Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2017

Астанада «Рухани жаңғыру» жастар акциясы басталды

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мыңнан астам астаналық студенттің қатысуымен «Бәйтерек» монументінің қасында жалпы республикалық «Рухани жаңғыру» жастар акциясы бастау алды. 

Астанада «Рухани жаңғыру» жастар акциясы басталды

Дөңгелене сап түзескен жастардың көңіл-күйінен өзгеше мерекелік леп еседі. Қолдарына ұстаған түрлі-түсті шарды қалықтатып аспанға қоя бергенде, Астананың аспанын жаулаған шарлар көз ұшынан бұлдырап барып, сағымға айналды.

Салтанатты шараға қатысқан Рио-де Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов жастардың басын біріктіріп, ізгілікке ұйыстырып отырған мұндай шаралардың маңызы зор екеніне тоқталды. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жетекшісі Асхат Оралов рухани жаңғырудың алғышарты ретінде ұлттық мәдениетті сақтау мен насихаттау бойынша атқарылатын іс-шаралар реті туралы баяндап өтті.

– Мемлекет басшысы біртұтас ұлт болу үшін болашаққа ққарқынды қадам басуды және бұқаралық сананы өзгертуде жастарға үлкен үміт артып отыр. Осы мақсата ұйымдастырған мұндай айтулы шарадан еліміздің белсенді жастары қалыс қалмауы қажет. Ал акцияны 22 қыркүйек күні Каспий жағалауында қорытындылаймыз, – дейді ол.

Басқарма жетекшісінің айтуынша, ізгілік пен жасампаздықты ту еткен акция шеңберінде «Білім», «Асар», «Тағзым», «Өнер» атты төрт бағытта ел жастары өнеге боларлық іс-шаралар атқарылмақ. Ұлттық салт-дәстүр мен тарихты жаңғырту мақсатында халық көп жиналатын орындарға барып, жалпыхалықтық викторина ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, көмекке зәру зейнеткерлер мен жасы келген қарияларға да қол ұшын беру, өзен аңғарлары мен саябақтарды тазалап, ағаш отырғызу сынды бірқатар игі істерге мұрындық болмақ.

Ел алдына үлкен міндеттер қойып, оны жүзеге асырудың мемлекеттік тетіктерін анықтап берген мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында өтіп жатқан айтулы шара апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасады. Іс-шараны Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырып отыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»