Үкімет • 19 Қыркүйек, 2017

Қазақстанда ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңа технологияларын енгізу бойынша жол картасы әзірленеді

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен энергетиканың бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.


Қазақстанда ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңа технологияларын енгізу бойынша жол картасы әзірленеді

Ерлан Сағадиев ҚР БҒМ жанынан ЭКСПО-2017 көрмесінің қорытындысы бойынша жаңа «жасыл» технологияларды енгізу бойынша жұмыс тобы құрылғанын баяндады.

Сараптау жұмыс тобы халықаралық павильондардағы жаңа технологияларға мониторинг жүргізді. Барлық технологиялар мұнай және газ, көмір өнеркәсібі, атом өнеркәсібі, электр энергетикасы, энергияны үнемдеу, қалдықтарды басқару, жаңғыртылатын энергетика, ауа сапасын бақылау және т.б. сияқты бағыттар бойынша іріктелді.   

Қазірдің өзінде қазақстандық және шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнату туралы тоғыз меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Корея, Латвия, Венгрия, Франция, Польша, ҚХР, Ұлыбритания, Испания және басқа елдердің жоғары оқу орындары өзара ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.

Өз кезегінде, энергетиканың бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, энергетика министрлігі сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды Қазақстанда қолдану мүмкіндігі туралы ұсыныстарды әзірлеу бойынша сараптау жұмыс тобын құрды.

«12 қыркүйекте компаниялар мен ұйымдардың өкілдерімен кеңес өтті, онда іріктелген технологияларды енгізу тетіктері талқыланды. Таңдалған технологияларды енгізу үдерісі ұзақ және ҚР ЭМ әзірлеген жол картасына сәйкес орындалады», — деп баяндады М. Досмұхамбетов.

Бақытжан Сағынтаев өзінің орынбасары Ерболат Досаевқа аталған мәселе бойынша ҚР БҒМ мен ҚР ЭМ пысықтауларын қорытындылауды және жаңа технологияларды енгізу бойынша бірыңғай Жол картасын жасау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.