Тамыз айының 18-нен егінге орақ түскен болатын. Қыркүйектің 10-на дейін жаңбыр жаумай диқанның тілегін бергендей еді. Құбылмалы күз ауасы емес пе, кейінгі күндері аспанды қою бұлт қаптап, сүмбіле туып, су суып дегендей, мұздай жаңбыр ауық-ауық жауып тұр. Сонда да астық алқабының 85 пайызы бастырылды.
Сондай диқанның бірі Қамысты ауданындағы «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев дер едік. Борис Павловичтің шаруашылығы 100 мың гектарға дән себеді. Бұл бір шаруашылыққа аз көлем емес. Көктемгі дала жұмыстарын да уақытында аяқтайды, биылғы астықтың да 60 пайызын қамбаға құйып үлгерді. Соның барлығы да техниканың арқасы екенін айтып жатудың өзі артық. Оның бүгін астық алқабын ұстарадай сыпырып жүрген комбайндарға асқан жаткаларының 60 пайызын алыстан арбаламай-ақ, облыстың Лисаков қаласында орналасқан «Дон Мар» ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыттан алды. «Дон Мар» зауыты жаткалардың 9, 12,16 метр ұзындықта жасайды.
– Бізге бірінші рет 16 метрлік жатканы Борис Павловичтің сұранысымен жасадық. Ол бізден жатканың 9 метрлігін де, 12 метрлігін де алған болатын. Бірде 14 метрлік аралық жаткаға сұраныс берді, астық алқабының шаршыларына лайықтаған болуы керек. Біздің зауыт мамандары қандай жаткаға сұраныс берсе де жасауға дайын, – дейді зауыт директоры Юлия Стригина.
Жергілікті зауыт шығарған ауылшаруашылық техникаларын бүгінде тек «Алтынсарин» секілді ірі шаруашылықтар ғана емес, астық алқабы бір мың гектарға жетпейтін шаруа қожалықтары да сатып алады. Зауыттың биыл шығарған өнімінің 70 пайызын шаруашылықтар қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Зауыт жылына 350 жатка сатады, ал биыл 3 дән себу кешенін сатқан.
– «Дон Мар» зауыты техникаларын Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты Қостанай филиалының сынақ алаңынан өткізеді. Жаткалар қарапайымдығымен, Қостанай облысы астық алқаптарына бейімделуімен, әмбебаптығымен диқандар көңілінен шығады. Мысалы, биыл зауыт сатқан дән себу кешендерінің шетелдік техникалардан ешқандай кемдігі жоқ. Өйткені бұлар жергілікті астық алқаптарының, топырақтың, табиғат ерекшеліктерін ескеріп отырып жасалған. Сонымен қатар, жаткаларға адаптер қояды да майлы, бұршақ дақылдарын да ора береді, қысқасы әмбебап техника, – дейді республикалық ғылыми зерттеу институты Қостанай филиалының директоры Владимир Астафьев.
Әрине, жаңадан ірге теуіп, бірте-бірте дамып, ырғақты жұмыс істеп тұрған «Дон Мар» зауыты мыңның бір мысалы ғана. Дағдарыс сейіліп, ауыл шаруашылығы бойын тіктей бастағанда, шаруашылықтар шетелдік озық техниканы көптеп әкелді. Бірақ қанша озық техника дегенмен, олардың 60-80 пайызының бұл күнде тозығы жетті. Уақыт өте америкалық, еуропалық техникалардың біздің даланың жағдайына аса ыңғайлы емес тұстарын да байқады. Қуатты болғанымен астықтың сабанын алқапқа кебектей суырып шашып кететін шетелдік комбайндардың барлығы бірдей егіні мен мал шаруашылығы қатар жүретін қазақ даласына тиімді деп айтуға келмейді. Зауыттар қазір шығарған әр техниканың жергілікті жерге бейімділігін ғалымдармен кеңесе отырып, қадағалайды. Мысалы, «Дон Мар» зауыты шығарған дән себу кешені өте тиімділігі жағынан шетелдік баламасын жолға тастайды екен. Өйткені ол Қазақстанның қай аймағындағы егіс алқаптарында да көктемде ылғал жетіспейтінін ескере отырып жетілдірілген. Шетелден алынған дән себу кешендерінің табаны ылғалы аз топырақты одан сайын кептіріп жібереді. Ал «Дон Мар» шығарған дән себу кешені топырақтың ылғалын 20 пайыздан артық кептірмейді. Ғалымдар мен мамандар айта беретін техниканы бейімдеудің сыры осында жатса керек. Бейімді техника ауыл шаруашылығындағы өнімділікті, сапаны қамтамасыз ететін болады.
– Тозған шетелдік техникаларын диқандар 2000 жылғы бағамен енді ала алмайтыны анық, ол уақыттан бері доллар екі еседен артық өсті. Қазір оларды алуға Қостанай облысындағы «Алтынсарин», «Қарқын», «Қарасу», «Диев» секілді қуатты шаруашылықтардың өзі ойланады немесе амалсыз несиеге кіреді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзімізде техниканың төрт тірегі – комбайндардың, тракторлардың, аспалы-тіркемелі және тұқым тазалайтын техникалардың молшылығын жасау керек. Ол үшін Елбасының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, он басымдық айқындалып жатыр, солардың ішінде ауылшаруашылық техникаларын өндіру ісі бар, – дейді Ауыл шаруашылығын мехникаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Нәметов. Институт мамандарының айтуынша, қазір шетелден алынатын техникалардың 50 пайызы біздің егін шаруашылығы алқаптарына бейімделмеген. Сондықтан оның сынуы да, тозуы да тез. Ең бастысы, техниканың жұмыс сапасының төмендігі – астық сапасының төмендеуі дей беріңіз.
Ауылшаруашылық техникаларын өзімізде шығарылуы артса, жұмыс орны да көбеймек. Қазірдің өзінде ауылшаруашылық техникаларын жасайтын зауыттарда қазақстандық үлес 60 пайыздан асып кетті. Соның бірі «Дон Мар» зауытында алынған материал мен жұмысты қоса есептегенде қазақстандық үлес 68 пайызға дейін жеткен. Зауытта өткен баспасөз турында директор Юлия Стигина сұраныс болса, өндірістің жылына 500 жатка шығаруға қауқары жететінін айтты. Сондықтан әңгіме диқандарға берілуге тиісті жеңілдетілген несие туралы өрбіді. Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдікпен несие беру үшін «Жол картасы» жасалды. Комбайнға тіркейтін немесе аспалы жабдық-техникалар алу үшін сұраныс жасағандарға 5,5 жылдық пайыз үстемемен 10 жылға несие беріледі, ол үшін биыл 5 миллиард теңге бөлінді. Биыл Қостанай облысында 150 трактор, 95 астық жинайтын комбайн, 119 сеялка, 41 дән себу кешені алынған. Бізге белгілісі, диқандар әлгі 95 комбайнның 39-ын жергілікті «АгромашХолдинг» машина жасау зауытынан алған, «Есіл 740» комбайны. Егін шаруашылығы үшін алған техника бағасының 25 пайызы, мал шаруашылығы үшін алған техниканың 50 пайызы субсидияланады. Биыл Аграрлық несие корпорациясы техника алу үшін 1 миллиард 800 миллион теңге бөлген.
Облыста тек «Дон Мар» емес, «Агромаш Холдинг» зауыты комбаиндар, іргесі ертеде қаланған «Агротехмаш» байырғы зауыты егін шаруашылығына қажетті техникалардың түр-түрін шығарады. Оның сыртында, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының Қостанай филиалындағы шағын тәжірибе зауыты да топырақ өңдеу техникаларының жаңа түрлерін ұсынып отыр. Осылардың барлығы да отандық нарықты игеруі үшін қаржылай қолдауды талап етеді.
– Мысалы, Беларусьте техниканың жаңа түрін шығарған зауытты корпоративтік салықтан үш жылға босатады. Оның осы жылдар ішінде тапқан пайдасы зауытты дамытуға жұмсалады. Ал Ресейде ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамыту бағдарламасы шықты. Онда Ресейде құрастырылған техникаларға 50 пайызға дейін субсидия беріледі. Бұл үлкен көмек. Қазақстандағы зауыттарға да осы сипаттағы жеңілдіктер өте қажет-ақ. Біздің Қазақстанның солтүстік аймағында техника шығаратын зауыттар жетерлік, бірақ олар мұнайшыларға, газ өндірушілерге қажетті жабдықты шығаруға бейімделген. Өйткені өндірістен сұраныс жыл сайын түседі. Ал ауыл шаруашылығында бір жыл астық шықпайды, келесі жылы бидайға баға түсіп кетеді дегендей, өндіріспен салыстырғанда тұрақтылық төмен. Сондықтан қазір қуаты мол зауыттар ауылшаруашылық техникаларын шығаруға аса құлықты емес, – дейді Владимир Астафьев.
Дегенмен, Қазақстанда комбайн, тракторды болмаса да, әзір тіркемелі-аспалы техникаларды шығаруға мүмкіндік бар. Мұның диқандар үшін зәрулігі де бар. Осы техника түрлерін зауыттар бір «Дон Мар» зауытының мысалы көрсеткендей, шетелдік баламаларынан артық болмаса кем етпей, бейімдеп шығара алады. Бірақ зауыттардың басым көпшілігінде осындай ауылшаруашылық техникаларын жасаудың көп пайызы қол жұмысымен атқарылады. Сондықтан баға да қымбат. Жұмыстарды заманауи станок-құралдармен атқарылатын желіге салғанда ғана өндірілетін техникалардың саны сапқа жүздеп, мыңдап қойылар еді, әрі соған орай бағасы да бірден арзандайды. Ал ондай құралдармен зауыттарды жабдықтау қаржыға түсетіні белгілі. Оның басты жолы салаға инвестиция тарту болып отыр.
– Қазақстанда топырақ өңдейтін аспалы және тіркемелі техникалардың соқа, тырма, қопсытқыш секілді түрлерін өндіруге шетелдік инвесторларды тартып, бірлескен кәсіпорын құру жұмыстарын «ҚазАгро» холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолға алды. Оған алғашқылардың бірі болып Түркияның ALPLER AGRIKULTURERAL MACHINERY компаниясы мүдделілік танытып отыр. Ауылшаруашылық техникаларын шығаратын, тарихы өткен ғасырдың 20-шы жыдарынан басталатын түрік компаниясына Петропавл металл құрастыру зауыты әріптес болмақ. Әзірге тараптар істі келіссөз және жұмысты ұйымдастыру деңгейінде жүргізуде. Бір анығы, болашақ бірлескен кәсіпорын жұмысты бастағанда-ақ қазақстандық үлес 25 пайыздан кем соқпайды, – дейді Аграрлық несие корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Ақанов.
Шетелдік инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта Еуропаның, Қытайдың, Үндістанның жетекші компанияларымен де жалғасатын көрінеді.
Ауыл шаруашылығын дамытудың кілтипаны техникада екені диқан мен шаруаға ғана емес, баршаға аян. Онсыз азық-түлік молшылығы да жасалмайды, саланың экспорттық қуаты да артпақ емес. Ауыл шаруашылығы дамыса ауылдың әлеуметтік жағдайы түзеліп, еңсесі көтерілер, жаңаша жаңғырар еді. Елбасы «ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы тиіс» деп бекер айтқан жоқ. Оны дамытудың басты тетігі үшін жұмыс жүріп жатқанына куә болғандаймыз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ