Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2017

Әшірбек Сығайға арналған «Сын сардары» атты кітап шықты

1074 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сын сардары» атты кітап жарыққа шықты. Кітаптың тұсауы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада кесілді.

Әшірбек Сығайға арналған «Сын сардары» атты кітап шықты

Тұсаукесерді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік жүргізді. Ол театр сыншысының жан-жақты талант иесі болғанын, әсіресе білімділігін, қырағылығын, іскерлігін, ұйымдастыру қабілетінің жоғары болғанын, шешендігін сөз етті. Соған қатысты ертеректе болған оқиғаларды естелік ретінде айтып, өзі берген мінездемелерін дәйектеп отырды. Жазушы сыншыға «қазақ театрының энциклопедиясы» деген баға берді. Сондай-ақ, оның көп жазған кейіпкерлеріне де тоқталды. Сол көп кейіпкердің бірі – аңыз адам, әйгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов. Әйгілі актер Әшірбек Сығай жазбаларының көрегендікпен, асқан мәдениеттілікпен жазылып,  заманында талай актердің өз кемшілігін түзеуіне түрткі болғанын баяндады.

«Ол театрдың бақыты болды. Актер, режиссура, драматургия – үшеуі ошақтың үш бұтындай тұтас дүние. Осы үшеуінің басын қосатын адам – театр сыншысы. Бұл тұрғыдан алғанда Әшірбек өз миссиясын жақсы орындады. Менің бақытым – Әшірбек сияқты іні-досымның болуында. Біз шәй деспеген күйі кеттік»-деген Асанәлі Әшімов осы күндерде елордада өтіп жатқан Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған театр фестивалі жыл сайын өткізіліп тұрса деген үміттері бар екенін де мәлімдеді.

Екі сағаттан аса уақытқа созылған кеште сыншыны көз көрген, бірге қызмет істеген, талай сапарларда бірге жүрген, қамқорлығын сезінген, еңбегін де, есімін де құрмет тұтатын қоғамға танымал көптеген кісілер сөз алды. Оның ішінде актриса Меруерт Өтекешова, жазушы Рахымжан Отарбай, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, сыншы Әлия Бөпежанова, Бақыт Нұрпейіс, кинотанушы Нәзира Рахманқызы, аға досы түркістандық Жарылқасын Әзіретберген, театр сыншысы Олег Пивоваров, тарихшы Камал Бұрханов сынды түрлі саланың өкілдері Әшірбек Сығай туралы жылы естеліктермен бөлісті. Әсіресе, сыншы, кинотанушылар жағы марқұмның сынағанда ешкімнің жанын жараламай, сипай қамшылап, жібектей желпіп жау арттырмай жазған, сын мәдениетін  биік деңгейге көтерген қасиетін сөз етісті.

Ал енді «Сын сардары» атты кітапқа келер болсақ, оған замандас ақын-жазушылардың, сыншылардың,  аға буын өнер өкілдерінің, өнердегі іні-қарындастарының театр сыншысы туралы толғаныстары, мақалалары мен естеліктері, өлеңдері енгізілген. Кітапты құрастырған театр сыншысының жұбайы – Күләш Сығай. Ол кітапқа материалдарды Әшірбек Сығай қайтыс болған соң баспасөз беттерінде жарық көрген материалдардан топтастырғанын әңгімеледі. Оның айтуынша, кітаптың екінші тұсаукесері, яғни, таныстырылымы Алматы қаласында өтпек. Кітап мемлекеттік тапсырыспен, «Дәстүр» баспасынан бес мың данамен шығып отыр.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»