Екі апта ішінде Доминик пен Барбара Литва, Латвия, Ресейден өтіп, Қазақстанға – батыс қақпа Орал қаласына жетіпті. Интернет арқылы алдын ала тапсырыс беріп қойған хостелін таба алмай жүрген шетелдіктерді Берік Шадығали есімді оралдық тұрғын кездестіріп, өз үйіне әкеліп, қондырып, қонақ етіпті.
– Сарытау жақта адасып жүр екен, интернет ұстамайды, Қазақстанның sim-картасы жоқ. Көші-қон полициясына апарып, құжаттарын реттеп, қаламызды аралаттым. Ұлттық асымызды беріп, келесі күні шығарып салдым, – дейді Б.Шадығали.
Саяхатшылар ортағасырлық Жайық қаласының орнын көріп, облыстық өлкетану музейін тамашалаған. Орал қаласының көне ғимараттарына сүйсініп, жаңа алаңның сәулетін де ұнатыпты. «Әсіресе өлкетану музейіндегі жәдігерлерге қатты таң қалып кетті», дейді қонақжай отағасы.
Доминик пен Барбара Facebook әлеуметтік желісінде Wystopili - Autostopem do Azji атты парақша ашып, күнделік жүргізіп жүр екен. Кешегі жазбасында оралдық досы Беріктің, жалпы қазақ халқының қонақжайлығына алғыс айтыпты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ