2009 жылы Челябі облысындағы қазақ диаспорасының «Азамат» мәдени-ұлттық қоғамдық бірлестігінің сұрауымен Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасы қандастарға ана тілін үйрету ісіне бастама көтерген еді. Басқарманың Тіл үйрету орталығы мамандары шет жердегі қазақтар үшін қазақ тілін үйренудің арнайы бағдарламасын жасаған болатын. Содан бері Челябідегі «Азамат» мәдени-ұлттық қоғамдық бірлестігі мен Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы арасында ынтымақтастық орнаған. Бір жылы қостанайлық тіл мамандары Челябі қаласына барып, қазақ тілін үйретуге ықылас білдірген мұғалімдерді бір апта оқытып қайтса, екінші жылы олар келіп, жергілікті қазақ тілі мамандарынан шеберлік сабақтарын алып кетеді.
Биыл Қостанайға «Азамат» ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қанат Сейтіков бастаған қазақ тілі мұғалімдері келді. Олардың барлығы да жергілікті мектептерде мұғалім болып қызмет етеді. Бір айтатыны, Челябі облыстық білім министрлігі Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасын құп алып, бірнеше жылдан бері Нағайбақ, Қызыл, Чесминский, Агапов, Верхний-Уральск аудандарындағы қазақ балалары шоғырланған бір мектепте қазақ тілінің факультативтік сабақ ретінде өтуіне жағдай туғызды. Ол үшін қазақ тілін үйреткен мұғалімге жергілікті бюджеттен еңбекақы төленеді.
– Қандастарымыз ана тілін үйрену үшін атамекенге қарайлайды. Сол үшін оларға әдістемелік көмектің барлығын да жасап беріп отырмыз, дәстүрсалтқа байланысты шараларына да қолдан келген көмекті аямаймыз, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова.
Челябіден келген мұғалімдер арасында Юлит Байдәулетованың тәжірибесі мол. Ол егде жасына қарамай, Челябі төңірегіндегі қазақтардың дәстүр-салтына орай өтетін барлық шаралардың басы-қасынан табылады. Оншақты жылдан бері Челябі қаласындағы студенттерге, жалпы ана тілін білуге ықылас білдіргендерге қазақ тілін үйретіп келеді.
– Мен бізге әдістемелік бағдарлама жасап беріп отырған қостанайлық бауырларға алғысымды айтамын. Қазақ тілін үйретсем де, мен ана тілін шала білемін. Осы жылдар ішінде қазақ тілін үйретіп ғана қоймай, тапжылмай өзім де үйреніп келемін. Қазір бізде жастардың ана тілін үйренуге деген ынта-ықыласы өскен. Біз осыған қуанамыз, – дейді Юлит Ысқаққызы.
– Челябі – үлкен облыс. Онда 40 мыңға жуық қазақ ағайын шашырай қоныстанған. Ана тілін білетіндер қатары аға буынның арамыздан селдіреуіне орай азайып келеді. Әрине, бұл алаңдатады. Біз жастардың тіл мен дәстүрді ұмытпауы үшін қолдан келгеннің барлығын да қарастыруға тырысамыз. Ең бастысы, атамекенмен, оның ішінде Челябіге ең жақын орналасқан Қостанай облысымен байланысымызды үзбейміз. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қостанай облыстық филиалымен, облыстық тілдерді дамыту басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мысалы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы филиалы Нағайбақ ауданында тұратын ақынымыз Нүркеш Жапаровтың өлеңдер кітабын шығарысуға көмектесті, дәстүр-салтқа байланысты шараларды өткізуге де қолғабысын тигізеді, – дейді «Азамат» ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қанат Сейтіков.
Осы жолы шеберлік сабағына қатысқан челябілік он қандасымыздың барлығы да мектептерде түрлі пәннен дәріс береді. Мысалы, Агапов ауданынан келген Гүлжамал Әлмұхаметованың мамандығы-физика пәнінің мұғалімі. Ол қазақ балаларына қазақ тілінен сабақ беруге әрқашан да уақыт табады әрі шебер ұйымдастыра біледі.
– Ормандай орыстың арасында отырмыз. Мен қазақ балаларының алғырлығына дән ризамын. Біздің мектептегі аз қазақ балаларының арасынан төртеуі мектепті үздік бітірді, жоғары оқу орындарында жақсы оқып жүр. Қазір мектептегі балалардың ана тіліне деген ынтасына сүйсінемін, – дейді Гүлжамал Уәйісқызы.
Челябілік мұғалімдерге А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Тәжірибелік лингвистика кафедрасының меңгерушісі Гүлжанат Жүрсінәлина, Жітіқара аудандық тіл үйрету орталығының директоры Сандуғаш Ғұбайдуллина, Федоров ауданындағы Дмитриев атындағы орта мектептің қазақ тілі мұғалімі Дмитрий Ромащенко шеберлік сабақтарын өткізді. Мамандар қандастарымыздың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Челябілік қандастар сапар барысында Қостанай қаласындағы мәдени-демалыс орындарын аралауға да уақыт тапты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ