Кездесу аясында Н.Нығматулин атап өткендей, Жапониямен жан-жақты қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Токио бір-біріне тығыз қолдау көрсете отырып, ортақ мақсаттар жолында сенімді әріптестер болып келеді.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, басқа да халықаралық өзекті мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымы өте жақын. Палата Спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Жапонияға ресми сапары бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бекітіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізгенін атап өтті.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Жапония Қазақстан Президентінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын айта келіп, Президенттің халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша маңызды қадамдарына алғысын білдірді.
Н.Нығматулин халықтың қоныстануы және дамуы мәселесі бойынша парламентшілердің жұмысын ынталандыру мен ілгерілету бойынша форумның ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын алға тарта келіп, біздің депутаттардың алдағы уақытта да ХДПАФ аясында әріптестермен белсенді іс-қимыл жасауға дайын екендігін білдірді. Кездесу барысында тараптар барлық бағыт бойынша байланысты тереңдету жайын сөз етіп, соның ішінде «Нұр Отан» парламенттік фракциясы және Либералды-демократиялық партиясы, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтар арқылы парламентаралық әріптестікті нығайтудың қажеттілігін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы жиын соңында К.Такемидің сапары біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.