Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Мешіттерге арналған ортақ ереже

415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде «Діни қызмет, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және жастар саясаты саласындағы жағдай мен өзекті міндеттер туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік еткен отырыста Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндама жасап, қоғамдағы діни ахуал мен жастар саясатының бағыт-бағдарлары жан-жақты талқыланды.

 

Мешіттерге арналған ортақ ереже

Жиынды ашқан Төрағаның орынбасары талқыланып отыр­ған мәселе соңғы жылдары елімізде ғана емес, көптеген мемлекеттер үшін күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселенің біріне айналғанын атап өтті. Сон­­дықтан да өткен жылдың қыр­­күйек айында Мемлекет бас­шы­сының арнайы Жарлығы негі­зінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, қыз­метке кіріскен еді.

«Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген атаумен жарияланған бағ­дар­­ламалық мақаласында қоғам­дық сананы жаңғырту ісі саяси-эко­­но­микалық жаңғырумен қатар жүргізіліп, тіпті оның өзегіне айналуы тиіс екендігі атап көр­сетілді. Бүгінгі басқосуы­мызда біз осы бағыттағы жоспар-жұмы­сымызды айқындап, пысықтай түсеміз», деді В.Божко.

Содан кейінгі сөз Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевқа берілді. Ми­нистр өз сөзінде дін мен азамат­тық қоғам және жастар саясаты салаларындағы мемлекеттік мүд­денің қорғалып, жүзеге асуына қатысты жұмыстардың жай-күйі­нен хабардар етті.

«Соңғы жылдары біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс ықпалдар күшейді. Оған ақ­па­рат­тық кеңістіктің ашықтығы мен жаһан­дану үдерістері ықпал етуде. Ин­тернет, әлеуметтік желілер сияқты өзге де коммуникациялық құрал­дар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мейлінше бейімделді», деді Н.Ермекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қазір азаматтардың 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды. Ал 75 пайызы өздерін Құдайға сенушілер деп есептейді. Бірақ діни жоралғыларды тұрақ­ты ұстанбайды. Сондай-ақ дін­дар­лардың 16 пайызға жуығы бар­лық діни жоралғыларды орын­дайды. Сол себептен де діншіл­дік деңгейінің өсуі радикалды идео­логияға ықпал етуге көп мүм­кіндік береді. Қандай ағым мен конфессия болсын діни фанатизм ар­қылы қауіп-қатер төн­діруі мүм­кін. Бұл жердегі мә­селе тек діни са­уат­тылықта емес. Діни білім тиісті тәрбие мен саяси сауатты­лық­пен байла­ныста болуы керек», деді министр.

Сондықтан да салалық ведомство тарапынан еліміздегі ме­шіттерде тәртіптің бірыңғай ере­жесін бекіту жоспарланып жатқан көрінеді.

«Бүгінде Қазақстандағы ме­шіт­­терде тәртіптің бірыңғай ере­жесі әзірленді. Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқарма­сына біздің ұсыныс бойынша тәр­­тіптің бірыңғай ережесі даяр­­­ланып, енгізілді. Өйткені соң­ғы кездері бір жоралғыны өңір­лер­дегі имамдардың әртүр­лі орындауына байланысты қоғам тара­пы­нан шағымдар жиі­леп кеткен. Сондықтан да ҚМДБ-ға жорал­ғылардың бө­лі­гін біріз­ден­діру жайында ұсыныс жасадық. Қазір бұл үдеріс қызу жүргізіліп жатыр», деді ве­домство басшысы.

Н.Ермекбаевтың айтуынша, имамдар жұмысының пішімін өзгерту бойынша да тиісті шаралар қабылданған. Кеңейтілген түсіндіру жұмыстары негізінен діндарлар арасында және діни ғимараттарда да жүзеге асырылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылығымен бірлесе отырып, білікті имам­дар­дың пулы құрылып, олар дес­труктивті ағымдардың өкіл­дері­мен белгілі бағыттар бойынша жұмыстар атқаруда.

Алқалы кеңесте министр­ден кейін қосымша баяндама жа­саған Мәжiлiстің Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Мәулен Әшiмбаев балаларды күмәндi дiни ұйымдарға тартқаны үшiн жауапкершiлiктi күшейту ке­рек­тiгiн қадап айтты. Оның дерегіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 30 мың бала күмәндi дiни ұйым­дарда бiлiм алатын көрінеді.

«Қазiргi таңда балаларға дiни бiлiм беретiн ұйымдардың жұ­мы­сына қатысты көптеген сұрақтар туындайды. Елiмiзде жыл са­йын 30 мыңға жуық баланың дiни сауатын ашатын 1 мыңға жуық бiлiм беру мекемесi жұ­мыс iстейдi. Өз кезегiнде олар бi­лiм беру орталығы, интернат, қор, курс және жазғы лагерь деген сияқты атауларға ие. Бiздiң тексеруiмiз бойынша, өкiлеттi органдар бұл ұйымдардың көбiнiң нақты немен айналысатынын бiлмейдi. Ал Бас прокуратураның мәлi­ме­тiнше, олардың қатарында кү­мәндi ұйымдар да жоқ емес. Осы­лайша, балалар дiн жолына түседi. Бұл жердегі басты қауіп – балалардың деструктивтi дiни ағымдардың ықпалында кету мүмкiндiгiнде болып тұр. Ендеше балаларды күмәндi дiни құрылым жұмысына тартқаны үшiн белгілі бір деңгейде жауап­кершiлiктi кү­шей­ту қажет шы­ғар», дедi М.Әшiмбаев.

Жалпы, сала мамандарының айтуынша, елдегі дiни материалдарды тарату каналдарына ұдайы мониторинг жүргiзiлiп тұ­рады. Нәтижесінде интернетте заң­ға қайшы әрекет ететiн контент­тер ашылып, анықталып, олар­дың жұмысы тоқтатылып жатыр. Мәселен, биылдың өзінде ми­нистрлік мамандары 3 мың­ға жуық сайтты талдап, олар­дың 1500-ге жуығы заңсыз әрі терiс ба­ғыттағы материалдар жария­лау­мен айналысқаны әшкерелен­ген. Сол сияқты, 1 тамыздан бас­­­тап Бас прокуратура мен Ақ­па­­рат және коммуникациялар министр­лiгi тарапы бiрлесiп, «Ки­бер­ба­қылау» жобасы жүзеге асырылуда.

Мәжіліс Төрағасының орын­­басары отырысты қоры­тын­дылай келе, нәтижелі жұ­мыс­қа қол жеткізу үшін мүдделі мем­ле­­кеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым­дардың және жастар мен ардагер­лердің арасындағы өзара байланыс пен терең ын­ты­мақтастық ор­натуға көңіл бөлу керектігін атап өтті.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»