Қазіргі таңда тәрбиелік жұмыстың моделдік жоспарын жүзеге асыру үшін құрылған 495 клубта мектептегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайы кеңінен талқылануда. Оны жүзеге асыру үшін клубтардың жетекшілері тағайындалып, алдағы атқаратын жұмыстың жоспары да бекітілген.
Сынып жетекшілері 1-4 сынып оқушыларымен бірлесіп, жыл бойы ар, намыс, жауапкершілік, қадір-қасиет, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік және адалдық қасиеттерін насихаттайтын театрландырылған қойылымдар қоятын болады. Бұл қойылымдарды ұйымдастырудағы басты мақсат – балаларды қайырымды әрі жауапкершілікті болуға үйрету, сондай-ақ, әділдікпен адалдық әр адамның ішкі жан дүниесінде болатындығын бала санасына сіңіру. Клубтар тарапынан 5-8 сынып оқушылары арасында «Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» эссесі бойынша сайыстар өткізіледі. Бұл сайысты өткізудегі басты мақсат өскелең ұрпақтың бойында күнделікті әрбір азаматтың қажеттіліктері мен мүдделеріне адал қызмет жасау, елдің даму басымдықтары мен мақсаттарын жүзеге асыратын маңызды институт ретіндегі мемлекеттік қызметке деген түсінікті қалыптастыру.
Бұдан басқа, Ақмола облысының білім беру басқармасы сайтының «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бөлімінен қазіргі қолданыстағы заңнамалармен, бекітілген жоспарлармен, атқарылған жұмыстармен және сыбайластықтың алдын алуға қатысты ақпараттармен танысуға болатындығын атап өткеніміз орынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы