Ұлттық құқық қорғау мекемесіндегі мамандар пікіріне сүйенсек, берілген жауап Омбудсменнің мүгедектігі бар адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әзірлеген нақты ұсыныстары бойынша Үкіметтің ұстанымы туралы толыққанды ақпаратты қамтымайды.
Мәселен, аталмыш құжатта жеке әуекомпанияларға қатысты ішкі ережелері туралы, осыған сәйкес 1-топтағы мүгедек адамға ұшу кезінде қасында ілесіп жүретін адам болмаса билеттер сатылмайтындығы айтылған. Сондай-ақ, мүгедек адамның ұшу кезінде оның денсаулығына зиян келгені үшін немесе қайтыс болған жағдайда жауапкершілікті өз мойнына алу туралы декларацияға қол қою қажеттілігі нақтыланбаған. Сол себептен де мүгедек адамдар бұл проблемаларға әлі күнге дейін тап болып отыр. Мысалы, мұндай келеңсіз жағдайлар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Астана қаласының әуежайында байқалған. Ұсынылған жауапта «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңның 5-бабына сілтеме ғана берілген. Ал ол бапта заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, көлiк кәсiпорындарының шаруашылық қызметiне мемлекеттiк органдардың араласпауы баяндалған.
Сонымен қатар, аталмыш заңның 6-бабы көлікті басқару бойынша міндетті нақты уәкілетті мемлекеттік органға жүктейді. Одан басқа, заңның 25-бабы осы органның көліктік бақылауының тізіліміне мүгедектерге жолаушылар тасымалының қолжетімділігін, тасымалдаушылардың қызметтері мен оған қатысты ақпаратты және оларға тасымалдау кезінде қажетті жағдай жасалуын қамтамасыз етуді қамтиды.
Жауапта инфрақұрылым нысандарының сәулет-құрылыс бақылауы туралы ұсыныс бойынша да Үкіметтің негізделген ұстанымы жоқ екендігі көрініс береді. Үндеуде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген болып саналатын, бірақ шын мәнінде негізгі өлшемдерге сәйкес келмейтін құрылыстарға бірқатар нақты мысалдар келтірілген. Осыған байланысты құрылыс нысандарының сәулет-құрылыс бақылауына, халықтың әлеуметтік қорғалуына уәкілетті органды тарту туралы заңнамадағы екіұшты норманы аталған органның міндетті түрде қатысуымен бекіту көзделеді. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді осы үдеріске қатысуға құқық беру мәселесіне де басымдық берілген.
Еліміздің кейбір аймақтарында тактильді жолдардың (дене түйсігі арқылы сезіну жолдарының), зағип және нашар көретін жандар үшін дыбыстық бағдаршамдардың жоқтығы туралы ұлттық құқық қорғау мекемесінің келтірген шағымдары назардан тыс қалған. Бұл мәселелер ұзақ уақыт бойы көтеріліп келеді.
Омбудсменге жолданған жауапта мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, соқыр және саңыраулар қоғамдық бірлестіктерінің мамандандырылған кәсіпорындарына қолдау көрсету, олардың жұмыс істеу шарттары, ерекше қажеттілігі бар адамдармен жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс берушілерді осы бағыттағы шетелдік жұмыс тәжірибесімен оқыту және оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне Үкіметтің ықпалы баяндалмаған. Сол сияқты мүгедек жандар үшін банктік қарыздарды, оның ішінде тұтынушылық несиелерді ресімдеуге қатысты түйіндердің де шешімі тарқатылмаған. Ал ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жағдайына жүйелі негізде тұрақты талдау жүргізу, оның ішінде медициналық, әлеуметтік, еңбек қызметтері мен оларға заңгерлік кеңес беру үшін тегін телефон желісінің енгізілуі бойынша берілген ұсыныстар туралы тіптен сөз қозғалмаған.
Сонымен қатар, пенитенциарлық мекемелерде мүгедектерді ұстау талаптарына сәйкес жағдай толық ашылмаған. Атап айтқанда, медициналық мекемелерге мүгедектікті белгілеу бойынша көмек көрсете отырып, әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты тиісті құжаттарды ресімдеу мәселелеріне байланысты проблемалар талданбаған.
Ендеше, Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған бағдарламалық тапсырмалардың мән-мәтінінде қарастырылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Омбудсмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне мұқият және тиянақты талдау жасау мақсатында бұдан бұрын қозғалған мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қосымша қарауға бастамашылық жасау өтінішімен үндеу жариялайды.
Айта кетейік, Омбудсменнің үндеуде қозғаған проблемалары БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилардың Қазақстанға жасаған ресми сапары аясындағы кездесуде көтерілген мәселелермен ұштасады. Сондай-ақ бұл мәселелерді мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің жалпы республикалық селекторлық отырысында Омбудсмен өкілі атап өткен болатын.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»