Басқосу барысында дәл қазір қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отырған латын әліпби мәселесі қозғалып, жиынға қатысушы – Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық және өңірлік деңгейдегі Ассамблея құрылымдарының басшылары, сонымен қатар тіл мамандары мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, талқылауға қатысты салалық ведомства қызметкерлері бірлесіп «Латын әрпіне көшу – біздің ортақ мақсатымыз» тақырыбында келелі ойлар айтылып, кемел түйіндер ортаға салынды.
Жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, қазақ қоғамын қазіргі таңда латын әліпбиіне қарқынды көшу шарасы күтіп тұрғанын, бұл мәселе негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясаттың жеміс екеніне тоқталды. Сондай-ақ осыған дейін Елбасының кезекті Жолдауы мен «Қазақстан – 2050» стратегиялық тұжырымдамасында айқындалғанын, сонымен қатар, биылғы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс» дегенін жиынға қатысушылар есіне салды. Әрі Елбасының идеясымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл шаруаға тікелей атсалысуға кіріскендігін мәлім етті.
Шын мәнінде бұл жолғы тарихи таңдау кімді болсын бей-жай қалдырып отырған жоқ. Өзінің тағдыр-талайын Қазақстан елімен байланыстырушы әрбір этнос, тіпті байырғы этникалық жұрт қазақ туғандардың өзі сан түрлі пікір мен сан қилы ойларға берілуде. Осындай алмағайып тұста атамыз қазақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, мамандар тарапынан айтылған келелі ойларға тоқталсақ: біріншіден, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақстанды рухани жаңғырту бағдарламасының өзегі болып табылады. Сонымен қатар елдегі үштілділік білім беру жүйесін қалыптастыру кезінде, жас ұрпақтың үш тілді бірдей меңгеруін жеңілдетеді. Келесі бір пайдалы дүние – біздің латын графикасы таңбасына көшкен мемлекеттік тілімізді, латын әліпбиін қолданатын басқа мемлекет азаматтарының қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысын қанағаттандырады. Яғни қазақ тілін үйрену үшін қолжетімділік артып, халықаралық бизнес пен туризмді дамыту тұрғысынан да, тілдің тартымдылығына жол ашылады деген пайымдар жасалды.
Жалпы алғанда, латын әлемі Қазақстанға инвестициялар мен технологияларды трансферттеу үшін аса қажет. Бұл тұрғыдан алғанда жиынның бас баяндамашысы Дархан Мыңбай мырза атап өткендей, бүкіләлемдік банктің дерегі бойынша дүние жүзіндегі ең ірі 30 экономиканың ішінде 22 елде, ал 10 жетекші экономиканың 7-уінде латын әліпбиі қолданылады. Сондай-ақ, ІЖӨ-і жан басына шаққанда ең жоғарғы деңгейдегі 20 аса қуатты елдердің 18-і латын әліпбиін пайдаланады екен.
Осыған қарағанда, латын әліпбиіндегі мемлекеттік тіл қазақстандық лингвистикалық кеңістіктің халықаралық коммуникациялар мен әлемдік экономикаға қосылуының жаңа арнасына айналуына жол ашары сөзсіз. Осы арқылы біздің тілдік лексиконымыз ба-йып, цифрлы технологияларды игеру жеңілдейді. Демек, латын графикасын қабылдаудың арғы жағында – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған таза прагматизм жатыр деп түсінуге толық негіз бар.
Талқылау барысында ой қосушы ғалым А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің пайымына жүгінсек, қазақ қоғамы үшін қазіргі әліпби ауыстырудың мәні басқаша, бұл тәуелсіздіктен кейінгі жүргізіліп келген Елбасы саясатының жарқын жемісі. Әліпби ауыстыру дегеніміз – әріптің таңбасын өзгерту емес, оның саяси мәні терең. Бұл тілдік реформа. Реформа кезінде әрқашан талас-тартыс өрбитіні орынды. Сондықтан да, оның аса нәзік тұстары көп, деді Ерден Задаұлы.
Сол сияқты, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің бірі – Сергей Вишняк, мұндай ауқымды реформа кезінде ең әуелі, науқаншылдыққа ұрынуға болмайтынын ескертіп, қателіктер кетіп қалмас үшін тіл мамандарының тұжырымына тоқтауды жөн санайтынын, айналып келгенде Елбасының шешімін орындау жалпықазақстандықтардың парызы дегенді жеткізсе, қоғам қайраткері, ағылшын тілінің білгір-ғалымы Әділ Ахметов: «Бүгінгі таңда қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отырған латын әліпбиі жайында ең алдымен түсініспеушілік болмауы керек. Сол себепті де, осындай иігі шаралардың жиі-жиі атқарылғаны дұрыс. Менің баса айтқым келетіні: біз латын әріпіне ауысып жатқамыз жоқ, бұл бұрын болған жазу, соған қайта оралып жатырмыз. Өйткені, жазулар тарихына қатысты дереккөзге үңілсек, латын әліпбиінің 2500 жылдық тарихы бар. Яғни, осынша уақыт әбден сүзгіден өтіп, пісіп-жетіліп, сұрыпталған әріп бұл. Ағылшын тілінің маманы ретінде байқағаным, латын әліпбиіне көшу, ұлттық әліпбиге латын графикасын қолдану әлемдік үрдіске айналған. Адамдар экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогрес-те барынша көп жетістіктерге қол жеткізген елдердің тілін біліп, үйренуге ұмтылады. Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің басым көпшілігі латын әліпбиін пайдаланатын болғандықтан, бұл үрдістен шет қалуға болмайды» деді.
Расында, ғалым ағамыз айтқандай, әлемде латын әрпіне ұқсас кириллица жазуды пайдаланып жүрген бізді қойып, иероглиф иелері – жапон және қытай тілдерінің ғалымдары заманауи қажеттілік үшін латын графикасына негізделген әліпбилік транскрипцияларын жасап жанталасып жатқан көрінеді. Демек, кез келген ақпаратты латындандыру – бүгінде объективті әлемдік тренд.
Талқылаудың тағы бір құрметті қонағы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко: – Латын әліпби мәселесінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан қолдау тауып, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып отырғаны қуантады. Мемлекет басшысы мың өлшеп барып, бір кесетін көреген, кесек тұлға. Сондықтан да қазақ қоғамына латын әліпбиінің енуі, заман талабынан туындап отырған және аса қажеттілігі айқындалған іс. Енді шегініс жоқ деп ойлаймын. Бұл әліпби тек қазаққа ғана емес, күллі қазақстандықтарға ортақ рухани бірлікке шақыратын тетікке айналуы керек. Өйткені, әлемдік ақпарат айдынының тізгіні латын әліпбиінің ықпалында. Бұл арада бұрыннан келе жатқан кириллицадан бас тарту жайлы сөз жоқ. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы баспасөз өкілдерімен болған кездесу кезінде айтты, – деді.
Осы орайда, республикалық «Белорус мәдени орталығының» жетекшісі Л.Питаленконың көкейге қонымды толғамына тоқталсақ, Леонид Николаевичтің пайымынша, латын әліпбиіне көшу мәселесінің астарында – аса маңызды қазақ руханиятын жаңғыртудың тетігі тұр. Біз бұны мойындауға тиіспіз. Уақыт өткен сайын ғаламдық ақпарат пен коммуникацияның жиілігі зымырандық жылдамдықпен құбылып жатыр. Қазақстанды осы үрдіске ілестіретін дүние латын әліпбиі. Сол себепті, біз қаншалықты тез ұмтыламыз, соншалықты ұтысқа шығамыз. Одан кейін мына бір дүниені нақтылай түскен жөн. Менің қазақ достарым латын мәселесінде алаңдамасын. Өйткені, қазақ тілін бүгінгісінен де әрлендіретін, бұдан да биіктетін, жемісті түрде жетілдіретін жол осы – латын әліпбиі. Түбі көресіз, бұл жолмен бәріміз бірге жүретін боламыз, деді.
Қарағанды облыстық «LITUANICA» этномәдени қауымдастығының басшысы Виталий Тварионас: «Бүгінгі таңда дамудың басты белгісі комьпютерлік жүйе. Оның тетігі – латын әліпбиі негізінде қаланған. Сол себепті, қазақ тілін латын графикасына көшіру – терең объективті қажеттіліктен туындаған уақыт талабы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, яғни оның болашағы үшін елдің барлық азаматтары мүдделі. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» деді.
Ғылыми-сараптамалық кеңесті қорытындылаған Дархан Мыңбай мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын Қазақстан халқы Ассамблеясының деңгейінде талқылау орынды әрі табысты өткеніне тоқталды. Ассамблея тарихи қадам – мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсау жөнінде тастүйін шешімге бекігенін білдіріп, Үндеу қабылдады.
Үндеуде латын графикасын енгізу Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіруі үшін, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үдерісінде ұзақ мерзімді әсер бере алатыны атап көрсетілді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Қатысушылар лебізі
Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Әліпбиді реформалаудың тарихи тамыры тереңде жатыр және ол әлемдік ғылым-білімде, технологиялық және коммуникациялық кеңістікте Қазақстанның бәсекелестігін арттыруға бағытталған.
Ол сонымен қатар, тілді жаңғыртуды көздейді. Бұл тілдің шексіз байлығын, әлеуетін ашады. Сондықтан Қазақстан Президенті осы жылдың аяғына дейін ғалымдар мен қоғамдық көпшілік арқылы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдауды тапсырды.
Осы алға қойылған тапсырмаға сай Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобына кірген ғалымдар қоғамдық сананы жаңғырту бойынша көптеген іс тындырды.
Аталған жоба алғаш рет Парламент қабырғасында тыңдалды. Осы отырыста айтылған пікірлерді қорытындылай келсек, қазақ тілі қарпінің латынға ауысуы ғылыми негізделген үдеріс болып табылады.
Бұл жерде бір айрықша атап өтер жайт, мемлекеттік тілді реформалау мемлекеттік тіл саясатын өзгертуді көздемейді. Әліпбиді ауыстыру тек қана қазақ тіліне қатысты мәселе. Латыншаға ауысу, ең алдымен, қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға бағытталған. Осының арқасында тіл фонетикасы мен оның таңбалануын сәйкестендіру қамтылмақ.
Бұл орайда Үкіметке бірыңғай стандартты дайындауда, талқылауда және енгізу барысында жүйелілікті сақтау мен қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Парламенттегі тыңдау жұмыстарының нәтижесі латынға көшуге байланысты атқарылатын барлық шаралардың бастауы болды.
150 мыңнан аса адамы бар 1338 этномәдени ұйымдарды біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы және басқа да салалар әліпбидің латынға ауысу барысын толық қолдайды деп сенеміз. Алда тұрған барлық шаралар кешені тіл аясындағы заңдарымызды дамыту мен өзге де маңызды мәселелерді жүзеге асыруды көздейді.
Біз, Мәжілістегі ҚХА тобы, бұл жұмысқа белсене кірісеміз.
Князь Мирзоев,
«Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы:
– Ең әуелі мынаны айтқым келеді. Біз латынға көшпейміз, оған қайта ораламыз. Түбімізге қайта оралу заңды құбылыс.
Мына нәрсені айта кету керек. Әліпбиі ауыстыру не қайта оралу әр егемен елдің жеке шаруасы. Тіл мен оның дамуы өзінің бірегейлігі мен егемендігін сақтап қалудың кілті.
Латынға ауысу кезінде 1928 жылдан бері қолданыста жүрген Түркияның тәжірибесіне көңіл бөлу керек. Мұндай жолмен Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан да жүріп өткенін естен шығармай, олардың түркі әлемімен өз тарихи-мәдени байланысын тиімді жүргізіп отырғанын ескерген жөн.
Қазақ тілінің латын қарпіне қайта оралуы түркі елдері арасында ерекше орын алуға жағдай жасайды. Атақты түркі шығыстанушысы Исмаил Гаспыралы өз сөзінде «Оймен, тілмен және іс-әрекетпен бір болыңдар» деп айтқаны бізге дәл келеді.
Латынға көшкен қазақ тілі «электронды» әлемдегі басты коммуникация белесіне айналады. Мемлекеттің басты саясаты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне басымдық береді. Ал латын графикаға өту ағылшын және басқа да еуропалық тілдерді жедел әрі еркін меңгеруге мүмкіндік туғызады.
Қазіргі таңда латын графикасы жастар мен балалар арасында кең танымдыққа ие. Латын қарпімен қазақша үйрену кириллицаға қарағанда оңай болады.
Үндестік заңын ескеретін қазақ тілінде жаңа әліпбидің арқасында оқу мен сөйлеу анығырақ және дұрысырақ жүреді.
Шерзод Пулатов,
Астана қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Латын қарпіне ауысу – заман талабы, болашақ ұрпаққа керек қажеттілік. Егер бұл қадамды бүгін жасамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Көптеген мемлекеттер латын графикасын қолданады және түркі мемлекеттерінің бәріне жуығы да осы жазу түріне ауысқан.
Біз үшін латынға ауысу көптеген артықшылық пен мүмкіндік береді. Ең әуелі, әлемдік білім, ғылыми, ақпараттық кеңістікпен байланыс орнатамыз. Ақпараттық технология саласындағы бүкіл бағдарламалар латынды қолданады. Екінші, Парламентте талқыланған жоба ағылшын әліпбиіне жақын. Ендеше, ағылшын тілін меңгеру жеңілдейді. Әлемде 1,5 миллиард халық ағылшынша сөйлейді және тағы 1 миллиарды оны оқып жүр. Үшіншіден, латынға ауысу бізді түркі әлемімен жақындастырып, мәдени байланысты нығайтады.
Сонымен қатар, латынға ауысу арқылы фонетикалық және орфографикалық кемшіліктерді жоямыз. Кириллицаны қолданғанда көптеген қазақша атаулар өзгеріп шыға келеді. Мәселен, Қазақстан атауын шетелдіктер дұрыс қолданбайды. Латыншаға ауысу арқылы мұндай кемшілікті жоямыз. Бесіншіден, латынға ауысу мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, шетелдіктердің қазақ тілін меңгеруін жеңілдетіп, туристерге қолайлы жағдай тудырады. Бұл, өз кезегінде мемлекеттің туристік әлеуетін арттырады.
Өзбек этномәдени бірлестігі мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне ауысуын толықтай қолдайды және оған өз көмегін береді.
Олег МЕЦИК,
«SIMKON» ЖШС директоры, поляк этномәдени бірлестігінің мүшесі:
– Латын әліпбиіне көшірудің бизнеске пайдасы зор.
Бүгінде тілді экономикалық категория ретінде де қарастыруға болады.
Бизнес қоғамдастық үшін қарым-қатынастың барынша қарапайым әрі ашық болуы өте маңызды.
Бүгінгі таңда бизнес әлемнің әр түкпірінде шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, оны дамытуда. Кәсіпкерлердің британдық, германиялық, қытайлық, түркиялық және басқа да әріптестермен келіссөздер жүргізуі кезінде латын әліпбилердің қажеттігі туындайды.
Яғни латын әліпбиінің енгізілуі бизнес саласы үшін ешқандай қиындық тудырмайды деуге болады. Бизнестің өзі латын әліпбиіндегі қазақ тіліне тез бейімделе алады.
Мәселенің техникалық жағына тоқталатын болсақ, бүгінде желілік техникалық шешімдер, бағдарламалаудың барлық базалық құралдары латын графикасына негізделген. Сол себепті, жаңа әліпби арқылы біз жазылатын смс хабарламалар мен бағдарламалық жазбаларды теру құнының төмендеуіне қол жеткіземіз.
IT секторы ғана емес, тұтас бизнес секторы латын графикасы негізінде тілді жаңғырту үдерісіне жедел қосылуға тиіс.