Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2017

Оралда Түркістан музейінің көрмесі өтуде

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Тарихы терең Түркістан» - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған көрме осылай аталады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан көрменің мақсаты – киелі Түркістан мен ұлылар мекені Жайық арасында рухани, мәдени және музейаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытуды көздейді.

Оралда Түркістан музейінің көрмесі өтуде

Оралға Түркістандағы қорық-музей қорынан 252 жәдігер әкелінген. Олардың ішінде көне қала орнынан табылған қыш ыдыстар, Қожа Ахмет Ясауи ізбасарларының кітаптары, қазақ хандарының мөрлі жүзіктері, қазақ хандарының хаттары, шырағдандар, көне тиындар және Қабанбай батыр қанжары секілді аса құнды бұйымдар бар.

Рухани керуенді бастап келген ғылыми қызметкер Б.Байболов Ақ Жайық өңірі мен киелі шаһардың арасында әріптестік ежелден жалғасып келе жатқанын айтып, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевқа «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Н.Ахметжановтың Алғыс хаты мен музей шығарған баспа өнімдерін табыс етті.

- Түркістан әрбір қазақ баласының алтын бесігі, ұлт тарихының бастау алған қайнар бұлағы ғой. Киелі қаладан келген әр жәдігер оралдықтарға аса қымбат, - дейді Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Сара Танабаева.

Осы кездесу барысында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында меморандумға қол қойылды.

Көрме 15 қазанға дейін жалғаспақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»