Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірдің 65 мыңнан аса тұрғыны сапалы суға қол жеткізеді. Бұған дейін облыс тұрғындарының таза сумен қамтылу көрсеткіші 36% болса, жыл соңына дейін ол 42%-ға жетеді.
Таза судың зардабын ең көп тартып отырған аймақтың бірі Жаңақала ауданы тұрғындары еді. Тіпті аудан орталығының өзінде таза су тапшы болып, халық құбырдан аққан сары суға талай наразылық айтқан-ды. Құдайға шүкір, жаңақалалықтардың бұл мәселесі көп кешікпей шешілетін болды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Жаңақала ауданына жұмыс сапары кезінде хабарлады.
Елбасының аудандар мен елді мекендерді дамыту және халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту туралы тапсырмасына сəйкес, Жаңақала өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан облыс әкімі ең алдымен ауданда ауыз су мәселесін шешу мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстарды көрді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 400 млн теңгесі биыл бөлініп, жұмыс басталды.
Екі жылға есептелген жоба негізінде ұзындығы 146 шақырым құбыр тартылады.
– Бұл – үлкен жоба. Суды Жаңақала мен Бөкей Ордасы аудандарының шекарасындағы Құлшық деген жерден тартамыз. Қаржыландыру республика бюджетінен қарастырылған. Жұмыс енді басталды. Өйткені мердігер компаниялар шалғай ауылдарға шыққысы келмейді, конкурсқа қатыспайды. Біз өз кезегімізде жұмысқа кіріскен компанияға қолдау көрсететін боламыз, бірақ сапа мен уақытқа қойылатын талап та қатаң. Бұдан бөлек Пятимар, Бірлік, Мəштексай ауылдарына су құбырын жеткізу жұмыстары жүруде. 8 елді мекенге ауыз су жеткіземіз. Жалпы, Жаңақала ауданын дамыту үшін 5 млрд 600 млн теңге қаралған. Бұл – рекордтық көрсеткіш, – дейді Алтай Көлгінов.
Өңір басшысының айтуынша, Орал қаласын Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарына жалғайтын жолдарды салу үшін де мемлекет қаржы бөліп отыр. Бірақ облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан бұл өңірлерге жол салу үшін белсеніп шығар мердігер табылмай тұр. «Мүмкін жол құрылысымен айналысатын компаниялар үшін конкурс талаптарын өзгерту керек шығар. Өйткені қала мен ауылдың жағдайын салыстыру қате. Бірақ екеуіне де талап бірдей қойылған. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін жұмыстанамыз» дейді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Дәл қазіргі таңда Жаңақала ауданында 4 елді мекенге газ құбыры тартылып, аудан орталығындағы 7 көшеге асфальт төселіп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған кезде аудан тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 86%-дан 97%-ға жетіп, ауыз сумен қамтылу 70 %-ды құрайтын болады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы