Үкімет • 19 Қыркүйек, 2017

Үкімет «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын мақұлдады

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің әзірленген жобасының негізгі тұжырымдамалық бағыттарын қарады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Үкімет «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын мақұлдады

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын қабылдау бойынша міндетті Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алға қойғанын баяндады. Кодекс жобасы сондай-ақ CRIRSCO пайдалы қазбалар қоры бойынша стандарттардың халықаралық жүйесін енгізуді және барлық пайдалы қазбалар үшін келісім жасаудың жеңілдетілген әдісін енгізуді қарастыратын Ұлт жоспарының 74-ші және 75-ші қадамдарын орындау үшін әзірленіп жатыр.

Қазір КСРО уақытында барланған кен орындарының басым бөлігі өңделіп жатқаны атап өтілді. Өндіру қарқындары соңғы жылдары минералды-шикізаттық базаны толтыру қарқынынан озып келеді. Оған қоса, Қазақстанда жаңа кен орындарын ашуды ұстап тұратын геологиялық барлауға инвестициялардың жеткіліксіз көлемі байқалуда.  

Осыған байланысты, кодекс жобасының негізгі мақсаттары елдің тұрақты экономикалық дамуы үшін минералдық-шикізаттық базаны толтыруды қалыптастыру, жаңа жобаларды құру, қосымша жұмыс орындарының пайда болуы болып табылады.

Компанияларға жағымды жағдай жасау үшін кодекс жобасында геологиялық ақпараттың қолжетімділігі, жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асырудың лицензиялық режиміне көшу және бірінші өтінім қағидасы (жер қойнауын пайдалануға құқықты бірнеше күнде алу және жер қойнауына жылдам қолжетімділікті қамтамасыз ету), мемлекет тарапынан мүлтіксіз бақылаудан жылдам барлауды ынталандыратын экономикалық тетіктерге көшумен реттеуді жеңілдету қарастырылған.    

Сонымен қатар, Кодекс жобасы экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша талаптарды күшейтуді, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың заманауи практикасын енгізуді қарастырады. Құнды металдардың шағын шашыранды кен орындарын игеру үшін Кодекс жобасында старательдік институты енгізілуде. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын, өнімдерді құруға, салық түсімдерін арттыруға, жеке өңірлерді дамытуға септігін тигізеді.  

Сондай-ақ, кодекс жобасында ҚР-ның ДСҰ-на кіру жағдайына сәйкес келтірілген жергілікті қамту бойынша талаптар сақталуда.

Жалпы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс халықаралық практикада қабылданған қағидалар мен тәсілдерді енгізуге, мемлекеттік реттеудің ашық және түсінікті әдістерін қамтамасыз етуге, мемлекеттік аппаратты инвестицияларды қолдауға қайта бағдарлауға бағытталған ілгерінді заңнамалық акт болуы тиіс.

Жаңа тәсілдерді іске асыру жер қойнауын пайдалану саласына жаңа инвесторлар ағымын тартуға септігін тигізеді, бұл келешекте қосымша жұмыс орындарын құруға, жеке өңірлерді дамытуға, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және елдің  бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға көмектеседі.