Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, әңгіме негізінен соғысты тоқтату мен әскери және гуманитарлық көмек көрсету төңірегінде өрбіген. Министр Астана отырысының нәтижесінде Сириядағы жағдай жақсы бағытқа өзгеріп, дағдарысты саяси келіссөздер арқылы шешудің көкжиегі кеңейе түскеніне тоқталды.
«Қазақстан Президентінің үздіксіз қолдауымен жүзеге асып келе жатқан Сирия мәселесі бойынша Астана процесі өз мәресіне жетті. Жиынға қатысушылар Астана платформасы аясында осыған дейін келісілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша өзара іс-қимыл жолдарын таныстырды», – деді Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов.
Министр Сириядағы шиеленістің қайта өршуі ешқандай тарапқа пайда әкелмейтінін айтты. Сондай-ақ ол елдегі жағдайды тұрақтандыруға әсері бар мемлекеттер саяси келіссөздер жүргізуді маңызды деп есептейтінін жеткізді.
«Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған барлық бейбіт бастамаларды қолдай отырып, келіссөздерге өз алаңын ұсынуын жалғастыра береді. Елде қақтығыс белең алысымен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлем елдерін Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырған болатын. Қаңтарда басталған Астана келіссөздерінің табысты болатынына сенбегендер табылды. Алайда, осында жиналғандардың жігерінің арқасында Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік туып отыр», – деді Қ.Әбдірахманов.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Астанадағы келіссөздердің арқасында бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта орнатуда маңызды нәтижелерге қол жеткенін хабарлап, Сирияда деэскалация аймақтары құрылатынын мағұлымдады. Қ.Әбдірахмановтың пікірінше, бұл – Астана келіссөздерінің маңызды шешімдерінің бірі.
Жиынды қорытындылаған Қ.Әбдірахманов Иран, Ресей және Түркия тарапының ортақ мәлімдемесімен таныстырды. Онда аталған үш елдің Сирия араб республикасының бірлігі мен аумақтық тұтастығын, егемендігі мен тәуелсіздігін сақтай отырып, кепіл мемлекеттер ретінде елдегі бірқатар зорлық-зомбылықты азайтып, оқ атуды тоқтатуды қолдайтыны айтылған.
Үш елдің мәлімдемесінде бірқатар мәселелер қаралған. Онда 2017 жылғы 4 мамырда келісілген Меморандумға сәйкес, 4 деэскалация аймағын құру ісі жарияланған. Атап айтар болсақ, шығыс Гута, Хомс өлкесінің солтүстігінде, Идлиб және көрші аудандарда, Сирияның оңтүстігінде тұрақтандыру аймағы құрылмақ. Әйтсе де, мұндай деэскалация аймақтары уақытша, 6 айлық мерзімге жасалады және оны ұзарту кепіл мемлекеттердің құзыретіне кіреді. Мәлімдемеде мұндай аймақтардың Сирияның бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтірмейтіні айтылған.
Сириядағы шиеленісте бірнеше қарулы топтың қақтығысып жатқаны мәлім. Солардың кейбірі террористік ұйым ретінде танылған. Келесісі мемлекеттің негізгі күші саналады. Осыған орай, кепіл мемлекеттер мәлімдемесінде Сирия араб республикасы билігі және Қарулы оппозиция күштерімен қақтығысудың алдын алу мақсатында Идлиб провинциясы мен көрші аудандардағы әскери күштерді қайта орналастыру мәселесі қарастырылған. Ал ИЛИМ, «Джабхат ән-Нусри» секілді «Әл-Каидамен» қатысы бар террористік топтармен күрес жалғаса береді. Сонымен бірге, деэскалация аймақтарындағы жағдайды бақылау мақсатында Иран-Ресей-Түркия бірлескен басқару орталығын құру жоспарланып отыр.
«Астана келіссөзін бақылаушылар және мүдделі халықаралық қоғам мүшелерін Сириядағы деэскалация мен тұрақтандыру әрекетін қолдауға, Сирия тұрғындарына қосымша көмек жіберуге, тарихи құндылықтарды қорғап, әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылым секілді өмірге қажетті объектілерді қайта қалпына келтіруге шақырамыз», – деді мәлімдемені оқыған Қ.Әбдірахманов.
Астана келіссөздерін жиынға қатысушылар жоғары бағалады. Үш елдің мәлімдемесінде Елбасы Н.Назарбаевтың Сирия келіссөздерінің 6-шы кезеңін өткізуге қосқан үлесіне ризашылығын білдірді. Дамаск делегациясының мүшесі Башар әл-Джаафари Астанадағы келіссөздердің тиімділігі мол екенін сөз етті. Оның пайымдауынша, Астанадағы процестің пайдасы мол болғандықтан, бірқатар мемлекеттер қызығушылық танытып отырған көрінеді. Өз кезегінде Сирия оппозициясы делегациясының өкілі Айман әл-Әсими көзделген мақсаттарының біріне қол жеткізгенін айтады.
«Осы кезеңде 3 миллион тұрғыны бар Идлибте деэскалация аймағын құру жөнінде келісім жасалды. Бұл – бүгінгі басты мақсат болатын. Мұндай оңтайлы қадамдар Женевада саяси шешімдерге өз әсерін тигізеді. Сирия билігі тұтқынға түскендерді босатуды мүмкіндігінше кейінге қалдыруды көздеп отыр. Алайда, Қазақстан мен Ресей тарапы бұл мәселеде көмек қолын созатынына уәде берді», – деді оппозиционерлер өкілі Айман әл-Әсими.
Сириядағы шиеленісті шешу барысында аталған елде ешкімге бас бермей асаулық танытқан серкелердің басын бір ортаға жинап, оң нәтижеге қол жеткізу оңайға соққан жоқ. Сирияда әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Осыған сәйкес, келіссөздерге қатысушылар келесі бас қосудың биылғы қазанда өтетінін хабарлады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»