Білім • 13 Қыркүйек, 2017

Балаңыз қай тілде оқиды?

435 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жас буынның бо-йына қажет болмыс туралы бүкпесіз айтты. Мемлекет басшысының қазақстандықтардан көргісі келетін ең бірінші қасиет, ол – ұлттық сана. Білім де, бәсекеге қабілеттілік те, сананың ашықтығы да ең алдымен ұлттық кодтың сапалы негізі болуы тиіс. Осы орайда келешектің кепілі – оқушыларымыздың қай тілде оқып жүргеніне назар аударған едік. Өйткені әлемнің үздік 100 оқулығы қазақ тіліне аударылып, латын әліпбиіне көшу һәм білім саласындағы реформалар қызу жүзеге асырылып жатқан бетбұрысты кезеңде орыс және қазақ сыныбының таразы басындағы салмағы туралы мәселе қоғамда жиі қозғалып жүргені мәлім. 

Балаңыз қай тілде оқиды?

2016-2017 жылғы оқу жылында елорда мектептерінде 76 257 бала – қазақ тілінде, 53 603 бала – орыс тілінде, ал 682 бала ағылшын тілінде оқыған екен. Астана қаласы білім басқармасының мәліметінше, елордада барлығы 95 мектеп болса, оның ішінде 32 қазақ мектебі, 17 орыс мектебі, 41 аралас мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2 мектептің бас-тауыш сыныптары аралас, 3 мектеп 9-сыныпқа дейін орысша оқытады. Бұл – ойлантарлық көрсеткіш. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары баласын орыс тілінде оқытуды қолайлы көретін ата-аналар қатары артып отыр. Аталған үрдіс Астанадағы №84 мектеп-лицейінен де байқалады. Осы мекеме директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуреш Нұрғалиеваның айтуынша, биыл білім ордасында 762 бала қазақ сыныбын, 548 бала орыс сыныбын бітірді. Жаңа оқу жылында 1214 бала мектепке қабылданды. Бастауыш сыныптар бойынша 28 қазақ сыныбында 768 бала оқыса, 14 орыс сыныбында 446 бала білім алуда. Алаңдатарлығы, орыс сыныбында оқитындардың дені қазақ балалары екен.

– Біздің мектептегі орыс тілі сыныптарының 90 пайызы – өз қаракөздеріміз. Бұл – қазақ ата-аналарының таңдауы. Айталық, қазақ сыныбында 38 өзге ұлт өкілі оқыса, орыс сыныбында 336 қазақ баласы білім алуда. Себебі, халық сұранысқа орай таңдау жасайды. Кез келген дүние қоғамдағы қажеттілікке байланысты, – деп түсіндірді бұл жайтты Зәуреш Нұрғалиева. – Негізгі нәрсе – ата-аналардың ішкі сенімсіздігі. Әйтпесе, оқу әдістемесі ортақ. Барша мұғалімге ақпараттың қолжетімділігі бірдей. 

Оқу ісі жөніндегі орынбасар мектептегі кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталып өтті. 

– Әсіресе, бастауыш сынып пен орыс тілі, физика, химия пәндерінің мұғалімдері жеткіліксіз. Орыс сыныптарына маман өте тапшы. Қосымша мамандар дайындай алмай жатырмыз, – дейді ол. 

Әлбетте, баланың отбасы мен орта тәрбиесіне байланысты тіл білмеуі де күрмеуі қиын мәселе. Ата-аналар осы себеппен де бастапқыда қазақ сыныбына барған баласын уақыт өте келе орыс сыныбына ауыстырып жатады. Өйткені, сабақ үлгерімі нашар. Біз мектептің алдында 1-сыныпта оқитын балаларын күтіп тұрған ата-аналарды әңгімеге тартқан едік. Олардың басым көпшілігі қазақ мектептеріне қатысты негізгі екі мәселені алға тартты. Яғни, педагогика мамандарының кәсіби дайындығын арттыру және кадр даярлауды экономикалық қажеттілікке сәйкестендіру – білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілікті күшейтпек. Мәселен, өзін Роза деп таныстырған ата-ананың бірі 8-сыныпта оқитын баласын осы мектеп-лицейге ауыстырғысы келеді екен. Таяуда Мәскеуден көшіп келген ол: «Қазақ сыныбындағы балалар көп нәрсені түсінбейтін секілді. Мұның бір себебі, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдердің педагогикалық әдістемесі әлсіздеу келеді. Баланың үлгерімі әу бастан нашар болса, оны әрі қарай алып кетуі мүмкін емес. Осы тұрғыда қазақ мұғалімдеріне жанашырлықпен жұмыс істеу жетіспейді», деген уәж айтты. 

Ашық пікірлескен ата-аналар әлеуметтік жеке мәселе­лерін сыныпқа «ертіп келетін» мұғалімдердің бар екенін де жоққа шығармайды. Оларда балаға көңіл бөлуге құлық болмайды. Мұғалімдердің еңбекақысы – аз, несиесі – көп. Әсіресе, отбасылық әлеуметтік мәселелердің әдеттен тыс көп болуы оқыту үдерісіне әсер етпей қоймайды. Бұл ата-аналардың біржақты шешім қабылдауына кедергі келтіреді де, көп жағдайда ұлттық сезімді әлеуметтік сараптау әрі сапалы білім беру мәселесі жеңіп кетеді. Қазақ балаларының орыс сыныптарында білім алуының бір ұшығы осында жатқан сияқты. Әрине, «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, теріскей өңірлерде тәлім-тәрбие алған ата-аналардың басым бөлігі балаларын «өздеріне түсінікті тілде» оқытатыны шындық. Ата-аналардың тағы бір парасы қазақ тіліндегі оқу бағдарламасының түсініксіз болуы, толымды ақпараттың болмауы және ғылыми еңбектердің аударылмауы, практикалық оқу-әдістемелік кешені мен құралдардың көңілден шықпауы да таңдауға әсер ететіндігін айтады.

Әрине, бұл жерде әңгіме қазақ сыныбына қарсылық емес, орыс сыныбында оқитындардың үлес салмағының көбеюі және оның себеп-салдары болып отырғанын баса айтқымыз келеді. Әйтпесе, «қазақы ортада өскен бала мейірімді келеді әрі ұлттық салт-дәстүрді біліп өседі», деген Нарғыз Шаймағамбетова есімді ата-ананың тілегі көптің тілегі болса, қанеки!..

Қорыта келгенде айтарымыз, орта білім беру – терең білім мен кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білу, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешім қабылдау қабілетін қалыптастыруды көздейді. Осы тұрғыда бүгінгі білім алушы буынның ұлттық тұлғасын қалыптастыру бойынша педагогтарды қыруар еңбек күтіп тұр. Мағжан Жұмабаевтың ұлттық тәрбие құралы іспетті «Педагогика» атты еңбегінде: «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі» деп жазылған. Алаш қайраткерінің алты қатпарлы сөзі алдыңғы буын өкілдерінің жолбасшысы болса екен дейсіз, осындайда...


Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»