Жылына екі рет ұйымдастырылатын бұл үдеріс еліміздің «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» қолданыстағы заңы мен «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілердің запасқа босатылуы және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2017 жылғы 16 наурыздағы Президент Жарлығына сәйкес жүргізіледі.
Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының әскери бөлімдері мен мекемелерін жастармен жасақтау мақсатында ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінен шақыру және оларды медициналық тексерістен өткізу комиссиялары өз жұмысын бастады. Айта кетейік, әскери бөлімдер бойынша шақырылушыларды іріктеу және бөлу кезінде алдын ала зерделеу нәтижелері мен шақырылуға дейінгі алған білімдері ескерілетін болады.
Ал әскери бөлімдерді жасақтау белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Шақырылым мен медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі туралы мәселелерді жедел шешу үшін Қорғаныс министрлігінде шақырылым кезеңінде «Қауырт желі» іске қосылады. Желіде жауапты лауазымды тұлғалар түсіндірме беріп, азаматтардың сауалдарына жауап қайтарылады.
Елімізде оқу жылының басталуына орай, жоғары білікті офицерлер даярлайтын мамандандырылған әскери институттарда білім беру жүйелі кестеге көшкен.
Қорғаныс министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, биыл аталған ведомствоның жоғары әскери оқу орындарына 600-ден астам курсант қабылданған. 1500 үміткердің ішінен іріктелген жас түлектер Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 14 мамандық бойынша білім алады. Сондай-ақ, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты 8 мамандық, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты 5 мамандық бойынша жоғары әскери кәсіби білім беру бағдарламасы аясында жоғары білікті офицерлер даярлауды жүзеге асырады.
Оқу жылының басталуына орай, аталған әскери институттарда жас курсанттар оқуға кірісті. Оларға профессорлық-оқытушылар құрам мен инженерлік-техникалық құрамдардағы жоғары білікті мамандардан құралған ұжым өкілдері теориялық және тәжірибелік білім беруде. Білім ордалары заманауи оқу-материалдық база мен түрлі техникалық оқыту құралдарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, курсанттардың жайлы тұрмысы мен оқуы үшін әлеуметтік жағдай толық жасалған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»