Десекте,жобаға қатысуға ниетті жастардың саны жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты жобаға бөлінетін грант санын кемінде 5 мыңға көбейту көзделіп отыр. Бүгін бұл туралы облыс әкімі Ж. Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлім етті.
Елімізде жастардың сапалы білім алуына мол мүмкіндік беріп отырған «Серпін-2050» жобасы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Аталған жобаның мақсаты - жастарды халқы аз қоныстанған және еңбек күшін қажет ететін солтүстік аймақтардағы жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына орналастыру және жұмыспен қамту. Жалпы жобаға 14 облыс қатысса, оның ішінде 9-ы қабылдаушы, ал, 5-уі жіберуші өңір.
«Жобаға еліміздегі 133 жоғары оқу орындарының арасынан 25 жоғары оқу орындарында педагогикалық 15 мамандық, техникалық 14, ауылшаруашылығы 9, ветеринария 2 мамандық бойынша талапкерлер қабылдауда. Мамандықтардың жалпы саны 40-қа жуықтайды. Жобаға қатысушы әрбір талапкерлерге барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып, студенттер үшін барлық материалдық-техникалық базамен толықтай жабдықталған», - деді Балмаржан Полатқызы.
Аталған жоба аясында облысымыздағы «Жастар ресурстық орталықтары» ауылдық жерлердегі 800-ге жуық жалпы білім беретін мектептердегі бітіруші түлектермен кездесулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде педагогикалық мамандықтар бойынша 12 жоғары оқу орынына, техникалық, ауылшаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша 22 жоғары оқу орындарына 8 мыңға жуық талапкерлерден құжаттар қабылданып, ұлттық тестілеу орталығына жолданған.
«Еліміздегі «Серпін-2050» жобасы тегін білім алуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаның саяси маңыздылығын аудан, қала басшылары жақсы түсініп, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруы қажет. «Серпін -2050» жобасы мен халықты солтүстікке өз еркімен көшіру бағдарламасын біріктіру мәселесін ойластырған жөн. Ол үшін мониторинг жұмыстарын жандандырып, нақты ұсыныстар әзірленсін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиынды қорытындылыған өңір басшысы оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған отбасылардың балаларын да «Серпін» жобасымен білім алуына ықпал етіп, жұмыспен қамту мәселесін назарға алуды тапсырды.