Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2017

Қарағандыдан қоқиқаз табылды

2314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыға қоқиқаз қонаққа келіпті... Міне, қызық. Қазақстанда өте сирек кезде­сетін, Қызыл кітапқа енгізілген құс бір­де сіздің үйіңізге еніп кетсе не істер едіңіз?!

 

Қарағандыдан қоқиқаз табылды

Таяуда Қарағандыдағы Мед­сан­часть ауданының маңында жер үйдің иесі Сергей Каубре аула­сында қоқиқаздың балапа­нын тауы­п алды. Ол экзо­тикалық қонақты үйіне алып, арнайы мамандарға хабарласқан.

– Бізге қала тұрғыны хабарласып, өзінің ауласында қоқиқазды тауып алға­нын мәлімдеді, – дейді ҚР АШМ орман шаруашылығы жә­не жануарлар әлемі­нің Қарағанды облыстық аумақ­тық инс­пекциясының же­тек­шісі Абай Әлжанов. – Басында біз оған сенбедік. Сергей қа­те­лескен болар деп ойладық, себебі біз­де қоқиқазды кездестіру – өте сирек бола­тын жайт. Ол кісі тырнаны тауып алған болар деп болжам жасадық. Алайда, онда ба­рғанымызда ол жас қоқиқаз болып шықты. Біздің мамандар құсты кеңсемізге алып келді.

Мамандардың айтуын­ша, балапан қамауда өскен қоқи­қазға ұқсамайды, себе­бі мұндай құсты оның тамақтану ерек­ше­лігіне байланысты асырау өте қиын. Қо­қиқаздар тек тұщы су қоймаларында ғана өмір сүреді, және де денесінде каротині бар кішкентай шаяндармен та­мақ­танады, соның арқасында құстардың қауыр­сындары қызғылт түске боялады екен.

– Балапан қанатын енді жайып, ұша бас­таған соң осында ұшып келген болар, – деп болжамдайды Абай Әлжанов. – Ол адамдардан мүлдем қорықпайды. Ал оның адамдардың үйіне келуі, әбден шаршап-шал­дық­қанын, көмекке мұқтаж бол­ғанын көрсетеді. Сонымен қатар, балапанның жау­­рап қал­ғаны байқалады. Біз оның бойын жылыту үшін бөлмеге жылыт­қыш қойдық. Содан соң ол әжептәуір ширап қалыпты.

Қазіргі таңда қоқиқаз Ақмола об­лы­сында орналасқан Қорғалжын мем­ле­кеттік табиғи қорығына жет­кізіл­ген. Осы сұлу құстар дәл сол жерде, Теңіз көлінің аралында өмір сүреді.

Табиғатты қорғаушылар қараған­дылықтарға саналылықтары мен таби­ғатқа бейжай қарамайтындығы үшін алғыс білдірді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы