Бұл жеңістің басты бақыты – ажарымен, ақылымен, өнерімен алдына жан салмаған аруға келесі жылы АҚШ-та өтетін «Әлем аруы-2018» байқауында мұқым қазақ қыздарының көркін паш ету бұйырды. «Алматы аруы» атанған қыздарға 2015 жылдан бері әлемдік мінберге жол ашылғанын айта кетелік.
Сәбиналардың бәрі сұлу, бұған дейін де Сәбина Алтынбаева ешкімге ұқсамайтын қазақ қыздарының сүйкімділігін күллі әлемге танытқан.
Енді «Тұран» колледжінің студенті келесі жылы әлемнің ең сұлу да білімді бойжеткендері көтерілген мінберден табылмақ.
Бір күнде айы оңынан туған Сәбина мамандығы бойынша болашақ аудармашы әрі гид. Оны жасынан ересек көрсететін сырт келбеті ғана емес, тірлігі, өзін өзі ұстауы десек жаңылыса қоймаспыз.
Қысқасы, биыл «Алматы аруы-2017. Сұлулық қуаты» атауымен өткен кезекті байқауға қатысуға 400-ден астам қыз ұмтылған. Олардың арасынан 10 сұлу ғана қазылар алқасының барлық талаптарынан табылды. Тағы бір қызығы, биыл бірінші рет аталмыш байқауда қыздардың ерекше бір таланты сынға түсті. Байқаудың ақтық бағдарламасына қойылған бұл кезеңге қыздар барын салды. Көрермендер де көңілді болды.
Жарыс барысында арулардың барлығы да бағына сиынғаны сөзсіз. Өйткені бұл жарыста жеңімпаз болу бір бөлек те, түрлі мүмкіндіктерге ие болу бақыты да бар еді. Мәселен, байқаудың бас жүлдесінен кейінгі орындарды бөліскен Алина Мелкина мен Дарья Галочкинаға Грекияда 4 жыл білім алуға жол ашылды. Олар бұл елде ағылшын тілін терең меңгеретін болады.
Ал қазылар алқасына кіл сұлудың ішінен бір сұлуды таңдау шынында да оңай болмаған. Жастардың бәрі де көрікті, өнерлі. Оның үстіне «Алматы аруы-2017» атанған сұлу бүкіл Қазақстан атынан әлемдік байқауға қатысып, оған төрткүл дүние көз салатыны тағы бар.
Дегенмен Сәбина жарыстың барлық кезеңдерінде өзіне сенімді болғанын байқау қиын емес. Қанша толқыса да бас жүлдеге лайықпын деген ішкі қуат пен сенім оның түйсігін алдамады. Оған қоса арулар байқауына қатысып жатқан қызды колледжі де қолдап, сессияны кейін тапсыруға мүмкіндік берген.
Ол бірінші кезекте спортты, оның ішінде боксты, биді жақсы көреді. Геннадий Головкиннің спорттағы жетістіктеріне сүйсінеді. Және өзін өз елінің патриоты деп білетін қыз Қазақстанды жақсы қырынан көрсету үшін бар өнерін салып дайындалмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ