Есілдің жағасын ерен жырға бөлеп жатқан айтулы айтысқа қазақ айтысында алғашқы болып шоу жасаған ақындардың бірі Моңғолиядан келген Қабдіжәлел Сахария, айтыстың баяғы жүйрік, алмамойын ақсұңары Айнұр Тұрсынбаева және әрдәйім ойлы сөзі ондыққа дөп тиіп, тыңдарманын тамсандырудан танбай келе жатқан айтыстың көзмергені Жандарбек Бұлғақов бастағаған Арзыгүл Қайымбекқызы, Мөлдір Айтбай, Әсет Дүйсебай, Талғат Мықи, Мұрадым Мирланов, Сырым Әуезхан, Іңкәрбек Әділхан, Есімжан Нақтыбайұлы, Қуаныш Нұржанов, Фархат Маратұлы, Қуандық Кенжебекұлы, Нұрлан Бектібаев, Мұхамеджан Мансұров сынды кіл көкмойнақ жас перілер қатысып жатыр.
ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы, халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы ұйымдастырған сөз додасына белгілі абайтанушы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, "Ардагерлер ұйымы" төрағасы, қоғам қайраткер Өмірзақ Озғанбай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш, ҚР Мәдениет қайраткері Оразгүл Асанғазы (төрағасы), ақын Дүкен Мәсімханұлы, Халық ақыны Қонысбай Әбілов және айтыстың қазанында қайнап өскен Балғынбек Имашевтар қазылық етуде.
Астана жұртын сүбелі сөзге қарқ қылып жатқан айтулы айтысты халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, белгілі айтыс ақыны Серік Құсанбаев жүргізіп отыр.
Қазір үшінші жұпта Айнұр Тұрсынбаева мен Сырым Әуезхан айтысып жатыр.
Ұларбек Нұрғалымұлы,
«Егемен Қазақстан»