Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

Индонезия Астанадан үлгі алады

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Джакарта билігі ел астанасын ауыстыру мәселесінде Қазақстанды үлгі етеді. Бұл туралы Қазақстанның Индонезиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Асхат Оразбай Астанада өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Индонезия Астанадан үлгі алады

Елшінің пайымдауынша, кейінгі уақытта Индонезияда ел орталығын басқа қалаға көшіру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осыған сәйкес, елде арнайы комиссия құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

«Астанаға келген сапарында Индонезия вице-президенті Юсуф Калла Елбасыдан ел ордасын Алматыдан Астанаға ауыстыру тәжірибесі жөнінде сұрады. Өйткені, ғылыми ортада, баспасөз беттерінде астананы басқа шаһарға не аралға ауыстыру жөнінде әңгіме қозғалды. Ел президенті Ұлттық даму агенттігіне шетелдік озық тәжірибелерді жинақтап, Индонезия ерекшелігін ескере отырып жоба жасау тапсырды», – деді А.Оразбай.

 Елші Индонезияның мұндай батыл қадамға баруына қазіргі Астана Джакартаның халыққа лық толуымен байланыстырады. Қазіргі таңда Индонезия орталығында 15 миллионға жуық халық тұрады. Осы мәселелерді ескере отырып ел астанасын көшіруде жоспарлаған Индонезия үкіметі Қазақстанның 1997 жылғы қадамын жоғары бағалап, тәжірибе алуға ниетті.

Сонымен қатар, А.Оразбай Индонезия вице-президенті Юсуф Калланың Астанаға сапары барысында талқыланған басқа мәселелермен де бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, екі ел де бүкіл деңгейдегі қарым-қатынасты нығайтуға қарсы емес. Бұдан бөлек, А.Оразбай елде Ислам банк жүйесі жақсы дамығанын тілге тиек етті. Осыған сәйкес, Қазақстан тарапы Индонезиямен тәжірибе алмасуға әзір екенін жеткізген. Сондай-ақ, индонезиялық Ислам банктері Астанада ашылатын Халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырылып отыр.

А. Оразбай Индонезия кәсіпкерлері Қазақстанда дәрі өндіретін фармацевтикалық зауыт салуға мүдделі екенін мәлімді. Оның айтуынша, елдегі үлкен компаниялардың бірі Rama Group басшылығы Қазақстанға сапармен келіп, мұндағы нарықты зерттеп кетіпті.

Дегенмен, екі ел арасындағы сауда және экономикалық қарым-қатынасты дамытуға транспорттық-логистикалық байланыстың нашарлығы кедергі болып отыр. Биылғы алғашқы жарты жылдықта Индонезия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 15,2 миллион долларды құраған. Бұл – былтырғы мерзіммен салыстырғанда 65,3 пайызға жоғары.

А.Оразбай сауда және экономикалық байланысты нығайтудың екі бағытын атап көрсетті. Оның пікірінше, Қытайдағы Ляньюньган порты арқылы Қазақстан тауарын Индонезияға экспорттауға мүмкіндік бар. Елші екінші бағыт ретінде Ирандағы Бендер-Аббас портын есептейді. Әйтсе де, әзірге сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиімді болған бағыт бойынша жұмыс жүргізетінін мәлімдеді А.Оразбай.

Индонезия халқы саны жөнінен әлемде 4-орында тұрған мемлекет. Ислам мемлекеттері арасындағы ең үлкені және демократиялы ел саналады. Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық келісім 1993 жылы 2 маусымда орнатылған.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»