Кинокомпанияның бас продюсері Ернар Маликовтің айтуынша, аштықтың салдарынан қазақ халқының 60 пайызға жуығы қырылып, 1,5 миллионнан астам адам туған жерін тастап, шекара асуға мәжбүр болған. Тарихи деректерді алға тартқан продюсердің мәліметінше, 1911 жылдары Қазақстандағы жергілікті ұлт саны 8,5-9 млн болған. Қазақ халқы сан жағынан түркі тілдес халықтардың ішінде Осман түріктерінен кейін екінші орын иеленген. Ал 1939 жылғы деректерге қарағанда, бұрын-соңды болмаған зұлматтан небәрі 2,4 млн қазақ қана аман қалған.
Сондай-ақ фильм сценарийінің авторы әрі режиссері, еуропалық және халықаралық әйел-фильммейкерлер қауымдастығының мүшесі Марина Қонарова ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, адамгершілік, ауызбіршілік, адамзатты сүю секілді ізгілік идеясын дәріптеуге де ерекше мән берілгенін айтты.
Фильмнің жобасын ол осыдан бес жыл бұрын жазған. Осы уақытқа дейін орайлы сәтін күтіп жатқан жобаға Еуропа кино қоры тек биыл ғана қолдау білдіріп, фильм бюджетінің тең жартысын төлеп беруге ұсыныс жасағаннан кейін түсіру тобы іске кіріскен.
Фильмнің жарты қаражатын табу үшін бас продюсер жеке инвесторлар мен бұл тақырыпқа бейжай қарай алмайтын жанашырлардың қолдауына сүйенетінін жеткізді. Түсірілім жұмысы қараша айында басталып, 2018 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 2018 жылдың күзінде «Ашаршылық» фильмі әлемдік прокатқа жол тартпақ.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ