Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Алматы «ақылды қалаға» айнала ма?

540 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заман жылжып, уақыт сырғыған сайын әр сала заманға қарай бейімделіп жасарып-жаңарып отыратыны белгілі. Елбасы тапсырмасына сай, индустрияландыру бағдарламасының аясында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы арта түскен. Еліміздің қаржылық-эко­но­­­микалық орталығы Алматыда да мемлекеттік бағ­­дар­­ламалар бойынша ілкімді істер атқарылуда.

 

Алматы «ақылды қалаға» айнала ма?

Кез келген саланың кеңге қанат жаюы үшін алдымен білікті маман даярлаудың ма­ңы­зы зор. Мегаполисте ин­но­­вациялық қадамдар үшін жақ­сы инфрақұрылым қа­лып­тасқан. Еліміздегі жоғары оқу орындарының үштен бі­рін құрайтын қалада 80-нен аса ғы­лыми-зерттеу институт­тары жұмыс істеп, 140 мың­нан астам студент білім ала­ды. Алматы қаласының кәсіп­керлікті қолдау картасын пай­далану кезеңінде 11 690 жаңа жұмыс орны құрылып, 190,5 млрд теңгені құрайтын 100 жоба енгізілген. Оның ішінде 34 жоба индустриялық аймаққа, 4 жоба «ИТП» АЭА және шетелдік қатысуы бар 7 жоба қарастырылған. Ресми ақпарат бойынша бүгінгі күні 2757 жұмыс орны құрыла отырып, құны 35,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылған.

Соңғы жылдары бизнес пен капиталдың тың тыныс алып келе жатқаны байқалады. Қала экономикасының 80 пайызын қызмет көрсету мен сауда-сат­­тық құрайды. Мәселен, өт­кен 2016 жылғы қаңтар-жел­тоқсан айларының ішінде Ал­маты қаласында енгізілген жобалармен 41 млрд теңге сомасына өнім өндірілген. Салық аударымдары 2,1 млрд теңгені, қала өнеркәсібінің үлесі – 5,9 пайызды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 7,7 пайызды құраған. Кар­таға енгізілген жобалардың жоспарлық қуатының жүкте­месіне тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Барлық жобалар жоспар бойынша жұмыс істейді. Әрбір жоба бойынша келелі мәселелер, оның ішінде, жер мәселелері бойын­ша рұқ­сат беру рәсімдері, құры­лыс­ты заңдастыру, сондай-ақ қала­ның электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау желі­ле­ріне қосылу бойынша мәсе­лелер ұдайы өңделеді, дейді жауапты мамандар.

 – Бүгінгі таңда нарықтағы жаһандық бәсекелестік барысында жетекші мегополис­тер сервистік қаладан иннова­ция­лық смарт-ситиге өтуде. Smart­ Almaty тұжырымдамасына не­гізі­нен экономика, экология және қоғам мүдделерін теңестіру еніп отыр. Әлемдегі үздік тәжірибелер мен қала тұрғындарының талабы барысында біз басты бағыттарды анықтадық. IDC халықаралық компаниясымен бірге Ал­ма­тыда «Ақылды қала» дең­гейінде кешенді сараптама жүр­­гіздік, нәтижесінде әлсіз ай­мақтар анықталды, сонымен қатар мәселелерді жүйелі түрде шешетін 7 базалық жо­ба жасалды. Алайда біз тек цифр­лы технологияны ғана енгізуді мақсат етпейміз. «Ақылды қа­ла» – түрлі ұтымды технология және бұқара мен биліктің өз­ара түсіністік мәдениеті. Тех­нология – басқару про­цестері арасындағы ынты­мақтастықты жақсарту, тиім­ділікті арттыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қаны­мызға сің­ген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қа­ғи­даларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес», деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан біз өзгерістерге түрлі креативті идеяларды енгізуге, осы жолда бірігіп алға жылжуға дайынбыз», деген-ді Алматыда өткен VI инновациялық форумда сөйлеген сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек.

Мегаполисте атқары­лып­­­­­ жат­қан ауқым­ды іс­тер мем­­лекеттік бағдарлама­лар­дың шеңберінде іске асуда. Тұрғын үй-коммунал­дық­ шаруашылық инфра­құрылымын, жылу жүйесін, сумен қамту және су бөлу жү­­­­йелерін жаңғырту, қайта жа­­сау және салу мәселелері инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3 бағытта жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жыл көлемінде «Жас Қанат», «Сая­лы», «Ал­ғабас-1», Уни­версиада ке­шен­­деріне қажетті инфра­құрылыммен қамту барысында 81 км инженерлік желілер салынып,13,9 км инженерлік желі қайта жасалды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін құны 9,9 млрд теңге болатын нысандар жаңартылады. Осының нәтижесінде өткен жылмен ­салыстырғанда апатты­ жағ­дай­лар 3,2 пайызға, тозу 1,5 пайызға, шығындар 2,3 пайызға азаймақ. Қалада «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 216,8 мың шаршы метр немесе 4 198 пәтерлі 85 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында әкімдік тарапынан 73 үй салынуда, оның біраз бөлігі биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

Қаладағы ең негізгі мәселе­лер­дің бірі көлік жүйесін қа­лып­тастыру десек, бұл орайда да қолға алынған жұмыстар аз емес. Жолаушылар тасы­ма­лы­ның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көлік үшін ақы төлеу картасы енгізілді. Қол­данысқа енгеннен бері 1,3 млн карта сатылған. Бұл көр­сеткіш қала халқының 70 па-йызын құраса керек. Қаланың біраз аумағында инновациялық паркоматтар орнатылған. Ха­лықаралық кеңесшілермен бірге жол қоз­ғалысын кешенді өзгерту жүйесі қолға алынып, айрықша жолақтар пайда болған. ВRT құрылысы басталып, зама­науи автобустар сатып алынған. «Орбита» шағын ауданынан «Көкбазарға» дейін ұзындығы 21 км болатын велодәліз жа­салған. Велосипедтерді жалға беретін Almaty Bike жүйесі үздіксіз жұмыс істеуде. Қазан айының соңына дейін велосипед бекеттерінің саны 150-ден асады деп күтілуде.

Күн өткен сайын Алматы­ның экономикалық әлеуеті артып, инфрақұрылым жүйелері жаңарып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, ел дамуының серпін алуына зор септігін тигізеді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ