Бекітілген күн тәртібіне орай, депутаттар Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныстыруымен «Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкіне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігіне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкіне, Азия Даму Банкіне, Ислам Даму Банкіне мүшелігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылады.
«Аталған заң жобасы Қазақстанның Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне мүшелігін заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған. Сондай-ақ бұл құжат арқылы халықаралық ұйымдармен қатынас жасауға уәкілетті мемлекеттік органдарды бекітумен қатар, еліміздің халықаралық ұйымдарға мүшелігіне байланысты қаржылық әрекеттерді реттеу көзделеді», деді баяндамашы Т.Сүлейменов.
Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндіруінше, мұндай қажеттілік еліміздің халықаралық ұйымдарға мүшелігі саласындағы қоғамдық қатынастарды регламенттейтін құқықтық нормаларға мониторинг жүргізу барысындағы анықталған олқылықтар мен кейбір қайшылықтарды жою үшін туындаған.
Отырыста халық қалаулыларының бірауыздан мақұлдауына ие болған екінші құжат – Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың таныстыруымен – «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. 2003 жылы Нью-Йоркте жасалған қару саудасы туралы Шарт кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасын реттеу үшін ортақ халықаралық стандарттарды белгілеуге, сондай-ақ, кәдімгі қару-жарақтың заңсыз саудасын болғызбау мен жоюға және заңсыз қайта бағытталуын ауыздықтауға арналған.
«Шарт мынадай санаттар шеңберіндегі кәдімгі қару-жарақтың барлық түрлеріне қолданылады: жауынгерлік танкілер, жауынгерлік брондалған машиналар, үлкен калибрлі артиллериялық жүйелер, жауынгерлік ұшақтар, жауынгерлік тікұшақтар, әскери корабльдер, зымырандар мен зымырандық ұшыру қондырғылары, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ сынды өнімдер бар», деді Т.Мұхтаров.
Сонымен қатар, Шарттың 6-бабында кәдімгі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді және зақымдау құралдарын, бөлшектер мен компоненттерді беруге тыйым салу жағдайлары да ескерілген. Оған қоса, әрбір қатысушы мемлекет Шарт ережелерін жүзеге асыру үшін ұлттық бақылау тізімімен қатар, ұлттық бақылау жүйесін құрып, пайдаланады және оған қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасу мақсатында ұлттық байланыс орталығын тағайындайды.
Сондай-ақ қатысушы мемлекет қару-жарақ экспорты бойынша нақты операцияларды орындауға рұқсаттар беруді ұлттық есепке алуды жүргізеді және жыл сайын алдыңғы жыл үшін рұқсат етілген қару-жарақтың экспорты мен импорты туралы ақпаратты қамтитын баяндама ұсынатын болады. Осындай міндеттемелерді орындау үшін арнайы Хатшылық құрылады да, ол өз кезегінде қатысушы мемлекеттердің Конференциясын шақырады.
Осы күні депутаттар бекітілген күн тәртібіне сай, «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Грузия Үкіметіне берген мемлекеттік кредиттері бойынша Грузия Үкіметінің берешегін қайтадан қайта құрылымдау туралы келісімдерді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы №2967-KAZ Қарыз туралы келісімге түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде қаулы қабылдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»