Бас сүйекті жерлеу рәсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, белгілі жазушы Сабит Досанов, Парламент депутаттары, жазушылар және батырдың аруағын құрметтеген жұртшылық өкілдері мен ұрпақтары қатысты.
Батыр сүйегін жерлеуді рәсімдеуге арналған митингіде мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Кейкі есімін ұлағаттау Тәуелсіздік жемісі екенін айтты. "Елімізді, жерімізді қорғаған талай батырларымыздың есімі тарихымызда алтын әріппен жазылып қалды. Солардың арасында атақты мерген, сардар Кейкі батырдың орны ерекше. Оның есімін ұлықтап жатқан бүгінгі шараның да тарихи маңызы ерекше", деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ Кейкі аруағына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Мұнан кейін "Кейкі батырдың өмірі мен өлімінің жұмбағы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция, ат жарысы, концерт басталды. Олардың қорытындысы туралы тағы да хабарлайтын боламыз.
Нәзира Жәрімбет,
"Егемен Қазақстан"
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы.