Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2017

Пошташы-дрон пайдаға жарай бастады

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің пошталық қызметі уақыт талабы, заман ағымына сай дамып келеді. Бұл сөзімізге күні кеше ғана «Қазпошта» АҚ мамандарының  хат-хабарларды жеткізу үшін дрондарды (ұшқышсыз ұшу аппараты) іске қосуы айқын дәлел. 

Пошташы-дрон пайдаға жарай бастады

Саран қаласының іргесінде ресми түрде алғаш рет ұйымдастырылған шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы  Сәкен  Сәрсенов қатысты.

«Біз шілде айында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен еліміздегі ірі басылым басшыларымен кездесу өткізген едік. Сол жиында газет таралымының 99%-ын баспаханадан шыққан күні аудан, қалаларға, ал 1%-ын келесі күні жеткізу басым мақсатымыз екені айтылған. Осындай оймен облыс орталығынан тыс, аудандық байланыс тораптары мен бөлімшелеріне пошта тасымалдау жиілігін арттырдық. Бүгінде басылымдар Қазпоштаның өндірістік нысандарында тәулік ішінде таратылуда. Мәселен, өткен жылдың басында газеттің тек 39%-ы шыққан күні тасымалданған болса, қазір компания бұл көрсеткішті 93,2%-ға дейін жеткізді. Бірақ, қолайсыз ауа райы кездерінде және жол жағдайы қиын шалғайдағы елді мекендерге мерзімді басылымдарды апару күрделі күйінде қалып отыр еді. Қалай десек те, жыл басында газеттің 12 пайызы шыққан күні жеткізілсе, қазір бұл көрсеткіш 48 пайызды құрайды. Ендігі жерде мәселені дрондарды іске қосу арқылы шешудеміз», дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С.Сәрсенов.

Негізінен хат-хабарды ұшқышсыз аппараттың көмегімен тасымалдау осы кездері ресми түрде жарияланғанымен, бүгінге дейін еліміздің 4 облысындағы 9 ауданда 30 бағыт бойынша сынама ұшыру өткізіліпті. Бас-аяғы 9 мың шақырымнан аса ұшқан дрондар 500 кг мерзімді басылымдар мен хат-хабарларды жедел жеткізген. Ал компанияның есебіне сүйенсек, Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш–Дегерес ауылы арасында (155 км) хат-хабарды автокөлікпен тасымалдауға шамамен 4 сағат уақыт жұмсалса, бұл аралықты дрон бар-жоғы 40 минутта еркін еңсереді екен. Сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шаян–Ағыбет бағытындағы аралық қатынас шығыны мен уақыты да екі есеге қысқарған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ең бастысы – үнемді әрі қолайлы.

Бұл күні пошта мамандары Саран қаласынан Дубовка ауылына салмағы 2 килограммды құрайтын газетті дрон арқылы аттандырды. Автоматты режімде белгіленген бағытпен ұшырылған аппарат 10 минутта (осы аралықты автокөлікпен 30 минутта жүріп өтеді екен)  межелі орынға жетіп, пошта салынған пакетті тастаған соң, кері оралды. Ал хат-хабар салынған пакетті ауыл пошташысы өңдеп, әдеттегі тәртіппен таратады. Дрон тек қана, газеттер мен журналдар ғана емес, сондай-ақ салмағы 2 килограммға дейінгі шағын сәлемдемелерді де жеткізуге қабілетті.

Шара аясында сөз алған өңір жетекшісі Ерлан Қошанов мұндай жоба аймақтағы ахуалды Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды орындау мақсатында жүзеге асырылып жатқанын айтады.

«Елбасымыз жуырда ғана Қазақстан халқы сандық технологияның қолданыс аясын мейлінше кеңейту қажеттігін нақтылап, тиісті деңгейде тапсырмалар жүктегені белгілі. Республика бойынша біздің облыстың аумағы өте ауқымды екенін білесіздер. Ал енді бүгін дрон қызметіне жүгіне отырып, хат-хабар, газет-журнал тасымалдау қызметін жандандырып жатқанымыз дер кезінде қолға алынған шаруа болды деп есептеймін. «Қазпошта» АҚ-мен бірлесе отырып, өңірде атқарып жатқан өзге де жоспар-жобаларымыздың игілігін ел көреді деген сенемін», дейді ол.

Мамандардың пікірінше, бұл технология Қазпоштаның хат-хабарларды тасуға жұмсалатын шығынын айтарлықтай қыстартуға мүмкіндік береді және курьерлердің де уақытын үнемдеуге сеп. Айталық, автокөлік жолсыз жерлермен жарты күнде жететін ауылдық бөлімшеге дрон бар болғаны бір сағатта ұшып барады. Тағы бір атап өтерлік мәселе – бүгінде қызмет көрсетуші компания дронды ұшыруға рұқсат құжаттарын келісіп, жетекшілік ететін ведомствоның мақұлдауына ие болған және барлық бағыттар бойынша ұшу кестесі жасалған.

Ал ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасап шығарумен айналысатын компания директоры Алексей Кимнің айтуынша, дрон 100 километр қашықтықты үзіліссіз еркін еңсере алады. Бір жарым сағатта қуат алып үлгеретін батареялары 2-3 сағатқа жетеді. Ал дронның діттеген жерге жетуі үшін боранды күн мен желдің қуаты секундына 10-12 метрден аспаса болғаны.

Жалпы, бұрындары ауыл тұрғындарына мерзімді басылымды күнбе-күн жеткізу үшін қосымша көлік сатып алу немесе жаңа қызметкерлер жалдау жоспарланған болса, ендігі жерде Қазошта бұл қаражатты бөлімшелерді жаңғырту мен жүйелерді жаңартуға жұмсамақ. Тіпті, дрондарды сатып алуға да қаржы шығындалмаған. Басқарма төрағасының түсіндіруінше, Қазпошта сервистік модель бойынша жұмыс жасау негізінде көрсетілген қызметтер үшін ғана ақы төлейді.

«Кей кездері бізге қаншама жанармай мен уақытты жұмсап, автомобиль жөнелткенге қарағанда, бірнеше килограм салмақтағы дрондарды 5-6 мәрте ұшырған әлдеқайда арзанға түседі», дейді С.Сәрсенов.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»