Футбол • 13 Қыркүйек, 2017

Станимир Стойлов: «Астана» ешнәрседен аянып қалмайды

268 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Еуропа лигасының топтық кезеңінде Испанияның «Вильярреалына» қарсы ойын жайлы ой бөлісті. Ол матч алдындағы баспасөз конференциясында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, командадан қандай нәтиже күтетінін мәлімдеді.

 

Станимир Стойлов: «Астана» ешнәрседен аянып қалмайды

– «Астананың» «Вильярреалға» қайта оралғанына қуаныштымын. Екі команда арасындағы бірнеше жыл бұрынғы өткен кездесуден кейін елордалық команда тиісті қорытынды шығара алды. Өз басым «Вильярреалды» бізге Еуропаға жол бастап берген команда деп атар едім. Ертеңгі матчта өз ойынымызды көрсетіп, лайықты нәтижеге жетуге тырысамыз. «Вильярреал»  Испанияның соңғы жылдардағы үздік командаларының бірі. Дегенмен, «Астана» ешкімнен қорықпайды деп сенімді түрде айта аламын.

– Станимир, ҚПЛ-да өткен «Астана»-«Атырау» ойынынан кейін Кабананганың Испанияға бармайтынын айтқан едіңіз. Қазір Кабананганың келмеуін Қазақстанның да, Испанияның да тілшілері талқылап жатыр. Ал конголық ойыншы инстаграмында осы оқиға туралы пікірін білдірген болатын. Бұл туралы не айтасыз?

– Бұл мәселені мен Астанада шештім деген ойдамын. Маған «Астана» үшін барын салатын ойыншылар керек. Ал командаға жеңіске жету үшін көмектесетін ойыншылар қажет. Инстаграмдағы жазғандарын оқып, жылауға сәл-ақ қалдым. Алайда, оның жазғандарынан кейін ойым өзгереді дей алмаймын. Тағы да айтайын маған командамен бірге болатын ойыншылар керек.

– «Астана» бірнеше жыл бұрын «Вильярреалмен» кездесіп, есе жіберген болатын. Ол сіздің команда тізгінін алғаш ұстаған кездеріңіз еді. Одан кейін үш жыл уақыт өтті. «Астана» үшінші жыл қатарынан еурокубоктарда өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында команда қаншалықты өзгерді? Ал «Вильярреал» туралы не айтасыз?

– «Астана» соңғы үш жылда барлық жағынан ілгері жылжыды деп сеніммен айта аламын. Менің ойыншыларым өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Өздеріне деген сенімдері де арта түсті. Ал «Вильярреал» Испанияның үздік бес командасының тізіміне ілініп келеді. Алғашқы  төрт орында «Барселона», «Реал», «Атлетико» және Севилья сияқты командалар бар. Осындай үздіктер жиналғандықтан Ла лигада чемпион атану оңай емес. Ал «Вильярреалдың» Испанияның үздік бестігіне енуі үлкен жетістік деп білемін.

– «Вильярреалдың» бас бапкері ойын алдындағы баспасөз жиынында бірнеше ойыншының жарақат алып, «Астанаға» қарсы кездесуде ұпай жоғалтуы мүмкін екендігін айтты. Бұны бізге берілген бір жеңілдік деп қарастыруға бола ма?

– «Вильярреалдың» чемпионаттағы алғашқы кездесулерін көріп шықтым. Шынын айтсам, осал еместігін байқадым. Футболда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сондықтан, олардың екі ойындағы жеңілісінен үлкен проблема көтерудің еш қисыны жоқ. «Вильярреал» құрамында қиындықтар болса, ол жағдай бізде жоқ емес, қайта екі есе қиын деуге болады. Бізге қазір өз ойынымыз туралы ойлануымыз керек. Осыған дейінгі көрсетіп жүрген ойынымыздан жаңылып қалмай, өз деңгейімізді көрсетуіміз қажет. Шабуыл мен қорғанысқа бірдей жұмылуымыз керек. Сонда күткен нәтижемізге де қол жеткіземіз.

– Қазақстан құрамасы әлем чемпионатың іріктеу кезеңі аясында өткізген екі кездесуде сәтсіз ойын көрсетті. «Астана» Қазақстанның намысын Еуропада лайықты дәрежеде қорғап жүрген жалғыз команда. Бұл сіздерге қосымша қысым бола ма?

– Мен ең бірінші өз командама жауапты беруім керек. Ешкім жеңілгенді қаламайды. Менің ойыншыларым ертең алаңда өздеріне тән ойын үлгісін көрсетеді деген сенімдемін. Оларға толықтай сенім артамын. Матч тағдырын бір-екі ойыншы шешпейді, командалық ойын маңыздырақ. Ал Кабананганың Астанада қалғаны ертеңгі ойынға тікелей әсер етеді дей алмаймын.

– Қазақстан құрамасында ойнайтын «Астана» ойыншылары өткен екі матчтағы сәтсіздіктен кейін көңіл-күйлері түскені анық. Осы орайда, команданың бірқатар ойыншыларын ертеңгі ойынға психологиялық тұрғыда дайындау қаншалықты қиын болды?

– Менің қарамағымдағы жігіттер – кәсіби деңгейдегі футболшылар. «Атырауға» қарсы ойында өздерін дәлелді. Сондықтан ертеңгі кездесуде кәсібиліктерін өз ойындарымен дәлелдейді деген сенімдемін.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»