Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2017

Астанада картопты сұрыптау ғылыми орталығы ашылады

728 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде картопты сұрыптау және дақылдандыру жөніндегі қазақ-қытай ғылыми орталығы ашылады.

Астанада картопты сұрыптау ғылыми орталығы ашылады

Шандунь провинциясы мен Шисен (ҚХР) картоп өндіру компаниясы делегециясы ғылыми- тәжірибелік кампус аумағында картоп сұрыптау нәтижесімен, Қытаймен бірлесіп құрылған ғылыми-өндірістік орталықтардың жұмыстарымен танысты. Делегация құрамында Шандунь провинциясының мемлекеттік органдары мен картоп өндіруші компанияның өкілдері бар.

Екі жақты келісімге сәйкес ҚазАТУ базасында фермерлерді агроөндіріс саласындағы жаңа технологиялар бойынша оқыту жұмыстары ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, университет жанынан картоптың вируссыз шағын түйнек сортын сұрыптау жөніндегі зертхана ашылады.

Кадрларды бірлесіп даярлау үшін қытайлық тарап 10 жас ғалымды Қытайда  оқыту үшін, 5 маманды Шандунь провинциясының ЖОО-да іс-тәжірибеден өткізу үшін арнайы грант бөлді. «Xisen Potato Industry Group Co. Ltd» компаниясының президенті ҚазАТУ-ға студенттерді Қытайда және университет қабырғасында оқытуға 2 млн юань, яғни 102 млн теңге бөлді.

Қазақ агротехникалық университеті «Xisen Potato Industry Group Co. Ltd» картоп өндіруші компаниясымен 4 жылдан бері әріптестік қарым-қатынас орнатқан. ҚазАТУ қытайлық компанияға университеттің ғылыми-тәжірибелік кампусындағы 35 гектар жерге картоп егуге, бірлескен ғылыми тәжірибелер жүргізуге және демонстрациялық стационар құруға 35 гектар жерге жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Қытайлық тарап  университетті 8 бірлік картоп техникасы  және өзге де қондырғылармен қамтамасыз етті.

Шетелдік делегациялардың қатысуымен өткен ғылыми кеңесте Шандунь провинциясы Ғылым және технология департаментінің бас директоры Лю Вейминге және Шисен картоп өндіру компаниясының президенті Лянг Шисенге ҚазАТУ-дың құрметті профессорлары атағы берілді.

 Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»