Кино • 18 Қыркүйек, 2017

1931-1933 жыл­дар­дағы ашаршылық туралы фильм түсіріледі

1783 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін «Үш тоғыз», «Ана жүрегі», «Обрат­ная сто­ро­на» секілді туынды­лары­мен танылып үлгер­ген «MG productions» киноком­пания­сы ХХ ғасырдағы адам қолымен қаса­қана жасалған жантүршігерлік қыл­мыстардың бірі – 1931-1933 жыл­дар­дағы ашаршылық туралы фильм түсіруді қолға алмақ.

1931-1933 жыл­дар­дағы ашаршылық туралы фильм түсіріледі

Кинокомпанияның бас прод­юсері Ернар Маликовтің айтуынша, аштықтың сал­дарынан қазақ халқының 60 пайызға жуығы қырылып, 1,5 миллионнан астам адам туған жерін тастап, шекара асуға мәжбүр болған. Тарихи дерек­терді алға тартқан продюсердің мәліметінше, 1911 жылдары Қазақстандағы жергілікті ұлт саны 8,5-9 млн болған. Қазақ халқы сан жағынан түркі тілдес халықтардың ішінде Осман түріктерінен кейін екінші орын иеленген. Ал 1939 жылғы деректерге қарағанда, бұрын-соңды болмаған зұлматтан небәрі 2,4 млн қазақ қана аман қалған. 

Сондай-ақ фильм сцена­рийі­нің авторы әрі режиссері, еуропалық және халықара­лық әйел-фильммейкерлер қауым­дастығының мүшесі Мари­на Қонарова ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, адамгершілік, ауызбір­шілік, адамзатты сүю секілді ізгілік идеясын дәріптеуге де ерекше мән берілгенін айтты. 

Фильмнің жобасын ол осы­дан бес жыл бұрын жазған. Осы уақыт­қа дейін орайлы сәтін күтіп жат­қан жобаға Еуропа кино қоры тек биыл ғана қолдау білдіріп, фильм бюджетінің тең жартысын төлеп беру­ге ұсы­ныс жасағаннан ке­йін тү­сі­ру тобы іске кіріскен.

Фильм­­­­­­нің жарты қаражатын табу үшін бас продюсер жеке инвесторлар мен бұл тақы­рыпқа бейжай қарай ал­май­тын жана­шырлардың қол­дауы­на сүйе­не­тінін жет­кізді. Түсірілім жұмы­сы қара­ша айында басталып, 2018 жыл­дың ақпан айында аяқ­та­лады деп жос­парланып отыр. 2018 жылдың күзін­де «Ашаршылық» фильмі әлем­дік прокатқа жол тартпақ.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ