Салтанатты іс-шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Ватикан, Германия секілді бірқатар мемлекеттердің елшілері, Қазақстандағы лютеран қауымдастығының пас-торлары, диакондары мен мүшелері, сондай-ақ елімізге белгілі өзге де адамдар қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз алған Дін істері және азаматтық қоғам министрі «Мәсіх» шіркеуінің елімізге рухани сәуле шашып қана қоймай, жақсы дәстүрлердің көбеюіне ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Сонымен қатар, ол мұндай ғибадатхананың ашылуы Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігінің келісті бір көрінісі екенін айтты.
– Жаңа Евангелия-Лютеран шіркеуінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ғимарат протестанттық шіркеу өкілдерінің өмірінде ерекше күн болып есептелетін Реформацияның 500 жылдығы қарсаңында ашылып отыр. Ал Реформация Еуропаның дамуына үлкен септігін тигізді. Сондықтан жаңа ғибадатханада жасампаздық пен еліміздің дамуына бағытталған уағыздар жиі айтылады деп үміттенемін, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Лютерандарды құттықтау үшін өзге де шіркеулердің өкілдері қатысты. Олардың арасында Православие шіркеуінің Астана епархиясының вакарийі, Талдықорған епископы Нектарий жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Айта кетейік, Евангелия-Лютеран шіркеуін салуға байланысты 2014 жылы арнайы жер телімі бөлінді. Жобаның бас сәулетшісі – Римма Слободская. Кешен екі ғимараттан тұрады. Ғибадатхана ішінде бір мезетте 120 адам құлшылық ете алады. Шіркеудің жертөлесінде жастардың білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»