Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла,
өз пайдаң соның ішінде
- Жүсіп Баласағұн
Тіреусіз аспан жасап, сансыз жұлдыздар жарқыратқан, адамзаттың, анасы – қасиетті қара жерді жаратқан құдіреті шексіз, мейірім, шапағаты мол Алла тағала тарихта есесі кеткен қазақ халқына соңғы ширек ғасырда баға жетпес екі бақыт сыйлайды, оның бірі – жаннан да тәтті Тәуелсіздік, екіншісі – сол тәуелсіздік туын қолда берік ұстап, халқымызды «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» бастап келе жатқан кемел ойлы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу әлдеқайда қиын. Ол үшін оның іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, уығын берік байлап, шаңырағын биік ұстау шарт. Қазақстан бұл тарихи міндетті абыройлы атқарып келеді. Өтпелі кезең дейтін дауыл мен жауында елдің іргесі берік болды, шаңырақ шайқалған жоқ. Кеңестік кеңістіктегі республикалар отқа оранып, жоқшылық зардабын тартып жатқанда Қазақстан дағдарыстан даму жолына түсті.
Мұның құпиясы қайсы, сыры неде? Бұған берілер жауап: «Көш бастаған көсемі дана, елі еңбеккер, ынтымақты болса, аспайтын асу, алынбайтын қамал жоқ!» деп тәуелсіз Қазақстан өмірін алға тартып айтар едік ақиқатты.
Елді көркейтудің бір кілті – ынтымақ, бірлікте болса, тағы бір кілті – жұмысты ұйымдастыра, халықты соңынан ерте білетін басшыда. Осыны жақсы білетін Қазақстан Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев елдің бірлігін, нығайта отырып іскер, жаңашыл команда жасақтай алды. Солардың бірі – Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Елін сүйген ер болады, өзін сүйген ез болады. Нұрлан Асқарұлы Ноғаев елшіл, мемлекетшіл, халықшыл азамат. Мәскеудің М.И. Губкин атындағы мұнай және газ институтын бітірген білікті маман, іскер ұйымдастырушы. Осы қасиеттері жұмыс барысында байқалған ол 2012 жылғы 20 қаңтарда Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Министр, облыс әкімі қызметтерін абыроймен атқарған қарымды қайраткер Бақтықожа Ізмұхамбетовпен қызметтес бола жүріп, жақсы басшының жағымды қасиеттерін бойына сіңірген, Президент Назарбаевтың үлгісінен үйренуден жалықпаған Ноғаев басшы ретінде өсіп, кемеліне келді. Соны анық аңғарған Елбасы оған жаңа міндет жүктеді – 2016 жылғы 26 наурызда Нұрлан Ноғаев Президент Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.
Б.Ізмұхамбетовтің өнегесімен өзі де өзгеге үлгі болған Н.Ноғаев жаңа ізбасар тәрбиеледі. Соның бір дәлелі – Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. Президент Н.Назарбаев «Болашақ» арқылы түлеткен, Н.Ноғаевтың басқару мектебінен өткен іскер басшы Алтай Көлгінов облыс тізінін ұстаған аз уақытта қыруар жұмыс атқарып, Ел басының сенімін ақтап, елдің көңілінен шыққанын жақында Оралда іс-сапарда болғанда өз көзімізбен көріп, оның тағы бір қырына – жан дүниесінің байлығына көз жеткізіп, кісілігі мен кішілігіне риза болдық.
Тәуелсіздік тұсында ел басқарған әкімдердің көтерер жүгі де, жұртшылық алдындағы жауапкершілігі де, атқарған міндеті де арта түсті. Бұрын тек жоғары жақтың нұсқауымен жұмыс істеп, «бастық айтты заң» деген қасаң кағидаға бағынып келген басшылардың бұл күнде жаңа жолға түсіп, мемлекет мүддесіне сай, мейлінше еркін де жігерлі, қатаң талаптарға мойынсұнып, білек сыбана еңбек етуі – сөз жоқ, елімізге Тәуелсіздікпен бірге келген берекелі бетбұрыс.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген басшылық қауым бұл күнде білімді, қоғамшыл халықтың қолдауымен, ең бастысы – ұлтын сүйген ұлағатты ісімен бағаланатын болды. Мейлі ол аудан, облыс басқарса да, тіпті шағын кәсіпорынның шаруасын дөңгелетіп жүрсе де, тәлім-тәрбиесімен ұлтына деген жанашырлықтың үдесінен шығып жатса, ол шын мәнінде өз уақытының перзенті болуға бірден-бір лайықты азамат болып табылады.
Осындай азаматтың бірі – Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Осы тұрғыдан алғанда, біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Нұрлан Асқарұлының орны ерекше. Халық қалаған, жалпақ жұртқа ұнаған әкім туралы ой толғау бізге де бір парыз. Өйткені, халқына қызмет етіп елге жаққан, атақ-абыройға кенелген ел басшылары туралы шынайы лебіз айту қаламгер үшін де игілікті іс екенін ұмытпауымыз керек.
Өзінің саналы өмірін мұнай саласына арнап, осы жолда абырой биігіне көтеріліп келе жатқан Нұрлан Ноғаевтың өткен өміріне көз жіберсек, өркен жайған өнегелі істің, ел ертеңін ойлаған халықшыл азаматтың бітім - болмысы бірден көзге шалынады, оның еңбекпен өрілген бет-бейнесі дараланып шыға келеді. Әлбетте, ол аса көп марапат, мақтауды сүймейді, тек өз еңбегінің жемісін көріп, халыққа қалтқысыз қызмет етуді ғана өміріне мақсат тұтқан азаматты – біз де қызыл сөзбен қыздырмалатпай, тиянақты ісінің тағылымды тұстарына ғана тоқталып өткенді жөн көрдік.
Мұнайлы елдің мұңын да, қуанышын да қатар бөлісіп, маңдай терін төгіп, тынымсыз еңбек етіп жүрген нар тұлғалы азаматтың аз уақыт ішінде атқарған ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істері. Ол барған бетте, алдымен, сол жердің тұрғылықты халқы – мұнайшылардың хал - жағдайымен жеке танысып, өткен жылдардан қордаланып қалған проблемаларды тез шешуге және табыс көзін халықтың кәдесіне жаратып, сыртқы-ішкі саясаттың орнығып, қалыптасуына барынша күш салды.
Елбасы тапсырмаларын іскерлікпен жүзеге асырып, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ел үшін қандай қадамға барса да қажымай, шаршамай, ширыға жұмыс істеу, күрделі кезеңдерде қателеспей шыдамдылық таныту, тіпті қиын істе батырға тән байламға барып, қол бастай білуге, алған беттен айнымай, адаспай жол бастай білуге ұмтылуы, баршаға үлгі боларлықтай әрекет етуі Нұрлан Ноғаевты ел сүйіспеншілігіне бөлегені ақиқат.
Бізді Нұрлан Асқарұлының Батыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген кезінде қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай өткізген іс - шаралары әбден тәнті еткен болатын. Әрине, ақынға деген құрмет да көптік етпейді. Алайда дүниеден өткеннен кейін ақынның қадір - құрметін қастерлеу үрдісі аса қажет екені белгілі. Бұл алдымен ұлт үшін, халық үшін, артыңда қалған ұрпақ үшін, әлбетте, болашақ үшін керек. Осыны түсінген облыс әкімі Орал қаласының үлкен бір алаңына орда тіккендей, алдымен «Қадыр Мырза Әлі» атындағы мәдениет және өнер орталығын орнатты. Оның ішінде Қадырдың кітапханасын, концерт үйін, қалың оқырмандармен кездесетін, келелі кеңестер өткізетін орындарды орайын тауып бүгінгі техника жетістіктерімен жарақтандырды. Алаңның қақ ортасына, ғимарат үйінің алдына ақынның келісті ескерткішін орнатты. Үлкен іс-шараға қала жұртшылығы тайлы-тұяғына дейін қатысты.
Ол өзінің осы бір ұлтқа үлгі боларлық игі шараларын Атырау облысына келгеннен кейін де жалғастыра білді. Әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденов пен поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға еңселі ескерткіш орнатты.
Өткен жаз Нұрлан Ноғаевтың жемісті кезеңі болды. Өндіріс өркендеді, ауыл шаруашылығы өрге басты. Жаз бойы Атырау облысында ұлт тойы – өнер тойлары сән-салтанат құрды. Жыл сайын өткізіліп тұратын Махамбет поэзиясының күндері, Фариза оқулары есте қаларлықтай дәрежеде өтті. Атырауда, Еңбек Ері, өнер қайраткері Асанәлі Әшімовтің, белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ғафиз Есімов, Алтынбек Қоразбаев, тағы басқа өнер тарландарының кездесулері – концерттік бағдарламалары өтті. Иран Ғайыптың театр фестивалі үлкен деңгейде, шын мәнісіндегі өнер мерекесі дәрежесіне айналды.
Осы іс-шаралардың басты бағыты.
Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы үлкен идеяларды халық санасына сіңіру болды.
Атырауда жазда ғана емес, күзде де күн ыстық. Адамдардың жүрегі күннен де ыстық. Мұнайлы өлкенің ыстығына күйіп, отымен кіріп, күлімен шығып жүрген елдің ұлы, халықтың құлы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Президент командасындағы абыройы биік азамат!
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Халықаралық Алаш» сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ – АСТАНА