Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Әбдіқалықова Жапония Парламентінің депутатымен кездесті

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Парламентарийлердің халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі Азия форумы төрағасы, Жапония Парламенті кеңесшілері палатасының депутаты Кейдзо Такэмимен кездесті. 

Әбдіқалықова Жапония Парламентінің депутатымен кездесті

Мемлекеттік хатшы биыл Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті. Г.Әбдіқалықова өзара қарым-қатынасының стратегиялық сипатына тоқталды. Оның пікірінше, екі ел басшыларының тұрақты кездесулері дипломатиялық байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді.

Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова парламентаралық байланыстың дамуына К.Такэмидің қосқан үлесін атап өтті. Ол денсаулық сақтаудың стратегиясын әзірлеу, парламентарийлер арасындағы диалогтың өрбуі және әйелдердің құқығын қорғау мәселелерінде Қоныстану және даму жөніндегі форумды тәжірибе алмасатын маңызды алаң деп сипаттады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында белгіленген әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайту саласында еліміздің дәйекті саясат жүргізіп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлердің 50 пайызы нәзік жандылардан құралған. Басқарушы қызметтегілердің 40 пайызы әйелдер қауымынан екенін де сөз етті мемлекеттік хатшы.

«Әлеуметтік және экономикалық жетістіктер мен дамудың жаңа деңгейіне салалы көшуінің арқасында Қазақстан бүгінде көмекке аса мұқтаж елдердің, оның ішінде Ауғанстан мен Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттерінің дамуына жәрдемдесу және көмекті ұлғайту мүмкіндіктерін қайта қарастырып жатыр. Осыған орай, БҰҰ даму бағыты және Жапония Сыртқы істер министрлігі бірлесіп, «Дамуға ресми көмек көрсету саласындағы Ауғанстанмен ынтымақтастық бойынша Қазақстанға жәрдемдесу» атты жобалық құжат әзірледі», – деді Мемлекеттік хатшы.

Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғанын тілге тиек етіп, екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуда мұның қосымша мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.

Өз кезегінде К.Такэми Қазақстанның әлемге дамудың заманауи үлгісін көрсететінін жеткізді.

«Қазақстанға келгендегі басты мақсатым – форум жұмысын таныстыру болатын. Сапар барысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен және Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездестім. Біздің форумның басты үш бағыты бар: қоғамдағы әйелдер рөлін арттыру, жастарға инвестиция салу және қоғамның өмір сүру мерзімін ұлғайту», – деген К.Такэми Қазақстанның форумға көңіл бөлетінінен үмітті екенін хабарлады.

Айта кету керек, Жиынға Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева да қатысты. Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова К.Такэмидің Қазақстандағы сапарына табыс тілеп, Қазақстан мен Жапония байланысының бұдан әрі беки түсетініне сенім білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»