Үкімет • 18 Қыркүйек, 2017

Жасампаздық пен жаңғыру жолындағы Атырау

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы мұнайлы аймаққа жұмыс сапарымен келді

Жасампаздық пен жаңғыру жолындағы Атырау

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша мұнайлы аймақта қолға алынған игі істердің қатары көп. Бұған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Атырау облысына жұмыс сапары кезінде көз жеткізді.

Болашақ мұнайшылардың білім ордасы

Елбасы Жолдауында адами капиталды дамыту, білім берудің көкжиегін кеңейту мәселесіне назар аударылған. Осы ретте Атыраудағы APEC Petro Technic Жоғары техникалық колледжіндегі мұнай-газ саласы мамандарын оқытудың қазіргі заманғы үлгісін айрықша атауға болады. Ашылғанына бес жыл болған оқу орнында жастардың алаңсыз білім алуына қажетті барлық жағдай бар. Премьер-Министрдің жұмыс сапары осы білім ордасынан басталды. Студент жастармен кездескен Бақытжан Сағынтаев мұнай-газ саласына кадр дайындау, түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, болашақ мамандықтары үшін дағдылар мен біліктіліктер қалыптастыру, дуалды оқытудың ерекшеліктері мен кәсіби құзыреттерді кеңейту бойынша жас мамандарға жағдай жасау мәселелеріне тоқталды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев кездесуде айтылған жайттар бойынша түсініктеме беріп, жастарға заманға сай білім алудың қажеттілігін атап айтты.

Технологиялық жаңғырту тиімділігі

Елбасы Жолдауы аясында мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың технологиялық жаңғыртылуы Премьер-Министрдің қатысуымен өткен жиынның күн тәртібіне қойылды. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнында болған Үкімет басшысы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ба­тыс Қазақстан, Қызылорда облыс­тарындағы ірі мұнай компа­ния­ларының басшыларымен кездесті.

Алдымен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы хабарлама жасаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев экономиканы әртараптандыру бойынша қолға алынған шараларды да назардан тыс қалдырмады. Бүгінде мұнайлы өңірде 600-ден астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. «Қазақстандық мазмұнның үлесін көбейту туралы шетелдік компаниялармен келісімдер жасалды. Алайда құрал-жабдықтарды жеткізу мен орналастыруда жергілікті жердің мүмкіндігі әлі де толық пайдаланылмай келеді», – деді облыс әкімі.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту туралы баяндаса, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының шеңберіндегі іс-шаралар жайына тоқталды. «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың жұмысынан кәсіпорын басшысы Сауат Мың­баев хабардар етті. «СНПС – Ақтө­бемұнайгаз», «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Теңізшевройл», бас­қа да компаниялардағы техно­логиялық жаңғыртулар да әңгіме өзегі болды. 

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев мұнай-газ саласы мамандарының біліктілігін арттыру, жұмыссыздықтың алдын алу, жобалардағы жергілікті қамтуды көбейту бойынша кәсіпорын басшыларына міндеттер жүктеді. 

Атыраулық кәсіпкерлердің бизнесі берекелі

Атыраудағы «Атамекен» ҰҚП Өңірлік кеңесінің мүшелері де Үкімет басшысымен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерді еліміздің мұнай-газ саласын цифрландыруға тарту мәселелері айтылған мәжілісте мұнайлы өңірде шағын индустриялық аймақтар құру, ауыл шаруашылығы саласы бизнесін несиелендіру жайы да назардан тыс қалмады. 

Премьер-Министр Елбасы тапсырмасына сәйкес цифрлы технологияларды экономиканың барлық салаларына енгізу керектігін атап өтті. Кәсіпкерлерге сәйкес ынталандыру жүйесін құру, нормативтік базаны жетілдіру, кәсіпорындарды цифрлы трансформациялау үшін шығындарды азайту, цифрлы жобаларға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Атырау облысының кәсіпкерлері бұл бағытта үлкен мүмкіндікке ие, себебі мұнай-газ саласы Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін өте қолайлы. Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бизнесті қолдау, жеңілдікті несиелеу түріндегі құралдары бар АӨК-ті дамыту мен өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясындағы жұмыстар жалғасып жатқанынан хабардар етті. 

Инвестициялық жобаның игілігі көп

Қашаған кен орнының нысандарында мұнай-газ саласындағы өндіріс қуаттылығын арттыру бойынша тапсырмалардың орындалу барысы да Үкімет басшысына баяндалды. Жасанды D аралы мен «Болашақ» зауытын аралаған Бақытжан Сағынтаев әлемдегі ірі көмірсутекті нысандардың бірі және еліміздегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба ретінде Қашағанның маңызы зор екенін атап айтты. Қазір мұнда ай сайын 650 мың тоннаға дейін мұнай өндіріледі. Ал «Болашақ» зауыты мұнайды қайта өңдеумен, оны сақтаумен және экспортқа жөнелтумен, газды дайындаумен, сұйылтылған газды отын ретінде алумен, күкірт өндіру әрі оны сақтаумен, қалдық газды тазартумен және қолданыстағы желіге қосылу нүктесіне дейін жеткізумен айналысады. Жақында Атырауда тағы бір жоба бастау алады. Тәулігіне 4500 тонна түйіршіктелген күкірт шығаратын зауыттың өңір экономикасына қосатын үлесі көп болмақ. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы: құрылыста қарқын бар

Үкімет басшысы жұмыс сапарында «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша салынған көп пәтерлі тұрғын үйлерді көруге де уақыт тапты. Облыс орталығындағы «Нұрсая» шағын ауданындағы «Тұлпар-2» тұрғын үй кешені мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бой көтерген. Биыл Атырауда 370 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық көрсеткіш. Қазір 37 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарымен танысқан Бақытжан Сағынтаев: «Ең алдымен әлеуметтік нысандарға, мектеп, балабақшалардың салынуына, сапалы тұрғызылуына маңыз берілуі керек» – деді.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Сурет Премьер-Министрдің баспасөз қызметінен алынды