Біріншіден, бұл мәселе бойынша саяси шешім бұрыннан қабылданған. Біздің «Қазақстан-2050» Стратегиямызда қазақ тілінің латыншаға өту мерзімі 2025 жыл деп нақты жазылды. Енді біздің алдымызда тек оны қалай тиімді түрде іске асырамыз деген міндет тұр.
Екіншіден, біздің бұл ісіміз мүлде тыңға түрен салып тұрған жоқ. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері лингвист ғалымдар мен мамандар осы мәселені көтеріп келеді. Оның үстіне түркітілдес елдердің бай тәжірибесі бар, олар біздің қателіктерге ұрынбауымызға көмек береді.
Үшіншіден, қазақтың жазба тарихының дамуында бірнеше жазудың қолданылғанын ұмытпайық, соның ішінде латын әліпбиі де болған. Сондықтан бұл мәселе халық пен мемлекеттің мүддесі тұрғысынан қаралып, саясиландырылмауы керек.
Елдің Президенті үстіміздегі жылдың аяғына дейін мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуінің біртекті стандартын қабылдау туралы міндет қойды. Қазақстан халқы бұл міндетті абыроймен атқарып шығатынына мен сенімдімін. Қазірдің өзінде біртекті стандарт дайын болып отыр, енді тек оны талдап және қажетінше жетілдіру керек. Оны әзірлеушілер бүгін бізге, яғни Ассамблея мүшелеріне де таныстырды.
Осындай маңызды мәселенің бүкілхалықтық талқылауға түсуінің өзі дұрыс шешім деп санаймын. Мұның өзі тегін емес, өйткені тіл – халықтың жаны. Біздің белгілі жазушымыз Герольд Бельгер қазақ тілінің ғажаптығына таң қаламын деп жазды. Өзінің бір сұхбатында ол мынадай қызық фактіні айтады: Қазақ тілінің ғылыми-зерттеу институтында 1937 жылдан бері 2 млн 400 мың қазақ сөздері жиналыпты. Салыстыру үшін айтатын болсақ, ағылшын тілінің сөздігі 240 мың сөзден ғана тұрады екен. Маяковский 15 мың сөзбен ғана қанағаттанған, Шекспир де осынша сөзді қолданған. Ал «Абай жолы» эпопеясында Мұхтар Әуезов 16 983 сөзді қолданыпты. Осының өзі қазақ тілінің көп адам біле бермейтін байлығы мен қуаттылығы.
Әліпбиді реформалаудың өзегінде прагматизм жатыр. Бұл қадам тілді жаңғыртуға серпін беріп, оны заман талабына сай көтереді. Заманауи ғылыми және іскерлік кеңістікке интеграциялануды жеңілдетеді.
Сонымен қатар біз бұл міндетті жеңіл екен деп ойламауымыз керек. қазақ тілі дыбыстар гармониясының тілі, ал бұл үйлесімділік ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұл халықтың рухани мұрасы. Кез келген тірі ағза сияқты ол да дамиды және өзінің өмірін сүреді. Сондықтан оның өміріне өктемдікпен қол сұғып, зорлық жасауға болмайды. Мұны әліпбидің нұсқасын әзірлеушілер қатты ескергені жөн.
Халил МАСЛОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті