Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2017

ОҚО-да түркиялық инвесторлармен бірлескен жобалар келісімі жасалды

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында түркиялық инвесторлармен құны 12 млн АҚШ доллары болатын екі жоба жүзеге аспақ.

ОҚО-да түркиялық инвесторлармен бірлескен жобалар келісімі жасалды

Мұндай келісімге түрік бизнес–құрылымдарының жетекшілері бастаған делегацияның Астана қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде қол жеткізіліп отыр.

Қазақстанға жасаған сапары кезінде елордамыз - Астанада «Оңтүстік» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы мен түркиялық бизнесмендер арасында құны 12 млн АҚШ доллары болатын инвестициялық екі құжатқа қол қойылды.

Күнгейдегі қазақ-түрік индустриалды аймағында осы жылы іске асырылатын жобаның бірі - қорғасын концентратын өндіретін түркиялық Merkez Asia Madencilik компаниясының зауыты (құны 2 млн АҚШ доллары) болса, екіншісі - құны 10 млн. АҚШ доллары болатын Petronet Otomosyon компаниясының жанар-жағармай тарату колонкаларын шығаратын зауыты.

Бүгінде аумағы 50 гектарды алып жатқан «Қазақ-түрік» индустриалды аймағында жалпы құны 37,5 млн АҚШ долларын құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар іске қосылғанда жаңа 900 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, жыл соңына дейін аталған индустиалды аймақта «Gold Aluminum» ЖШС-нің ПВХ профильдері мен ПВХ және алюминийден жасалған мөлдір конструкцияларды өндіретін шағын цехы іске қосылады.

Еске салсақ, 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Түркияның бизнес құрылымдарының өкілдерімен кездесуі өткен болатын.