18-21 қыркүйек аралығында Қазақстан мен Армения Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жыл толуына орай Ереван қаласындағы «Мәскеу» кинотеатрында Қазақ киносы апталығы өтіп жатыр. Мәдени іс-шара кезінде әр жылдары жарыққа шыққан үздік қазақ фильмдері көрсетіледі. Іс шараға Арменияның зиялы қауымы, Армения кинематографистер одағының мүшелері, мәдениет министрлігі, іскерлік, мемлекеттік ұйымдар мен ведомстволар, сонымен қатар дипломатиялық корпустың өкілдері қатысады.
«Аталған жобаның негізгі мақсаты кинематография саласындағы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ армян көрермендерін Қазақстанның қазіргі киносымен таныстыру», деп нақтылды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.
Мәдени іс-шара барысында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған басқа да фильмдер көрсетіледі. Режиссер Рүстем Әбдіраштың «Сталинге сыйлық» (19 қыркүйек) және «Балалық шағымның аспаны» (20 қыркүйек) фильмдері, режиссерлер үлкен Сергей Бодров, Талғат Теменов және Иван Пассердің «Көшпенділер» (21 қыркүйек). Қазақ киносы апталығы 22 қыркүйек күні Эльдор Уразбаевтың «Транссібір экспресі» фильмімен аяқталады.
Ая Өміртай
«Егемен Қазақстан»