Үкімет • 19 Қыркүйек, 2017

Мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысы барысында биыл 8 айдағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биыл 8 айдағы бюджеттің атқарылуы экономика өсімі жағдайында қамтамасыз етілгенін баяндады. Экономика салаларын дамытудың оң нәтижелері мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына айтарлықтай әсер етті.

Ағымдағы жоспарды орындау бойынша, сондай-ақ өткен жылдың ұқсас кезеңіне өсу қарқыны бойынша да оң тренд байқалуда. Мысалға, мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) өткен жылмен салыстырғанда 366,9 млрд теңгеге немесе 108,9% ұлғайды. Оның 172,2 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 195,2 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерге тиесілі.

Бұл фактор қаржы секторын қолдаудың қосымша көздерін пайдалану және жалпы сипаттағы трансферттерді қайта қараумен бірге мемлекеттік бюджет шығындары өсімінің өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 трлн теңгеге немесе 47,6% өсуіне алып келді.

Жалпы биыл 8 айда мемлекеттік бюджетке (трансферттерді есептемегенде) 4 512,3 млрд теңге көлемде кірістер келіп түскен. Асыра орындау 194,5 млрд теңгені немесе есептік кезеңдегі жоспардың 104,5% құрады.

Республикалық бюджет бойынша ағымдағы жоспар 102,2% орындалды. 3 083,4 млрд теңге (3 016 млрд теңге жоспар кезінде) жиналды, асыра орындау 67,4 млрд теңгені құрады. Жалпы барлық түсімдер бойынша өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалып отыр.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 1 429,7 млрд теңгені құрады. Бұл есептік кезеңдегі жоспардың 109,8% (асырау орындау сомасы 127,8 млрд теңге).

Мемлекеттік бюджет шығындары 9 021,7 млрд теңгені немесе есептік кезеңдегі жоспардың 97,7 % құрады. Биыл 8 айда республикалық бюджет шығындары 7 982,6 млрд теңгеге немес есептік кезеңдегі жоспардың 98,6% игерілді. Жергілікті бюджеттердің шығындары 3 023 млрд теңге сомасында немесе есептік кезеңдегі жоспардың 96,7% атқарылды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 айда 272,7 млрд теңгеге немесе есептік кезеңдегі жоспардың 99,9% игерілгені жеке атап өтілді. Қаражат көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, ТКШ жаңғыртуға, су және жылумен қамту және су бұру желілеріне, білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.