Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толып отырған кезеңде жүзеге асырылған бұл сапардың мән-маңызы жоғары екені анық. Осы орайда тату көршілер, сенімді әріптестер – Қазақстан мен Өзбекстанның өзара байланыстарына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.
Қазақстан мен Өзбекстан – өздерінің тәуелсіздіктерін нығайтып, болашаққа батыл қадам жасап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дипломатиялық қатынастары өзара сенім мен сындарлы үнқатысуға негізделе отырып дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда.
Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдың 23 қарашасынан бастау алады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық Мәңгілік достық туралы шарт (31.10.1998 ж.) және Стратегиялық әріптестік туралы шартқа (14.06.2013 ж.) сәйкес орнықты дамып келеді. Бұл ынтымақтастықтың негізін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Каримовтің қалағаны белгілі. Мемлекеттер басшыларының жүргізген сындарлы саясаттарының арқасында бүгінде екі ел арасында қандай да бір түйткілдер, аймақтық және шекара бөлінісіне қатысты мәселелер жоқ. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, посткеңестік кеңістікте орын алған бірқатар дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, екіжақты ынтымақтастық өзінің қалыпты дамуын төмендетпеді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы жылғы 22-23 наурызда Астанаға жасаған ресми сапары тараптардың қарым-қатынастарын жаңа белеске көтергенін атап көрсеткеніміз жөн. Қазіргі таңда Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы жаңаша сипат алып отыр. Осы орайда Өзбекстан басшысының биыл елімізге төрт рет сапармен келгенін айтуға болады. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы Бірлескен Декларацияға қол қойды. Сондай-ақ екі ел үкіметтері арасында 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың стратегиясы қабылданды. Өзбекстан Президентінің Астанаға жасаған алғашқы сапары 840 млн-нан астам АҚШ долларын құрайтын 91 келісімге қол қойылуымен есте қалды. Сонымен қатар, осы сапары аясында ұн, керамикалық плиткалар, сондай-ақ қазақстандық тауарларды Өзбекстан арқылы тасымалдауға қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Сол жолы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Өзбекстанды бауырлас әрі тату көрші мемлекет ретінде қарастыратынын баса айтты. Шын мәнінде, екі ел бір-біріне сенімді серіктес болып табылады. Сондықтан Қазақстан-Өзбекстан достығы мен ынтымақтастығын тереңдете түсу ісі жалғаса бермек.
Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ірі сауда әріптесі. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы ауыл шаруашылығы, металлургия және мұнай өнімдері негізінде өсіп отыр. Бұл ретте Қазақстанда Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген ерекше сұраныс бар екенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Мәселен, азық-түлік, өнеркәсіп, фармацевтика, мұнай және мұнай өнімдері, мұнай-газ химиясы және химия салалары бойынша сауда үйлерін құру қажет. Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты сауда үйін құруға байланысты бүгінде келіссөздер жүргізілуде.
Азия Даму Банкінің (АДБ) мәліметтері бойынша, соңғы 4 жылда Өзбекстанның импортындағы Қазақстан үлесі 9,6% -ға дейін өскен. Сол сияқты Қазақстанның импортындағы Өзбекстан үлесі де артып келеді. Өткен жылы арадағы тауар айналымы 1,5 млрд-тан астам долларды құрады. Ал соңғы алты айда екі ел арасындағы сауда көлемі 30%-ға өсті. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылға дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізу көзделуде. Осы орайда Қазақстан тарапы Өзбекстанның ұлттық валютасын қайта құрылымдау саласындағы реформалары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң әсерін тигізетініне сенімді.
Екі мемлекеттің бизнес құрылымдарынан өзара инвестициялар көлемін арттыру көзделген. Қазақстан 2012 жылдан бері Өзбекстанға бағыттаған инвестициясының көлемін 5 есеге ұлғайтты. Өз кезегінде бұл көрші мемлекет осы жылдың бірінші тоқсанында 4,4 млн доллардан астам тікелей инвестициялар жіберді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден асып түседі.
Айта кету керек, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты өзара тиімділік қағидаттарына негізделген. Өзбекстанда 124 кәсіпорын Қазақстанның қатысуымен жұмыс істеп тұр. Олардың 28-інде қазақстандық капиталдың үлесі – 100%. Ал біздің елімізде өзбек кәсіпкерлерінің қатысуымен шамамен 900 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олар сауда, құрылыс, тамақ, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, металл өңдеу салаларында өз қызметтерін жүзеге асыруда.
Бүгінде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту бағытында Бірлескен үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеуде.
Баршамызға белгілі, осы жылы Қазақстан-Өзбекстан шекарасында қосымша екі өткізу бекеті іске қосылды. Бұған қоса, Астана-Ташкент бағытына қосымша екі әуерейсі ашылды. Сондай-ақ Алматы мен Ташкент арасында жолаушылар тасымалдайтын жүрдек пойыз қатынауда. Мұның барлығы өзара барыс-келісті, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға, туризмді дамытуға мүмкіндік беруде. Осы арада еңбек миграциясы екі ел байланысында маңызды факторға айналып отырғанын да айтуымыз керек. Қазақстан мен Өзбекстанның транспорт инфрақұрылымы саласындағы тығыз байланысы транзиттік дәліз орнатып, сауда мен инвестицияның бүкіл мүмкіндіктерін пайдалануға және Орталық Азия аймағын қоса алғанда өзара қарым-қатынасты дамытуға жағымды жағдай жасайды.
Бүгінгі таңда Орталық Азия халықаралық энергетикалық және транспорттық жобалардың негізгі көзіне айналып отыр. Транспорт пен коммуникация және су-энергетика саласын қамтитын жергілікті үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін бірлескен белсенді іс-қимылдар қажет.
Орталық Азия мемлекеттерінің ықпалдастығы қауіпсіздік пен аймақтың көркеюін қамтамасыз етеді. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың іргетасы берік екенін ескерсек, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық бірлескен ұйым құру жөніндегі жоспарын қайта қарауға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы маңызды мемлекеттер. Екі елдің су-энергетика, Арал теңізі, бірлескен инфрақұрылым жобасы және Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі ұстанымдары ұқсас.
Екіжақты қарым-қатынастың тағы бір маңызды бағыты – елдер арасындағы саяси және әскери байланыс. Қазіргі таңда қорғаныс мекемелері арасында қарым-қатынас орнатылып, парламентаралық байланыс жолға қойылған.
Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға және дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Өзара байланыста БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында консультациялық қызмет іске қосылды. Екі ел де Орталық Азиядағы мәселелерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне шығаруда бірлесе әрекет етеді. Ең әуелі, бұл аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм және экстремизммен күрес, экономикалық және экология мәселелерін бірге шешуге жол ашады.
Ауғанстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мен жақсарту Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің басты кепілі. Нақтылай айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның алдында аймақтың тыныштығын, береке-бірлігін нығайта түсу міндеті тұр.
Жалпы, ядролық қарусыздануға және оны таратпауға қатысты Қазақстан бастамаларына, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуына Өзбекстанның қолдау білдіргенін жоғары бағалаймыз.
Сондай-ақ бұл көрші мемлекеттің жасыл технология бағытындағы Қазақстан бастамасын қолдауы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі барысында анық байқалды. Осындай маңызды шарада Өзбекстанның кең көлемде қатысуы Астана қонақтары мен қазақстандықтар назарына ілінді. Өзбек павильоны баршаға танымал болып, оған көрермендер көп келді. Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысуы екі ел арасындағы әріптестік пен өзара байланысқа жаңа леп әкелді.
Қазақстан мен Өзбекстан экономика, сауда және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында бірлесе жоба құруы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Екіжақты қатынас әрдайым эксперттік және сараптамалық қамтамасыз етуді қажет етеді. Осыған сәйкес, екі елдегі басты ғылыми-сараптамалық орталықтар – Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және аймақтық зерттеу институты мен Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының тиімді байланысын айта кеткен жөн.
Бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл – Қытайдан кейінгі ең көп диас-пора. Қазақстанда болса, өзбек диаспорасы 550 мыңға жуық. Ұлттық диаспоралар арасындағы байланысты күшейту мәдени және гуманитарлық әріптестікті кеңейтіп, «достық көпірін» орнатуға жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Қазақстан тілдік жаңғыру кезеңінде тұр һәм ондағы басты бағыттардың бірі – латын қарпіне көшу мәселесі. Бұл елдің рухани және мәдени дамуындағы тарихи кезең. Өзбекстан да бұған дейін мұндай жолдан өткен. Бұл өзгерістер екі мемлекет пен халықтардың арасындағы байланысты жақындата түседі деп үміттенеміз.
Санат КӨШКІМБАЕВ,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар доктор