Жаңа тәжірибелер, тың жобалар шаруашылықтың даму тетігі болса керек. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында ғылыми тұжырымдар мен нақты тәжірибені ұштастырған семинар-кеңес өтті. Қаузаған тақырыбы – облыста жаңғақ өсіруді дамыту. «Интеграция-Түрген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында, ашық аспан астында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, «Интеграция» халықаралық қорының төрағасы Сергей Терещенко, «Besana» дүниежүзілік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының төрағасы Джузеппе Калькани, сондай-ақ, аграрлық саладағы танымал ғалымдар мен фермерлер қатысты.
Биылғы көктемде осы шаруашылыққа қарасты алқапқа алғаш рет әлемге әйгілі элиталы жаңғақ көшеттері отырғызылған. Бұл – «Интеграция» халықаралық қоры мен «Besana» компаниясының бірлескен жобасы. Бүгінгі таңда көшеттер көктеп, бой салып, өсіп келеді.
– Шетелдерден инвестиция мен кәсіпкерлер тарту – бүгінгі күннің талабы. Олардың озық технологияларын меңгермей агарлық саланың алға баспайтыны белгілі. Міне, бүгінгі өзіміз куә болып отырған жаңғақ плантациялары осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі, – дейді Серікжан Бескемпіров.
«Интеграция» халықаралық қоры осы күнге дейін бірнеше жобаны бастап, сәтті іске асырған ұйым. Мәселен, «Бал-2050», «Жидек-2050» жобаларын бастап, ойдағыдай жүргізіп келеді. Сондай жаңа жобалардың ізін ала жаңғақ шаруашылығын дамытуды да қолға алған қордың жетістіктен үміті зор. Қор басшысы С.Терещенко жаңғақ өсіруді қолға алғанда ішкі сұраныс қанағаттандыру үшін ғана емес, экспортқа шығаруды да жоспарлағандарын айтады.
– Әлемде жаңғақ тектес жеміс ағаштарының өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Әсіресе, Қытай, Үндістан, Араб елдері бұл жемістерді көп тұтынады. Олай болса, біз неге жаңғақ өсірмейміз деген ой келгені рас. Сөйтіп, италиялық кәсіпкерлермен бірлесіп жобаны бастап кеттік. Әрине, жаңғақ бізге таңсық емес. Өйткені бұл жеміс ағаштары біздің топырақта өскен және өсіп жатыр. Ал біз әкелген әлемге танымал өндірістік сорттар қалай өседі? Мәселе сонда. Сондықтан, бұл алқапқа тәжірибе ретінде жаңғақ көшеттерінің 30-дан астам түрін отырғыздық. Қайсысының біздің климатқа лайық екендігін уақыт көрсетеді. Жерсінгендерін одан әрі көбейтеміз, – дейді.
Дүние жүзі бойынша 75 мемлекет жаңғақ өсірумен айналысады екен. Аталған қор солардың қатарындағы көш бастаушы мемлекеттердің бірі Италияны таңдапты. «Түрген ауылы менің туған ауылымдай болып кетті», – деп сөз бастаған Джузеппе Калькани мырза да Қазақстан тарапы қолға алған бұл істің жетістіксіз болмайтынына сенім білдірді. Жарты ғасырдан бері жаңғақ өсірумен айналысып келе жатқан маман өзі басқарып отырған қауымдастықтың тәжірибесі мол дейді. Қауымдастыққа қарасты «I.N.C» атты арнайы зерттеу орталығында 400-ден аса ғалым жұмыс істейді. Әлем нені тұтынады, қандай өнімге сұраныс көп деген сұрақтар төңірегінде жүргізілген зерттеулер нәтижесіне қарай бағытын нақтылап отыратын әлемдік орталық берген статистика бойынша жер бетінде күніне 1 миллиард адам жаңғақ өнімдерін тұтынатын көрінеді. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 2 миллиардқа жетеді дейді. Сондықтан, біздің тараптан енді қолға алып жатқан шаруашылықтың болашағы зор. Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғылыми департаментінің директоры Марат Қалиасқаров бастаған мамандар осылай дейді.
Жиыннан соң қатысушылар жаңғақ плантацияларын аралады. Мұндағы жұмыс барысымен «Интеграция-Түрген» ЖШС-ның директоры Мәншүк Жексембекова таныстырды. 20 гектар алқаптың 10 гектарына грек жаңғағы, жартысына фундук көшеттері отырғызылған. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Алқапта жердің және ауа райының ылғалдылығын бақылап тұратын метеостанса жұмыс істеп тұр. Грек жаңғағы 5 жылда, ал фундук 3 жылда жеміс беретінін ескерсек, бұл бастаманың нәтижесін көрер күн қыр астында ғана.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы