Жаңа стадионда спортшылар жеңіл атлетиканың 47 дисциплинасы бойынша жаттығуға болады. Нысан 6 жүгіру жолы, әкімшілік ғимараты, 100, 400 метрлік жүгіру жолдарымен қатар, көлемі 100х70 жасанды футбол алаңы, биіктікке және ұзындыққа секіру алаңдарымен, сонымен қатар, көлемі 100х62 метр табиғи шөппен жабылған ядро, диск, найза, шарбалға лақтыруға арналған аймақпен жасақталған.
Алаңның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, демеушілер, сондай-ақ, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлер және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ольга Рыпакова, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев пен Әмин Тұяқовтар қатысты. Қала басшысы алматылықтарды жеңіл атлетика стадионының ашылуымен құттықтап, ЖШС «Алонс» және «Юником» компанияларына алып шаһар спортшыларына стадионды салып, мемлекетке сыйға тартқаны үшін алғысын білдірді.
– Бұл соңғы 40 жыл ішінде салынған алғашқы жеңіл атлетикалық жаттығу стадионы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Алонс» және «Юником бизнес групп» компаниялары 605 млн теңге қаржыға салып, мемлекетке сыйға тартып отыр. Стадион Алматы қаласы жеңіл атлеттерінің жаттығу орталығына айналмақ. Алдағы уақытта, «Халық Арена» жанында тағы да 5 мың орынға арналған халықаралық бірінші санатты жеңіл атлетика манежін салатын боламыз.Бүгін біз ашып отырған жаңа жаттығу алаңы жеңіл атлетиканың қарқынды дамуына, еліміздің туын биікке желбірететін спортшыларды дайындауға қызмет ететін болады деп сенемін, – деді Бауыржан Байбек.
– Жеңіл атлеттерге арналған стадионның ашылғанына қуаныштымын. Мұндай ашылу жақсы дәстүрге айналып, барлық қалаларда осы спорт түрінің спортшыларына арналған спорттық нысандар ашылса екен деймін. Мұнда спортшылар жаттығып, өз мақсаттарына қол жеткізуге, яғни чемпион атануға мүмкіндіктері баршылық. Әлбетте, барлығы чемпион бола бермейді, біздің басты байлығымыз – денсаулығымыз, - деп атап өтті ашылу рәсімінде арнайы сөз алған Олимпиада жеңімпазы Ольга Рыпакова.
Алматы қаласының жеңіл атлетика Федерациясының президенті Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, стадионда спорттық мектеп тәрбиеленушілері, жеңіл атлетика әуесқойлары жаттыға алады. Ол алдағы уақытта мұнда көптеген қалалық жарыстар өткізілетінін де тілге тиек етті. Айта кетер жайт, стадион бас мердігер ЖШС «Алонс» пен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салынды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ