Астана қаласында 162 ауқымды іс-шара қарастырылған. Соның 30-дан астамы қазірдің өзінде ойдағыдай орындалып отыр. Іс-шаралар төрт бағыт – «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпараттар толқыны» бойынша топтастырылып, жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Астана халқы күннен-күнге көбейіп келеді. Жас отбасылар көп. Жарық дүние есігін ашқан бүлдіршіндердің саны да жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. Олардың ата-аналары үшін ең басты мәселенің бірі – балабақша. Сәбилерін мектеп жасына дейінгі мемлекеттік мекемелерге орналастырып, өздері алаңсыз жұмыс істеп, тұрмыстарын жақсартуды ойлайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы өзекті мәселеге ерекше мән берілді. Сәтін салса, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында Астанада тағы екі балабақша пайдаланылуға берілетін күн алыс емес. Бұл «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарының қолдауымен жүзеге асырылмақ.
Елордада әлеуметтік акциялар кең көлемде жүргізіліп отыр. Әсіресе, табысы аз отбасыларды тегін азық-түлікпен қамтамасыз етуге жекелеген кәсіпкерлерден басқа ірі сауда орындары да тартыла бастады. Атап айтқанда, «Бахус-Астана» ЖШС, «5 минут» сауда желісі, «Мирас-Астана» серіктестігі, «Шапағат» базары және басқа да іргелі мекемелердің үлесі үлкен.
Аз қамтамасыз етілген отбасылар мен балалар үйлеріне, жетім-жесірлер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге қазіргі уақытта қандай көмек болса да ауадай қажет. Күнделікті азық-түлігі, киім-кешегі мен тұрмыстық заттары – бәрі керек. Оларға қол ұшын созып, көмектесуге дайын тұратын қайырымды жандар аз емес. Әлеуметтік акция аясында Астанадағы ірі сауда орындарында тұрмысы төмен адамдар мен жетім балаларға көмек көрсету үшін арнайы контейнерлер орнатыла бастады. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар осы контейнерлерде жиналып, тиісті адамдарға үлестіріледі. Бұл да елордадағы шапағаты мол шара.
Астанадағы ардагерлер үшін арнайы орталықтар ашылып, қариялардың жиі-жиі бас қосып, шүйіркелесуіне, дене шынықтырумен және басқа да пайдалы істермен айналысуына мүмкіндіктер жасалған. Жасы келген адамдардың үй-жайын жинастырып, тазалауға, отын-суын дайындап, аулаларын ретке келтіруге шама-шарқы жете бермейді. Біразы жеке үйлерде тұратындықтан, күл-қоқыс шығару, тал-теректерді күтіп баптау, арық-атыздарды тазалау, қоршауларды ретке келтіру секілді жұмыстардың бәріне жасы келген адамның үлгере алмауы әбден мүмкін. Осыны ескерген Астанадағы жастар ұйымдарының мүшелері ардагерлердің үй-жайлары мен аулаларын тазалауға белсене қатысып отыр.
Жылдан-жылға қанат жайып, жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттар қатары артып отырғандықтан, елорданың қоршаған ортасы мен экологиясына байланысты алаңдаушылық білдіре бастағандар бар. Бұл – елорданың ертеңін ойлау деген сөз. Өйткені, Астана – жас қала, болашақтың қаласы. Сондықтан таза ауасы мен суы, қоршаған ортасы келешек ұрпаққа бүлінбей жеткені жөн.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Астана әкімдігі елорданы көркейту мақсатында қала мен айналасындағы аумақты көздің қарашығындай сақтау және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Мәселен, Елбасы Астана мен Көкшетау арасын ну орманға айналдыру негізгі мақсат екенін айтқан болатын. Астаналықтар бұл жобаға «Туған мекен» экологиялық акциясы арқылы белсенді үлес қосуға ниетті. Қазірдің өзінде осы акцияның шеңберінде тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Оған ұйытқы ұйым – Астана автоклубтарының альянсы. Осы альянстың 300-ге жуық мүшесі отбасымен бірге акцияның белсенділері атанды. Олар сенбіліктер ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмайды, сонымен бірге аумақты көгалдандыру мен көркейтуге де атсалыса бастады. Қазірдің өзінде олардың ұйымдастыруымен 3 демалыс шатыры, 5 ақпараттық баннер орнатылып, Вячеслав су қоймасына 9 мың шабақ жіберілді. Келешекте де қоршаған ортаны қорғау, таза ұстау мақсатында біршама жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Соның бәрі ойдағыдай жүзеге асса, Астананың экологиясын жақсартуға қосылған сүбелі үлес болмақ.
Астанада дүниеге келген нәрестелерге де «Рухани жаңғырудың» шапағаты тиіп отыр. Қалай дейсіз ғой? Елордада шыр етіп дүние есігін ашқан әрбір сәбиге арнап тал шыбық отырғызылып, оның сызба-картасы сәбидің әке-шешесіне беріледі. Олар туған-туысқан, жақындарымен бірге талшыбықты күтіп, баптауды мойындарына алады. Бұл нәрестенің туған күніне арналған жақсы сыйлық болумен бірге туған мекенді көркейтуге қосылған үлес. Әдетте көп жағдайда жасыл-желекке күтім жеткілікті болмағандықтан, қурап қалатыны жасырын емес. Ал ата-ана баласының туған күніне орай отырғызылған талшыбықты солдырмай, жақсы өсіп-жайқалуына бас-көз болады.
Астанадағы шапағаты мол шаралардың бір легі осындай.