Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2017

Шығыс Қазақстанда сел қауіпі басым тау көлдері тексерілді

894 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазселден қорғау»  ММ мамандары тікұшақ бортынан морена көлдерінің жағдайын бақылады. Селдің қауіпті кезеңі 15 қыркүйекке қарай аяқталады, сондықтан тұрғындарға  төнген ешқандай қауіп жоқ екендігіне толықтай көз жеткізуіміз керек, деп мәлімдеді ведомствоның шығысқазақстандық бөлімшесі.

Шығыс Қазақстанда сел қауіпі басым тау көлдері тексерілді

Зайсан және Қатонқарағайдағы тау үстіндегі көлдері тексерілді. Кендірлік және Сарымсақты өзендерінде батиметриялық түсірілімдер жасалды. Зерттеушілер тау көлдерінің ауданы мен бірнеше жерлерінен тереңдігін өлшеді. Мұндай өлшеулер суасты бедерлері мен су көлемінің болжамын есептеу үшін жасалады. Осы мәліметтердің барлығын жинағаннан кейін ғана зерттеушілер тобы морена көлдерінің жағдайын анықтай алады.

Тексерудің бастапқы нәтижелері бойынша, сел қаупі байқалмайды. Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының аумағында 146 морена көлі бар. Оларда 23 елдімекенге қауіп төндіретін 23 сел тудыру ошақтары қалыптасқан. Онда шамамен жалпы саны 928 адам тұратын немесе жұмыс істейтін 313 тұрғын үй, 5 қоғамдық мақсаттағы және 5 өндіріс нысандары бар.