Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2017

Степногорда Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды

1473 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымыздың біртуар ұлы, қазақтан шыққан алғашқы академик Қаныш Сәтбаев көптеген дарынды шәкірттерін тәрибиелеп қана қойған жоқ, еліміздің дамуына негіз қалаған мол мұра да қалдыра білді. Ел жадында есімінің мәңгі сақталып қалуы да осымен байланысты екені даусыз. Ақмола облысы Стпеногор қаласында Қ.Сәтбевқа арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруі соның жарқын дәлелі.   

Степногорда Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды

Елордадан екі жүз шақырым­дай жерде орналасқан Степногор облыс өнеркәсіп өнімінің 30 пайыздайын өндіріп келе жатқан өндірісті қала саналады. Жер қойнауы байлықтарын өндіруге байланысты құрылған өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы Қаныш Имантайұлының атымен тікелей байланысты. Өйткені академик кезінде еліміздегі жер қойнауы байлықтарының картасын жасағанда осы маңнан табылған минералдарға толық сипаттама беріп кеткен көрінеді. Соның арқасында қала гүлденіп, өркениетке құлаш жайған. Қала күнін атап өту шаралары Қ.Сәт­баев ескерткішінің ашылуымен орайластырылғаны да сондықтан. Оның үстіне ескерткіштің бой көтеруі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласын жүзеге асырумен тікелей байланысты. 

Ұлы ғалым Қаныш Имантай­ұлы Сәтбаев ескерткішінің ашылу салтанаты таңертеңгісін өтті. Шараға қала тұрғындары мен қонақ­­тары көп жиналыпты. Оның үстіне сол күні ауа ра­йы да жылып, аспан ашық бол­ды. Жи­налған қауым алдында Степ­­но­гор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсі­рәлиева, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және Қаныш Сәтбаевтың неме­ресі Әлима Жармағамбетова танымал тұлға Серікбек Дәукей сөз сөйледі. Шаһар көркіне сән бере түскен еңселі ескерткіштің жабындысын еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен академиктің немересі, химия ғылымдарының докторы Әлима Жармағамбетова ашты. 

«Сіздер ескерткішті өз қала­лары­ңызда орнатып отырсыздар. Өсіп келе жатқан бала­лары­мыздың оннан бірі Қаныш ағамыздай болса, онда еңбектің еш кетпегені. Ол қайда жүрсе де қазақтың, елдің мерейін өсірді. Англия парламентінде сөйлеген кезде Черчиль «Айтыңызшы, қазақ­тардың барлығы да сіз секілді биік пе», деп сұраған көрінеді. Сонда ол «Қазақтардың ішінде мен ең аласасымен, ал халқым менен де биік тұр», деп жауап қатқан көрінеді. Олай болса академик рухына тағзым етейік. Ол бізбен мәңгі сүре береді», деді қаһарман ғарышкер.

Ескерткіш вокзал алдындағы алаңқайда ор­на­ласқан. Жобаның авторы және қола ескерткішті жасаған Қазақстан суретшілері одағының мүшесі Азат Баярлин болса, оның жүзеге асуына «Көкшетау жолдары» ЖШС қолдау біл­діргендігін айта кетейік. 

Реті келгенде Степногор қала­сының әкімі, «Болашақ» түлегі Әнуар Күмпекеевтің сөзі де әсерлі шыққандығын атап өткеніміз орынды. Әкім өз сөзінде ескерткіш ашу ұлы тұл­ғаға тағзым ғана емес, бола­­шақтағы ұлы істерге деген ұм­тылыс екендігін ерекше ек­пінмен айтты. Ал облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлиева өңір басшысының құттықтауын жеткізе келіп, Степногор қала­сы­ның «Ұлы дала­­да туған қала» деген айшықты мағына бере­тіндігіне назар аудартты. Реті келгенде Қаныш Сәтбаевқа ар­налған ескерткіш­тер сонымен бірге Қарағанды, Павлодар, Жез­қазған, Екібастұз, Том және Сәтбаев қалаларында бар екен­дігін қаперге сала кетейік.

Ескерткішті ашуға арналған митингінің соңы көрнекті ғалым Қ.И.Сәтпаевтың еліне сіңір­ген өлшеусіз еңбегіне арнал­ған ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Сондай-ақ осы күні «Батыр» балалар мен жасөспірімдер клубында жаңадан ашылған күрес залында спорттың қазақша күрес және еркін күрес түрлерінен енді балалар үшін жаттығулар басталмақ. Жалпы, «Батыр» клубында 2016-2017 жылдарға арналған оқу жылдарында жасы 7 мен 18 аралығын­дағы 1656 оқушы қатысқан 56 спорт­тық-бұқаралық шаралар өткізілген. Және де қала күніне орай «RE-BIOMED ғылыми-практикалық орталығы» ЖШС-ның алғашқы «GENOME Ademy» деген 11 атаудан тұратын өнімдерінің жаппай сатылымға шығарылуына арналған тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұнда негізінен тониктер мен крем түріндегі биокосметика шығаратын «Косметикалық өнімдерді өндіру» жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын директоры Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, жоба Дүниежүзілік банк, «Биотехнология» ұлттық орталығы және жергілікті әкім­дік қолдауымен неміс әріптес­терімен бірлесе жүзеге асырыл­ған. Биокосметикаға қолдан жа­сал­­ған химиялық заттар емес, ор­ганикалық компоненттер қосылғандығы да аталмай қал­мады. Жоба құны 180 миллион теңге болса, кәсіпорын жылына 3 миллион құты және 20 миллион ампулада сұйықтық түріндегі өнімдерді шығаруға қауқарлы екен. Кәсіпорын әзірге жылына 200 мың дана құты және 1,3 миллион ампула сұйықтық түріндегі өнімдер шығаруды жос­парлап отыр. Енді өнім еліміз бен көршілес Ресей аумағына сатуға шығарылады деп күтілуде. Осылайша Степногор қаласы Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияның сұлулық индустриясы орталығына айналуы да ғажап емес. Ж.Кенжебаев Степногор қаласында кәсіп­­орын ашудағы себебін мұнда­ғы биотехнологиялық зерттеу­лерді жүргізетін ғылыми база­ның орнық­қандығымен түсін­дірді. 

Жалпы, мерекелік шара спорт­тық сайыстармен, концерт­тік бағдарламалармен, балалар шығар­машылығымен әрлен­дірі­ліп, кешкісін отшашуға ұласты. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы