететін болады. Осы бес жыл ішінде ак­ционер кірістілікті, қосымша ақ­ша қаражатын қамтамасыз ету­ге, сондай-ақ, активтерді провизия­лай­тындай, не кепілдердің сапасын жақсартатындай, не тәуе­келді қарыздарды өтейтіндей болуын қамтамасыз етуге тиіс. Сон­дық­тан да бірінші қағидат – ак­цио­нерлердің балансты жақ­сарту жөніндегі шаралар кеше­нін қабылдау міндеттемесі, екін­ші қағидат – акционерлердің үстеме капиталдандыруға бір­лесіп қатысуы. Бағдарламаға сәй­кес үстеме капиталдандыру сомасының үштен екісін Ұлттық Банк, үштен бірін акционер қам­тамасыз етеді. Ал үшінші қағи­дат бойынша қаражатты Ұлт­­тық Банк қайтарымдылық негі­зін­де береді. Бізге банктердің негіз­гі капиталдарына кіру мүм­кін­­дігін қарастыру бірнеше рет ұсы­нылды. Біз банктер капиталының бұл бөлігіне кір­мейміз деп шештік, себебі банктер болашақта провизиялар құра­тын болса, онда олар оны ағым­дағы пайда есебінен құрады. Ал егер мұндай пайда жеткіліксіз болса, провизиялар сол кездегі акционерлердің зияны есебінен құрылуға тиіс. Осылайша, егер біз банк акционерлерінің арасында болсақ, мемлекет ретінде біз де бағдарламаға қатысқанымыз үшін зиян шегуіміз керек. Одан басқа, бір жағынан қадағалай отырып және банктердің қандай да бір іс-қимылдарды орындауын талап ете отырып, екінші жағынан акционер ретінде белгілі бір жеңілдіктердің болуы­на мүдделі бола отырып, мүдделер қақтығысы туындаған болар еді.

Сондықтан да біз капиталға қатысты қолдау көрсетеміз, бірақ ол базалық капитал есебінен емес, пруденциялық нормативтерде есепке алынатын, бірақ зиян­ды өтеудің бірінші қаржы көзі болып табылмайтын қосымша капитал есебінен қолдау көрсетеміз дедік. Бағдарламаға қатысатын банктерге 15 жыл мерзімге қарыз беріледі, осы кезеңде ол нарық­тық мөлшерлемеден төмен мөл­­шерлеме бойынша аморти­зация­ланатын болады, ал ол қосымша талқыланатын мәселе.

– Дегенмен, бағдарлама банк­тердің қаржылық жағ­дайы нашарлаған кезде олар­дың акцияларына реттелген борыш­ты конвертациялау мүмкін­дігін көздейді емес пе?

– Мемлекет қаражатын алуға үміттенетін әрбір банк қаржылық орнықтылығын арттыруға бағыт­талған іс-қимылдар жоспарын ұсынуға тиіс. Әңгіме әлеуетті тәуекелдерді барынша азайту жайында болып отыр, себебі қазір банктер жалпы алғанда тұрақты, бірақ біз ықтимал тәуекелдер мәселесін жауып тастағымыз келеді. Егер бұл жоспар орындалмаса немесе оны орындау банктің қаржылық өлшемдерін жақсартуға әкелмесе, онда мұн­дай жағдайда пруденциялық нормативті бұзу сол кездегі ак­цио­нерлердің үлесін алып, іс жүзінде банкті басқаруымызға мүмкіндік беретін ковенантты жүзеге асыру үшін негіз болады. Бірақ мұндай сценарийдің жүзеге асырылуы екіталай. Әрине, өмірдің өз сыйы болуы мүмкін, бірақ банкті дамытудың нақты моделінің болуы осындай реттелген қарызды беру та­лаптарының бірі болып табылады. Яғни, біз осы қадағалау жос­парында жазылған барлық іс-қимылдар іске асырылатындай деп санасақ қана реттелген борыш берілуі мүмкін. Сондықтан да біз жай капиталға конвертация­лау ықти­малдығы бұл жағдайда өте аз деп санаймыз.

– Қазіргі кезде осындай іс-қимылдар жоспарларын, сомаларды, мерзімдерін және т.б. келісу бойынша әлеуетті қатысу­шы банктермен келіс­сөз­дер жүргізу процесі жүріп жатыр емес пе?

– Капиталы 45 миллиард теңгеден асатын барлық банктерге біз тиісті өтінімдерді жібердік. Банктер бағдарламаға қатысуға келісімдерін берген бойда біз олардың әрқайсысынан банктің ағымдағы өлшемдері де, акционерлер тарапынан қосымша қатысу мүмкіндігі, активтер сапасын жақсарту жөніндегі іс-қимылдар, менеджмент құры­лымы және тағы басқалары жа­зыл­ған банкті дамыту моделін талап етеміз. Мұның барлығы бас­қармада қаралады және егер бас­қарма жалпы алғанда бұл жос­парды қолдаса, реттелген қарыз беріледі. Қыркүйектің соңына қарай банктерді дамыту модельдеріне қатысты өтінімдер пысықталып, осы айдың соңында және келесі айдың басында біз оларды басқарманың қарауына енгізуге дайын боламыз деп ойлай­мын. Сондықтан да қыр­күйектің соңы – қазан айлары біздің әрбір өтінімді қарап, бағалап, банктің бағдарламаға қатысатыны, не қатыспайтыны туралы шешім қабылдайтын өте маңызды кезең болады.

Сонымен қатар біз еншілес ұйымымыз – Қазақстанның қар­жылық орнықтылық қорын құрудамыз. Заң бойынша Ұлттық Банк өтімділікке қолдау көрсету үшін ғана бір жылға дейінгі мер­зіммен қарыздар бере алады. Бағдарлама шеңберінде қарыз­дардың ұзақ мерзімді болуына байланысты, еншілес құры­лым­ды құру қажеттілігі туындады.

– Бұған дейін өлшем­шарт­тарға қарай бағдарламаға әлеуетті түрде 15 банк қатыса­ды деп хабарланған болатын. Бірақ олардың барлығы қатысуға ниет білдіре ме екен?

– Бағдарламаға қатысу ерік­ті болып табылады. Ұлттық Банк Басқармасының қандай да бір банктің бағдарламаға қа­тысу-қатыспауына қатысты шешім қабылдауы бұл нарыққа банк­ті дамыту моделінің шына­йы екендігін, берілген өлшем­дерді іске асыруға қабілетті екендігін білдіреді. Банктер бағдарламаға қатыспаса да болады. Олар бағдарламада көз­делген шектеулерді өздеріне қабылдағысы келмеуі де мүмкін. Оның үстіне олар өз ресурстарына өздері иелік етуі немесе олардың бизнес-модельдері басқа опцияларды – бірігуді, сіңіруді, жаңа инвесторлар тартуды, жаңа инвесторларға сатуды және т.б көздеуі мүмкін. Банктің бағдарламаға қатысу-қатыспауына қарамастан, оның капиталының әлеуетті тәуе­келдерді өтеу үшін жеткілікті болуы туралы талап бүкіл банк жүйесі үшін әмбебап талап болып табылады.

– Бүгінгі күні Ұлттық Банк­тің өз еншілес құрылымы арқылы бағдарламаға қаты­су­шыларға қандай сома бөлетін­дігі жайында айту әлі ерте ме? Бұған дейін 500 млрд теңге деген соманы естіген едік.

– Бұл сома – бізге арналған қандай да бір бағдар, себебі біз бағдарламаның кейбір базалық өлшемдерін айқындау үшін ішкі бағалауды жүргіздік. Өтінімдерді алып, олар басқармада қарал­ғаннан кейін цифрдың нақты болатыны белгілі және оны біз жария етеміз.

– Бағдарлама қорытындысы бойынша қандай нәтижеге қол жеткіземіз деп күтесіздер?

– Біздің пікірімізше, бірнеше нәтижеге қол жеткіземіз. Рейтинг­тік агенттіктер үнемі көтеретін негізгі проблемалардың бірі – бұл жұмыс істемейтін портфельдің нақты мөлшерінің статистика көрсететін мөлшерден жоғары болуы. Тиісінше, бұл банктердің өтімділігіне, кірістілігіне және жаңа кредиттеуге де қысым жасайды. Сондықтан да біз, бірін­шіден, әлеуетті тұрғыдан тәуекелі бар портфель көп көлемде провизияланып, банктердің провизиялау үшін, кейіннен бұл проблемалық қарыздардан тазарту және есептен шығару үшін капиталының жеткілікті қоры болады деп күтеміз. Біздің алдын ала жүргізген бағалауымыз бар, бағдарлама нәтижесі бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы бір триллион теңгеден аса сомаға ұлғаяды деп күтеміз, бұл қаржылық тұрақ­тылықты және болуы мүм­кін жаңа қолайсыз сыртқы фактор­ларға орнықтылықты күшейтеді. Тиісінше, банк секторына қолдау көрсету жөніндегі шаралар, күткеніміздей, жұмыс істемейтін активтердің бес жыл бойы осындай сомаға қысқаруына әкеледі, бұл капиталдандыру, есептен шығару, кешіру және активтер сапасын жақсарту жөніндегі басқа шаралар есебінен тұтастай алғанда ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етеді. Сонымен қатар жаңа кре­диттерді банктер неғұрлым қатаң рәсімдерді, неғұрлым жоға­ры андеррайтинг стандарттарын пайдалана отырып беретін болады деп күтеміз. Осылайша, тәуекел-менеджментін жақсарту, портфельді қалыпқа келтіру, жаңа кредиттер – бағдарламаның біз күтетін нәтижелері.

– Бағдарламаны сынаушылар мемлекет ақшасы банк­терге өте арзан берілуде деген пікірде.

– Егер әлемдегі банк секторына қолдау көрсетудің кез келген бағдарламасын алсақ, ақша қаражаты ешбір жерде нарықтық талаптармен берілмей­ді. Егер банк реттелген қарызды нарықтық талаптармен 15 жыл­дық мерзімге тарта алатын болса, онда ол оны нарықта да істей алады. Бізде ондай нарық жоқ. Бірақ инфляцияның 4% төмендеуін күте отырып, қарыздың 15 жылға берілетінін ескерсек, реттелген қарыз бойынша мөлшерлеме ұзақ мерзімді мөлшерлемелердің төмендеу үрдісінде сақталуда. Жалпы алғанда мұндай тәсіл бағдарлама міндеттерін көр­сетеді. Бұл міндеттер банкирлерге кіріс беруді емес, портфельді барынша провизиялауды көздейді. Егер осы қарыз есебінен алынған кірістің қандай да бір бөлігі провизиялар қалыптастыру үшін пайдаланылатын болса, бұл жалпы алғанда банктерді қалыпқа келтіреді.

Әңгімелескен

Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Кесар тілігінің зардабы қандай?

Медицина • Бүгін, 18:34